• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Шілде, 2022

Ауыл әкімі қалай жұмыс істеп жатыр?

471 рет
көрсетілді

Қостанай облысында бүгінге дейін 89 ауылдың әкімі тікелей сайланды. Олардың 77-сі – мем­лекеттік қызметші. Сая­си науқан барысында 57 ауылдың тұрғындары бұрын­ғы әкімдерін қайта сай­лап алды. 24 шілдеде әкім­дерінің мерзімі аяқ­талған 10 ауылда сайлау өтеді. Сондай-ақ жылдың екінші жартысында 16 ауылдың әкімін сайлау жоспарланып отыр. Бү­гінде өңірдегі аудандық ма­ңызы бар қалаларда, ауыл­дар мен ауылдық округтерде 196 әкім жұмыс істеп жа­тыр. Олардың 31-і – әйелдер қауымы.

Әкім болу оңай деймісің, қарағым...

«Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның...». Ақиық ақынның атақты өлеңінің алғашқы тармағын сәл бұрып, мақалаға ойтұздық етіп алдық, әбестік дей көрмеңіз. Шынында да, ауылда жылдар бойы шешімін таппай, бітеу жара сияқты сыздап жатқан мәселенің, көптен бітпей тұрған көң шаруаның бір ұшы әкімге келіп тиеді. Соны бітірмейін деп бітірмей жатқан жоқ, ауыл шағын, халық аз, бюджет мардымсыз, қол қысқа. Жоғарыдағылар саңырау, жұрт өзімшіл, патриот айқайшыл, бай сараң. Әйтеуір, істі ілгерілетерге ақыл қосып, қолұшын созатын шын жанашыр аз. Сондықтан ауыл әкімдері бертінге дейін ертегідегі «тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдектің» күйін кешіп келген. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдірудің жаңа жүйесін қалыптастыратын реформа керек еді. Біртіндеп бұл іс те қолға алына бастады: төртінші деңгейлі бюджет пайда болып, былтырдан бері ауыл тұрғындары әкімдерін өздері сайлап алатын болды. Нәтижесінде, жұрттың жалпыға ортақ іске жанашырлығы оянып, белсенділігі артты. Ел ауылдағы кем-кетік дүниенің бәрін бұрынғыдай бір әкімнің басына үйіп-төгуден арылып, көп болып кеңесіп іс бітіруге көше баста- ды.

Ал әкімдер өздеріне жүктелген міндетті шамасы жеткенше адал атқарып, ел сенімін ақтап шығуға тырысып бағуда. Бір жылдың ішінде жеткен жетістіктері де баршылық. Діттеген ісін бастауға қол қысқалығы тұсау болып, жүзеге аспай жатқан шаруасы да шаш етектен.

Бейімбет Майлин ауданындағы Новоильинов – аумағы жағынан Қостанай облысындағы ең үлкен ауылдық округ. Бұл округке 9 ауыл қарайды. Әкімі 2022 жылдың наурыз айында сайланған Таймас Мақаш деген азамат. Бұған дейін де осы ауылдық округтің әкімі болып қызмет еткен. Жұмысы тиянақты болған соң, тікелей сайлауда халықтың 80 па­йызы дауыс беріп, қайтадан әкім етіп сайлады.

Новоильиновте егін және мал шаруашылығы жақсы дамыған. Оның сыртында, бірнеше кеніш, қиыршыққұм шығаратын 3 зауыт жұмыс істеп тұр. Осыдан бір-екі жыл бұрын Новоильинов, Валерьянов ауылдарында орталық су құбыры тартылды. Мирный және Богороцкий ауылдарына су тарататын контейнер қойылды. Әзірге Увальный мен Козыревка ауылы ғана сумен қамтылмай тұр. Увальныйда биыл су үлестіретін контейнер қойылып, аптасына үш рет су әкелінетін болады. Валерьяновкада қиыршық тас шығаратын зауыттың демеушілігімен футбол алаңы салынды. Ал екінші зауыт ауыл мектебіне жөндеу жүргізді. Мектептің спорт залын Парламент депутаты Альберт Рау салып берді. Жергілікті шаруа қожалықтары да ауылдың әлеуметтік саласына қол ұшын созып тұрады. Бүгінде ауылдық округте қоғамдық бірлестік жұмыс істейді. Оған әр ауылдан 23 адам мүше. Қоғамдық бірлестік айына бір рет бас қосып, әкімнің бюджет туралы есебін тыңдайды. Ақылдасып бюджет қаржысын қандай шаруаға жарату керегін шешеді.

