• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Шілде, 2022

«Алаш» мектебі: Аңыз бен ақиқат

4793 рет
көрсетілді

Қазақстан тарихындағы ақтаңдақтардың бірі – Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тұт­қын­дар мен Түркістан легионында қызмет еткен­дер тағдыры. Әрине, олар жайында мәлімет өте аз. Түркістан легионы туралы 1968 жылы С.Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітабы шығып, кейін 1972 жылы орыс тілінде жа­рық көрді. Тәуелсіздік жылдары Түркістан легио­ны жөнінде Амантай Кәкеннің «Түркістан легионы», филология ғылымдарының кандидаты, доцент Бақыт Садықованың «История Туркестанского легиона в документах» атты еңбегі жазылғанын атап өтуге болады. «Тамұқтан өткен тағдыр» атты деректі әңгіме кітабындағы басты кейіпкерлер Екінші дүниежүзілік соғыстың ақтаңдақ бетінен өз орнын ойып алатын қайраткерлер екенін тарихтың өзі дәлелдеп берді.

– Бұл – жабық жатқан тақырып. Сірә, жуырда ашыла қоймас. Қызығып жүрген ешкім жоқ. Бәрін көтеруге жалғыз менің әлім жетпейді, – деген екен сонау тоқ­саншы жылдардың басында марқұм Хасен Оралтай.

Түркістан легионында болған аты­рау­лық Ғайпен Бейісов ақсақалға 2003 жылдың 10 желтоқсан күні Германиядан жазған хатында Х.Оралтай «Кітабыңызда тағы бір қомақты кітап жазылуын қажет ететін көп тарихи дерек берілген. Тіпті бір емес екі кітапқа сыя қоймайтын де­рек­­тер баршылық. Батыста біз Ағаев атын ғана білетін «Алаш қосындары» та­қырыбы және Берлиндегі комитет төңірегі... Неміс пен орыс мұрағаттары да кәдеге жаратыла зерттелсе, жалпы алғанда Түркістан, жекелегенде қазақ тари­хының бір ақтаңдағы әйгіленер еді», деп жазған.

Қай заманда, қай елде болсын опа­сыз­дықтың аты – опасыздық, сатқын­дық болып қала береді. Дегенмен соғыс туралы ащы шындықты айтсақ, қоршауда қалып немесе жаралы күйінде тұтқынға түсіп, азап шеккендерді елемей кеткен жөн емес. Соғыстың алғашқы кезеңінде кеңес жауынгерлері мыңдап қырылып, тірі қалғандары қоршауды бұзып өтіп, партизандарға қосылды. Оған қолы жетпегендер концлагерьлерде азап шекті. Жалпы, соғыстан кейінгі 1946-1950 жыл­­дардағы Түркістан легионына қа­тыс­­ты тергеу құжаттарында «Алаш» мек­­тебі, «Алаш отряды» деген сөздер жиі кездеседі.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германия астанасы – Берлиннен 50 ша­қы­рым қашықтықта орналасқан Люк­кен­вальде атты шағын қалада «Алаш» деген қазақ мектебі жұмыс істегенін бүгінгі ұрпақ білмеуі мүмкін. Соғыс уақытында бұл мектеп туралы мәлімет өте құпия болғаны белгілі. Мектеп Люккенвальде қаласының терістік бет шетінде ағаш барақтарда орналасқан. Оны 1943 жылы салған. Бұл мектептің негізігі міндеті – Батыс Қазақстанның Атырау өлкесіндегі мұнай өндіріп жатқан, шығайын деп іске қосылып, пайдалануға берілгелі тұрған кен орындарын істен шығару. Қопарып, жарып, өртеп, өнім беруге кесел келтіру. Сұрапыл соғыс жылдарында мұнай Кеңес Одағы үшін стратегиялық маңызы аса зор өнім болатын. Сонымен бірге Маңғыстау түбегіндегі жергілікті қалың адай тайпасын көтеріліске дайындап, Кеңес өкіметінің күшін әлсіретуге халықты үгіттеуді көздеген.

