• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 26 Шілде, 2022

Қарлагтағы қаламұш: Фризен

292 рет
көрсетілді

Ол жақсы ұстаз болды. Тұтас бір толқын тәрбиеледі. Фризеннің шеберханасынан шыққан суретшілердің әрқайсысы бөлек әлем – түрлі стиль. Жалпы, шығармашыл жандардың көбісінде ұстаздық қасиет бола бермейді. Өзгенің талантын байқау, шыңдау, дәл өзің сияқты тәрбиелеуге тырыс­пау, өзіңе ұқсатпау, өз бояуымен таныту, өзінің қаламына ер­кіндік беру, тынысын ашу – нағыз ұстаздың ісі. Содан болар Қарағанды жұрты Фризенді, ең алдымен ұстаз деп таниды.

Қазақ жеріне Қарлаг арқылы келген суретші 1888 жылы Харьковте мәдениетті, оқыған неміс отбасында өмірге келген. Бала Павелдің тәрбиесіне негізінен әкесі көп ықпал етіпті. Айта кетейік, әкесі Павел Фризеннің өзі де тегін адам емес: ол 1911 жылы Ресейдегі менониттер тарихы туралы ауқымды монография жазған. Фризен бала күнінен музыкаға әуес болды. Скрипкада жақсы ойнайды.

Фризеннің айтарлықтай бір ар­тық­шылығы, байлығы, атағы, мара­па­ты болған жоқ. Тоқсанжылдық ғұ­мы­рының тең жартысын оқытумен, үйретумен өткізді. Лагерьде өткен он жылы тағы бар. Ол тек өнерімен өмір сүрді. Жастық шағы Харьков суретшілер училищесінде тынымсыз еңбекпен, үйренумен, ізденумен өтті. Одан соң Мәскеу кескіндеме және сурет училищесіне оқуға түседі. Суретші мұнда ақын Маяковскиймен бірге оқыған. Алайда Фризен бұл оқуын аяқтаған жоқ: Бірінші дүниежүзілік соғыстың Кавказ майданына аттанды. Өз еркімен.

20-жылдары Юона шеберханасы – Фризеннің шығармашылық ыстық ұясына айналды. Ол, әсіресе кітап графикасына көп қызықты, жұмыстары да сәтті шықты. Тіпті кей еңбектері француз журналдарында жарияланды. Бұл бір жұлдызды шақ еді. Алайда Фризен үйінің жалғыз асыраушысы болған соң бұл «ермегі» ұзаққа созылмады. Ол тұрмыстың қамымен оқытушылыққа кетті: алдымен Краснодарда, кейін Мелитопольдағы педагогикалық ин­сти­тутта суреттен сабақ берді. Ұс­таз­дық ете жүріп, суретші өз шығар­ма­шы­лығын да ұмытқан жоқ. Көп сурет салды, бояумен жазды, монументалды өнерді де байқап көрді.

Автопортрет

 

1935 жыл Павел Петровичтің өмірінде найзағайдай ойнап, күрт өзгертті. Жалған жаламен 11 жылға сотталып, Қарлагқа жіберіледі. Лагерьде де Қарабас, СХОС сынды бөлімшелерінде суретші болып жұмыс істейді. Фризеннің 1946 жылғы әйгілі автопортреті лагерьден босатылар кезде салынған. Сол портретте өмірдің түрлі әділетсіздіктерімен күрескен нә­зік жанның мұң-наласы көріне­тін­дей. Қартайған, қажыған, аңсаған, шаршаған, сағынған бейне. Жанары тыныш жатқан теңіздей тұңғиыққа тартады. Біртүрлі суық. Көзқарасы да өткен өмірінің әр сәтін айтып тұр­ғандай тағдырлы.

Отбасымен қауышқан Фризен босаған соң Қарағандыда қалады. Бұл – соғыстан кейінгі 1946 жыл. Алғашқыда Литвинский ауылында безендіру жұмыстарымен айналысса, кейін қалаға көшкен соң Кеншілер мәдениет сарайында бейнелеу өнері студиясында сабақ береді. 1966 жылға дейін бұл ұжымды Фризен басқарды.

Ол оқушыларына әр жаннан тек жақсылық көре білуді үйретті. Тегінде, адам баласы жаман болып тумайды, тек ортасы оңбауы мүмкін дейді. Ал өзі үлкен-кіші – түрлі жастағы 12-ден 60-қа дейінгі оқушыларға жақсы адамның үлгісін емес, өзін көрсетуге тырыс­ты. Оның бойындағы білім, талант, интеллигенттілік, қарапайымдылық кімді де болсын қайран қалдырады. Сондай жылы мінезінен болар, Фри­зен­нің шеберханасы оқушыдан босамайтын. Балалармен де үлкен адамша еркін сөйлеседі. Кейде, тіпті оларға кейіпкер болып өзі тұра қалатын. Осылайша, Фризен Қарағанды өлкесін сурет салуға үйретті. Одан сабақ алғандар тұтас бір толқын болып қалыптасты. Мәселен, оның белгілі шәкірттері ретінде А.Сыров, Л.Смаглюк, Ю.Вольф, С.Конуров, А.Никоненко аталады.

Фризен табиғатты, даланы көп салды. Біз барған Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде суретшінің этюд, эскиздерінен бөлек пейзаждары да ілініп тұр. Әсіресе көпірмен салынған пейзаждағы мың сан бояу сұмдық әсер етеді. Дәл осы картинасында ең көп түс қолданған ба дейсің. Әр тұстағы бояулар толқыны өзінше толқиды. Иә, бұл шеберлік. Бұл – талант. Ал таланттың теңі шексіздік.

Айта кетейік, бұл картиналарды музей қорына 1988 жылы суретшінің әйелі келіп өткізген. Оның құжаты да сақталған.

Жалпы, суретші шығармашылығы, негізінен этюдтардан, портрет, пейзаж, натюрморт, анималистік жанрдағы суреттерден, 60-жылдардың кескіндеме өнерінің реалистік бағыттағы жұ­мыс­та­рынан тұрады.

Скрипкада ойналған кез келген әуен мұңды естіледі. Скрипкадан шыққан музыка тек сағынышты сыр айтатындай. Фризен де скрипканы жақсы көрді. Қолына алған са­йын суретші ішкі күйін жырлады. Өз әуенін ойнады. Дәл бір өмірде кешкен қуаныш пен өкініш, әділет пен өтірік, жала мен нала, зар мен сор, аязды күндер, жып-жылы сәттер скрипканың үніндей сызылып қана өте шығатынын білгендей.