Ең бастысы, ауыл тұрғындарының саны өсуде. Кезінде 9 ауылды қосқанда небәрі 2 600 адам тұратын округке соңғы 3-4 жылдың ішінде тағы 600 адам көшіп келген. Бұған табысы жоғары жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуы септігін тигізіп отыр. Мәселен, Октябрьск кенішінде бос жұмыс орындары көп. Жергілікті шаруа қожалықтары да үлкейіп, шаруашылығын кеңейтіп жатыр. Мұның сыртында көкөніс, жеміс-жидек өсіретін бау-бақшалар бар.

Халықтың қолында 2 200-дей, шаруа қожалықтарында 3 300-ден астам мал бар. Бұл ауылдық округта жайылым мәселесі де шешілген.

– Осыдан төрт жыл бұрын Новоильи­нов ауылында жайылым тапшылығы сезіліп, жергілікті жұрттың ренішін туғыз­ды. Біз Серікбай Қадамбаев басқаратын шаруа қожалығына өтініш бердік, ол ауылдың жанындағы екі алқабын босатып берді. Біреуі 800, екіншісі 600 гектар болады. Бүгінде мал басын көбейтіп отырғандар көп. Малды бағатын бақташы да жетеді. Бізде малды қараусыз жіберуге болмайды, жан-жағымыздың бәрі темір жол, – дейді ауылдық округтің әкімі.

Ауылдық округте жұмыс істеп жатқан қоғамдық бірлестіктің мүшесі Мұрат Мәйсейітұлының айуынша, биыл Новоильиновке газ құбырын тарту жос­парланды.

– Ауылдан 1 шақырым 200 метрдей жерден газ өтеді. Жобасы дайын. Одан кейін Новольинов пен Тобыл бекетінің арасындағы күре жолды жөндеу жос­парда бар. Оның жобасы да құзырлы орын­дардың мақұлдауынан өтті. Енді қаржы күтіп отыр. Өзіміз сайлаған әкімі­міз жас та болса, жақсы жұмыс істеп жатыр. Новоильинов ауылына ауыз суды субсидиялауға қол жеткізді. Бұрын ауыл тұрғындары ауыз суға 480 теңге төлеп келсе, қазір 30 теңге төлейді. Ва­лерьянов ауылында субсидия берілді. Новои­льинов мектебі күрделі жөн­деуден өтіп, жиһаздары түгелдей жаңар­тылды. Жас әкім осы округтегі 9 ауылды түгел аралап шап­қы­лап жүреді, – дейді Мұрат Мәйсейіт­ұлы.

Төртінші деңгейлі бюджеттің бүйірі толмай тұр

«Етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда» демекші, өкінішке қарай, ауылдық округтердің бюджеті аз. Мысалы, жоғарыда сөз болған Ново­ильинов ауыл­дық округіне қарасты 9 ауылдың өзінен 3,5 мың теңге салық түседі. Ал 3 200 адам тұратын окургтегі кеніштер мен қиыршық құм шығаратын зауыттар төлейтін салық аудан­дық бюджетке кетеді. Үлгілі ауыл есебін­дегі Новольиновтің жағдайы осындай болып тұрғанда, қалған ауылдың бюд­жетін сөз етудің өзі қиын. Шағын бюд­жет ауылды таза ұстап, көшені жарық­тандыруға, шарбақтарды оңдап, жолдың ой-шұқырын толтырудан артылмайды.

Ауыл әкімдері бұл мәселені ашып айт­қысы келмейді. Өйткені жоғары­да­ғылардан жасқанады, аудан әкімдеріне әлі де тәуелді. Дегенмен, суыртпақтап сыр тартып көріп ек, аты-жөнін атап көрсетуден бас тартса да, бір-екі әкім шешіле сөйлеп, жағдайын айтты.