«Алаш» мектебіндегі ОКВ 4-РСХА-ға (Оберкоманда Вермахтың барлау тобының 4-бөлімі) жетекшілік етуші – фон Ганний Грайф. Оның көмекшісі – неміс армиясының обер-лейтенанты Әлихан Ағаев. Ол Қызыл әскердің атты әскер взвод командирі, 1941 жылы қараша айында Мәскеу түбіндегі шайқаста немістер тұтқынына түскен. Түркістан легионында қызмет еткен Ә.Ағаев ОКВ-ның сеніміне кірген соң 1944 жылы әдейі «Алаш» деген атты сұрап алған. Оның Германиядағы жал­ған аты-жөні – Әлихан Ағаев. 1943 жылы Италия жеріне барғанда, 1944 жылы Гурьев (Атырау) аумағына түскенде Иранов болып аталған. Өзінің ата-ана­сы­ның азан шақырып қойған аты-жөні – Әмірхан Тілеумағамбетов. Атырау облысының Қызылқоға өңірінде туып-өскен. Жоғары білімі бар. 1930-жылдары Гурьев облысының Жылыой ауданында жер қатынастары бөлімінде агроном болып қызмет атқарған. Әскерге шақырылғанға дейін Алматы қаласында жұмыс істеген.

Вермахтың Жоғарғы бас қолбас­шылығының Түркістан насихат бөлі­мінің әскери фототілшісі болған Ғайпен Бейісов Ә.Ағаевпен кездесіп, дәмдес болған. «Әлихан Ағаев орта бойлыдан биіктеу, артық біткен еті жоқ, қанжардай қатқан кеуделі, әскери адам. Әскери форма жарасады екен. Кісіге қарағанда дөңгелек үлкен көзі өңменіңнен өтеді. Тінте қарайды екен. Жалпы, қазақтың көпшілігі қара көз, қой көз, ептеп көк көздісі де кездеседі ғой. Бұл кісінің көзі қызғылт па деп қалдым. Артық ет бітпегендікі ме, бет әлпеті соқпақша, ақ сұр көрінді. Қыр мұрын. Тек аузы үлкендеу секілді. Күлгенде екі бетінің шұқыры көрініп қалып отыр­ды. Басқа көзге көрініп тұрған бел­гісі байқалмады. Шылым тартатынын біл­медім. Менімен бірге отырғанда шы­лым шеккенін көрген емеспін. Өзі аз сөйлеп, көп тыңдағанды ұнататын болса керек», деп сипаттайды Ғ.Бейісов.

«Алаш» отрядында Ағаевпен үзеңгі­лес болғандар қатарында Новобогат (қазіргі Исатай) ауданына қарас­ты Манаш ауылының тұрғыны Жәрдем Бек­ма­ғамбетов те бар. Ол «Ағаев сұм­дық қатыгез адам-тұғын. Тәртіп бұзған­дарға мейірімсіз, рақымшылықпен қарамайтын. Менің білетінім, құралайды көздемей атып, тигізетін мерген еді» дейді. Ал оның орынбасары болған Бақи Бисемалиев (Бом Бақи) «Асылы, ағамыз жаман адам емес. Тек тәртіпті өте қатаң ұстайды. Кейде онысы дұрыс, кейде бұрыс болып жатады» деп айтқан.

Люккенвальде «Алаш» мектебінде диверсиялық топтарға бірінші такти­калық сабақтар (карта, компас пайдалана білу) – 22 сағат, екінші сапқа жүру дайындығы – 33 сағат, үшінші жарылғыштарды пайдалану ісі – 11 сағат, төртінші қазақ тілі қарпін оқу ісі 22 сағат оқытылған. Барлық сабақты неміс әскерилері жүргізген. 1946 жыл­дың ақпанында тұтқындалған, диверсиялық топта оқыған Жәрдем Бай­мағамбетов тергеушіге берген жауа­бында «Тактикалық және сапқа жүру дайындығы сабақтарынан неміс ар­мия­сының 30 жас шамасындағы, орыс тілін нашар білетін фельдфебель, жарылғыштарды пайдалану ісі бойынша орыс тілінде нашар сөйлейтін 40 жастағы унтерофицер, қазақ тілі қарпін оқу ісінен 45 жастағы, орыс тілін еркін меңгерген оберефрейтор сабақ берді» депті.

Тамұқтан өткен тағдыр иесі Ғайпен Бейісовтің жазуынша, «Алаш» мекте­бінде небәрі 60 жігіт оқыған. Оларға немістің 13 нұсқаушысы сабақ берген. «Алаш» мектебі ірілі-ұсақты алты барақтан тұрған. Ортасында спорт ала­ңы бар.

1943 жылдың желтоқсанында Түр­кістан легионына келген Әлихан Ағаев 20 қазақты іріктеп алып, әрқайсы­сымен жеке сөйлескен. Олардың арасынан 13 адамды диверсиялық мектепке таңдаған. Соның ішінде Ж.Бекмағамбетов те болған. Мектепті бітірген соң «Алаш» отрядын екі қатар сапқа тұрғызып, неміс әскері тарапынан доктор фон Ганий Грайф пен обер-лейтенант Ә.Ағаев сөз сөйлеген екен. Бірінші болып Грайф немісше, содан соң Ә.Ағаев қазақша сөйлеп, екеуінің де ойы бір арнаға тоғысқан. Яғни Германияға адал қызмет етуді, Түркістанды большевиктерден азат ету жолында аянбай, бар күш-жігерін сарп етуге жұмсау керегін айт­қан.

Мектепті бітіруші легионерлерге «Алаш» деген жазуы бар белгілер тап­сы­рылған. 1946 жылдың 2 сәуір күні тергеушінің «Сіз қызмет еткен әскери бөлім қалай аталды? «Алаш» отрядының қандай әскери айырым белгілері болды?» деген сұрағына берген жауабында Ж.Бекмағамбетов «Алаш» отрядында болған әрбір жауынгерге 4 сантиме­тр­дей көк түсті материалдан жасалған 5 жұлдызды айы бар ерекшелік белгісі берілді. Сонымен бірге ерекше көк түсті, екі жағы да дөңгелек погон қоса тапсырылды. Отрядтың барлық тобына сары түсті материалдан жасалған диаметрі 80х40 болатын, ірі әріптермен «Алаш» деп жазылған ту берілді» деп жауап берген.

Сары түсті тудың ортасында жасыл жіппен көмкерілген ромб белгісі, оның ішінде ақ жіппен жұлдызды жарты ай, садақ пен жебе және араб ғарпімен «Алаш» сөзі жазылған. Ж.Бекмағамбетов Әлихан Ағаев туралы «Ағаев отряды екі бөлімнен тұрды. Біріншісі жұмыс істемейтін, тек оқитын, өздері бөлек әскери жұмыстармен айналысады. Мен осының екінші тобында болдым. Мені Ағаев Италия жерінде тұрғанда апарды. Бірінші топтың не істейтінін білмей кеттім. Біз соғыс біткенде одақтастардың қолына түстік. Бізді елге қайтарды. Мен Ағаевтардың Құлсары маңына түскенін елге келіп естідім. Сол жақта олардың қайда кеткенін бізге білдірген жоқ» деп еске алады.

Германияда жасақталған «Алаш» отряды Италияға да жіберіледі. 1944 жылы Италияның солтүстік-шығысын­дағы Тольмеццо қаласында көпірлер мен әскери қоймаларды күзетті. Отряд Италия партизандарына қарсы опера­цияларға да қатысты. 1944 жылдың мамыр айының басында Бухарест арқылы Атырау жеріне Ә.Иранов-Ағаев тобы екіге бөлініп, екі рет ұшақпен келіп түседі. Сол 12 адамның тізімін мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің полковнигі С.Шәкібаев кезіндегі Гурьев (Атырау) облыстық газетіне жариялаған. Олар – Әлихан Ағаев, Бом Бақи (Бисеналиев) – Ағаевтың орынбасары. Оның туған жері – Астрахан облысы, Құмөзек ауданы. Әке-шешесінің жалғыз баласы. Қызыл Армияның бұрынғы офицері болған. 1917 жылы туған. Орыс, татар, қалмақ тілдерін сауатты меңгерген. Сондай-ақ тізімде Әбдіқадыр Әлижанов, Оспанов, Қалжан Төлегенов, Кеңесбай Керімбердиев, Матай Омаров, Сәтмағамбет Оразов, Мұхатаев, Жарас Бастаубаев, Садық Қалиев, Созақбай Құттыбаев бар. Мұхатаев – радист, Батыс Қазақстан облысы, Ілбішін ауы­лының тумасы. Созақбай Құттыбаев Маңғыстау ауданы, Жиделі ауылынан. Қазан университетінің математика факультетінде оқыған. Таушық елді мекенінде мектеп директоры болған. Бұлардың бәрі – «Алаш» қосынының сарбаздары.