– Біздің ауылдық округте осы жылдың аяғына дейін 1 млн 910 мың теңге салық жиналуы керек. Оның ішінде мүлік, жер салығы және көлемі 1 млн 555 мың теңге болатын көлік салығы бар. Төртінші деңгейлі бюджеттегі қиындық былай, аудан статистикасы ауылдағы адам санын көбейтіп көрсетеді. Мәселен, аудан жіберген статистика бо­йынша қазіргі таңда біздің округтағы үш ауылда 1 200-ден астам адам тіркеулі тұр. Ал шынтуайтында осы үш ауылдағы тұрғындардың саны 700-ден сәл ғана асады. Қалғандары тұрақты мекенжайы бойынша бізде тіркелгенімен, сыртта – қалада, ауданда, әр жақта тұрады. Бұрын осы ауылдан шыққан адамдар ғой. Біз оларды алып тастай алмаймыз. Заңсыз болып есептеледі. Олардың салықтары өздерінің тұрғылықты жерлеріне түсіп жатады. Біздің ауылда тұратын, бірақ тұрақты мекенжайы сыртта тіркелген адамдар да бар. Олардың салығы да бізге түсіп жатқан жоқ. 2021 жылы жоспар бойынша 1 млн 900 мың теңге салық жинауым керек болды. Жылдың соңында 300 мың теңге жетпей қалды. Бірақ аудан әкімі сол 300 мыңды басқа округтен алып, маған қосып берді. Өйткені менің округім бүкіл ауданды артқа тартып тұрды. Былтыр бір жылдық салықты осылай жаптым. Ал егер 500 немесе 1 млн теңге артық жинағанымда, салықтан еркін қалдық қалар еді. Мен оны ауылды жарықтандыруға, балалар алаңқайын абаттандыруға немесе көшелердің ой-шұқырын тегістеуге жұмсап, әйтеуір бір кәдеге жаратар едім. Біздің іргеміздегі көрші ауылдық округ 2021 жылғы жоспар бойынша 3 млн теңге жинауы керек еді. Ол округте егін егетін шаруашылықтар салықтарын төртінші деңгейлі бюджетке түсіреді. Сондықтан ауылдың әкімі жоспарды асыра орындап, жыл аяғына дейін 8 млн теңге жинады. Ал 2021 жылы қалған 5 млн теңгені ауылдың игілігіне жұмсады: бір-екі көшені жарықтандырды, ауылдың кіреберісіне арка жасады, тағы басқа да шаруаларын тындырып алды. Менде мал шаруашылығымен айналысатын 35 шаруа қожалығы бар. Оларға 3 жылдан бері мораторий жарияланған. Олардың жер салығы бізге емес, ауданға түседі. Ал ауылдық бюджетке олардан бір тиын түспейді. Дүкен ұстап отырған жеке кәсіпкерлерден де ештеңе түспейді. Олар да мораторийде отыр. Осыдан кейін ауылдың бюджеті қалай көбейсін? – дейді ашынған ауыл әкімдерінің бірі.

Әкімдердің біразы алдағы уақытта ауылды дамытуға арнайы қаржы қарас­тырылып қалуы мүмкін деген үмітте жүр.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдеріне қаржы бөлінуі керек. Ауылдық округ әкімдері аудан басшысына емес, халыққа жұмыс істеуі керек деген еді. Сол қаржы қашан бөлінеді екен? Бізге күрегі мен көтергіші бар бір арнайы техника, бір жүк көлігі болса болды, басқа ештеңенің керегі жоқ. Қыста өзіміздің қарды өзіміз күреп, жазда қоқысты өзіміз шығарамыз. Мысалы, қазір ауылда қоқыс шығару – 7 мың теңге. Егер ауыл әкімдігінде арнайы техника мен «Камаз» болса, 5 мың немесе 2-3 мың теңгеге шығарар едім. Сонда ауыл таза болатын еді. Кейбіреулер жұмыссыз, қолындағы азын-аулақ малымен ғана күн көріп отыр. Ал оларға 7 мың теңгеге қоқыс шығару қиынға түседі. Басшылар оларға хаттама толтырмайсыңдар деп бізді қыспаққа алады. Біз халықтың жағдайын көре тұра хаттама толтыра алмаймыз. Өйткені бізді аудан әкімі емес, осы ауылдың халқы сайлады ғой, – дейді аты-жөнін айтудан бас тартқан ауыл әкімі.

Ауыл әкімдерінің айтуынша, жер­гілікті шаруа қожалықтарының салығы төртінші деңгейлі бюджетке түссе, ауылдық округтің мүмкіндігі көбейіп, ауыл әкімдерінің қолы ұзарар еді. Қазір сайланған әкімдер қаржы сұрап ауданға, кәсіпкерге қол қусырып баруға мәжбүр.  Бұл – ауылдың өз бюджетімен өмір сүре алмай отырғанының айғағы.

Дегенмен өңірде ауыл әкімдерінің біліктілігін арттыру мақсатында бір­қатар шаралар жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, таяуда ғана «Аманат» пар­тия­сының ұйымдастыруымен 183 ауылдың әкімі білікті маркетолог, қаржыгер, сарап­шы мамандардың дәрісін тыңдап, ауыл әкімдігінің табысын еселеу жолдары туралы үш күндік семинарға қатысты. «Ауыл тұрғындарының экономи­калық белсенділігін арттыру мақсатында ауыл әкімінің құзыреттілігін жетілдіру» деген тақырыпта өткен оқу семинарында әкімдер ауылдың әлеуметтік-экономикалық ахуалын дәл анықтау үшін аулаларды аралау арқылы жергілікті жердің скринингін жүргізуді үйренді. Сондай-ақ қолдағы мәліметке бастапқы талдау жүргізу, тұрғындары өндірген тауарды өткізу тізбегін құру, кооператив ұйымдастыру, бизнес жобаға кететін қаржыны есептеп шығару сияқты қажет дағдыларды меңгерді.

 

Қостанай облысы