1946-1950 жылдары Түркістан легио­нындағылар ісі бойынша тергеу нәти­жесінде «Алаш» отряды құрамында бол­ғандардың тізімі жарияланған. Олар: Иса Копашев – Оңтүстік Қазақстан облысы, Қаратас ауданынан. 1915 жыл­ғы, унтерофицер. Прман Тайшиев Оңтүстік Қазақстан облысы, Қаратас ауданынан. Елубай Жүзгинбаев – Оңтүстік Қазақстан облысы, Георгиевск ауданынан, 30-32 жаста. Хасан Қайрақпаев – Шығыс Қазақстан облысы, солдат, 34-35 жаста. Хаджибек Құлбеков – Оңтүстік Қазақстан облысы, Қаратас ауданы. 28 жаста. Пулат Исхаков – Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы. 40 жаста, солдат. Мұқашев – Жамбыл облысы, Арыс ауда­ны. 26-27 жаста. Тұрсын Базарқұлов – Оңтүстік Қазақстан облысы, Бостандық ауданынан. Сандықбаев – 34-35 жаста. Дәуренбеков – Қызылорда облысынан, 27 жаста. Куспаев (Худайбергенов) – Қызылорда облысынан. 22-27 жаста. Гиният Танканов (Амангельдин) – Астрахан. 25-27 жаста. Сарин – Гурьев облысы. 30 жаста, солдат. Әлімжанов – (Майлыбаев) Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданы. 26-28 жаста. Шертаев – Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауда­ны. 28 жаста. Якупов – Алматы облы­сы­нан, 30 жаста. Аухадиев – Павлодар облысы. 35-36 жаста. Саугелды (лақап есімі) Нарынов – Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданының тұрғыны. Жаинақпаев – бөлімше командирі. Әшірбай Мамедов (Метеев). Тұяқбаев (лақап тегі) – Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданы. 24-26 жаста.

Атыраулық Жәрдем Баймағам­бетовтің тергеушіге берген жауабында «Алаш» отрядында мыналардың болғанын көрсетеді: Бадуан Ақшалов 1919 жылы туған, Қарағанды облысынан. Мамандығы мұғалім. Қызыл Армияның сержанты. 1943 жылы тұтқынға түскен. Құрман Елеуов 1917 жылы туған, Астрахан облысы, Володар ауданының тұрғыны. Сауатты. Неміс армиясының ефрейторы. «Алаш» әскери-диверсиялық мектебін бітірген. Радист. Исмағұлов Хайролла 1923 жылы туған Гурьев облысы, Доссор кентінен. Сауатты, орыс тілінде таза сөйлейді. Қылыш Қаражанов 1924 жылы туған, Семей облысынан. Шала сауатты. 1943 жылы тұтқынға түскен. Қуан Күйребаев 1917 жылы туған, Семей облысынан. Сауатты. Неміс армиясының ефрейторы. «Алаш» әскери-диверсиялық мектебін бітірген соң оберефрейтор атағын алған. Сағат Қожахметов 40 жаста. Семей облысынан. Сауатты. Соғысқа дейін кеңшарда директор қызметінде болған. Неміс армиясының ефрейторы. Әлеке Жолдасов Оңтүстік Қазақстан облысынан. Соғысқа дейін бухгалтер болып қызмет атқарған. Орысша сауатты. Қызыл Армияда сержант шенінде қызмет атқарған. Болат (тегі есімде жоқ) 20 жаста. Сауатсыз. Орыс тілін дұрыс білмейді. Садық Қозыбақов 1920/21 жылы туған, Батыс Қазақстан облысынан. Сауатты. Неміс армиясының ефрейторы. Мансұров 30 жаста. Сауатты. «Алаш» әскери-диверсиялық мектебін бітірген. Радист. Орысша сауатты. Ефрейтор. Сарсенбаев 1923 жылы туған. Сауатты. Мәжит Медетов 30-35 жаста. Гурьев облысы, Новобогат ауданы Орпа ауылдық кеңесінен. Шала сауатты. Орыс тіліне нашар. Ә.Ағаев 22 адаммен жеке-жеке сөйлескен кезде өзінің тобына арнайы алған. Тольмеццо (Италия) қаласына барған кезде неміс комендатурасындағы Ағаев қарамағында қызмет еткен.

Хайрошев 1919/20 жылы туған. Гурьев облысы, Новобогат ауданы, Мыңтөбе ауылдық кеңесінен. «Алғабас» ұжымшарында жұмыс істеген. 1942 жылы Қызыл Армия қатарына шақы­рыл­ған. Неміс комендатурасындағы Ағаев қара­мағында қызмет еткен. Адай (мүмкін лақап аты) 30-33 жас шамасында. Шевченко не Маңғыстау ауданынан. Сауатсыз. Орыс тіліне өте нашар. Асқар Шә­ріпов шамамен 1923 жылы туған. Ташкент не Алматы қаласынан. Сауатты. 1944 жылы «Алаш» әскери-диверсиялық мектебіне қабылданған. Төребек Тайлақов 1918 жылы туған, Шымкент қаласынан. Сауатты. Орыс тіліне жетік. Ағаев тобында болған. Италияда ауырып, госпитальда жатуына байланысты диверсиялық топтан қалып қойған. Тапалов, әскери шені – фельдфебел. Иранов Ағаевтың кеңес аумағына диверсиялық топты бастап кетуіне орай оның орнына қалған. Немістер мен легионерлер арасында беделге ие болған. Бірнеше легионерді жазалап, өлім жазасына кескен. Шәріпов Ағбам 28-29 жаста. Оберефрейтор. Орыс тілінде еркін сөйлейді. Назимов (аты есімде жоқ) 32-33 жас шамасында. Орыс тіліне жетік. Унтерефрейтор. Бекболатов 24-25 жаста. Неміс комендатурасында қызмет еткен. Сағат Ғалиев 1917 жылы туған. Семей облысының Жаңа Семей қаласынан. Мамандығы – мұғалім. 1941 жылы Брест-Литовск маңында тұтқынға түскен. Легионда пулеметші, ефрейтор. 1944 жылы қараша айында Павия қаласы (Италия) маңында немістердің тапсырмасы бойынша көпірді жөндеу жұмыстары кезінде минаға түсіп, жараланған. Орыс тілін нашар меңгерген.

Әлімов 25 жаста. Өте сауатты. Ефрейтор. Орыс тіліне жетік. Роман Габдуллин 1923 жылы туған Батыс Қазақстан облысынан. 1944 жылдың қаңтар айынан Түркістан легионында қызмет етіп, кейін комендатураға ауысқан. Легионға келгенге дейін Ресей азаттық армиясы (РОА) құрамында қызмет еткен. Сауатты. Құрмаш 1920 жылы туған. Ефрейтор. 1945 жылы қаңтар айында «Алаш» әскери-диверсиялық мектебін бітірген. Оны аяқтаған соң комендатурада қызмет еткен. Нұғыман Габдуллин 1922 жылы туған. Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданынан. Сауатты. 1944 жылдың қаңтар мен наурыз аралығында десанттық-диверсиялық топтың командирі, обер-лейтенант Ағаевтың адъюданты. Кейін Ағаев неміс басшылығының диверсиялық тапсырмасымен кеткен кезде комендатурада қызмет еткен. Құмар Қозыбаев 32-33 жаста. Семей облысынан. Сауатты. КСРО аумағына жіберілетін десанттық-диверсиялық топ командирінің орынбасары. Унтерофицер.

Ал «Алаш» отрядында болған Әшірбай Мамедов 1947 жылдың 12 шілдесінде тергеушіге берген жауабында өзімен бірге отрядта болғандарды былайша түзген: «Хасен Қайрақпаев 34-35 жас шамасында. Шығыс Қазақстан облысынан. Әскери шені ефрейтор. 1930 жылдары Қытайға кеткен қазақтардың бірі. Кейін елге оралған. Қажыбек Құлбеков Оңтүстік Қазақстан облысы, Қаратас ауданының тумасы. Дулат Исқақов 40 жаста. Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданынан. Ислам Әлімханов Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданынан. 1944 жылы Италия партизандарымен болған ұрыста жараланған. Күлемхан Сейдазимов қай жақтан екендігі есімде жоқ».

Тағы бір легионер, «Алашта» болған Иса Қапашев та тергеу барысында өзімен бірге болған бірнеше алаштықтарды атап өтеді: «Елеубай Түзгембаев 30 жас. Оңтүстік Қазақстан облысы, Георгиевка ауданының тумасы. «Алаш» отрядының жауынгері. Барлау мектебінде оқыған. Әшірбай Мамедов, Топшиев 1921 жылы туған Оңтүстік Қазақстан облысынан. «Алаш» отрядының мүшесі. Барлау мектебінде оқыған. Сейдазимов Оңтүстік Қазақстан облысынан. «Алашта» болған. Барлау мектебінде оқыған. Хакімжан Аухадиев 1918 жылы туған Семей облысынан. «Алаш» отрядының жауынгері. Барлау мектебінде оқыған. Төреғали Имашев 1923 жылы туған «Алаш» отрядының жауынгері. Сарин Ақтөбе облысынан. 27 жаста. «Алаш» отрядының жауынгері. Барлау мектебінде оқыған. Демесін Кузбаев 1922 жылы туған Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданынан. «Алаш» отрядының жауынгері. Дүрсейітов 1921 жылы туған Алматы қаласынан. Ефрейтор. Сүлейменов Қызылорда облысынан. 24 жаста».

Тергеушіге берген жауаптарында тұтқындалғандар өздерімен бірге болғандардың түр-түсін нақты көрсетіп отырған. Сонымен соғыс жылдарындағы «Алаш» отряды туралы аңыз бен ақиқаттың қысқаша тарихы осындай. Уақытында испан прозаигі, философ Б.Грасиан «Жалған сөйлеме, ақиқатты түгел айтудың да қажеті шамалы» деген екен...

 

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы

 

Атырау облысы