• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Шілде, 2022

БАҚ туралы жаңа заң жобасы: Өзгеріс пен трансформация уақыты

1731 рет
көрсетілді

Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлі сөз болғанда көбіне ел мүддесі, ұлттық ақпараттық қауіпсіздік және идеология тұрғы­сы­нан қараймыз. Бұл ретте медианың қоғамдағы қызметін кеңірек қарас­тырғанымыз жөн болар. Қазіргі таңда бұл мәселе күн тәртібінде тұр. Өйткені бұқаралық ақпарат туралы жаңа заң жобасы қоғамдық талқы­лау­дан өтіп жатыр. Әлбетте, масс-медиа саласындағы мәселелер сөз болғанда қоғамдағы әр пікір маңызды.

Халық пен билікті түйістірер бір мақсат болса, ол – Қазақстанды демократиялы, дамыған, бақуатты елдер қатарында көру. БАҚ-ты үкімет пен билеуші партияның қолшоқпары, халықты бір идеяға топтастыратын үгіт-насихат құралы ретінде қолдану – ескіліктің сарқыншағы, дамымаған жабық қоғам белгілерінің бірі екені сөзсіз.

Сондықтан ашық ақпараттық ке­ңіс­тік пен мықты медиа нарықтың қа­лыптасуы дамыған елге тезірек жетудің алғышарттарының бірі бол­мақ. Баспасөз еркіндігі – тәуелсіз Қазақстанның демократиялы қоғам құрудағы басты кепілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ха­лық­қа Жолдауында «Тәуелсіз әрі жауап­кер­шілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін» деген сөзі пікірі­міз­ді қуаттай түседі.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы өз сөзінде мемлекеттің мүддесін, қоғам­ның сұранысын және медиа саласының даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керегін атап өтті. Көп ұзамай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жаңа заң жобасын әзірлеуге кірісті. Қа­зіргі таңда 63 cарапшыдан құралған жұмыс тобының алғашқы отырысы өтіп үлгерді. Министр Асқар Ома­ров­тың айтуынша, отырыста негізінен журналистің мәртебесі, құқықтық қорғалуы, мемлекеттік тапсырыс және басқа да тақырыптар талқыланған.

Жаңа заңға қатысты қоғамда ке­ңі­нен көтерілген мәселенің бірі – әлеу­­меттік желіде ақпарат тарататын пабликтер мен белсенді қолдану­шыларға арнайы статустың берілуі. Бұл, керісінше, әлеуметтік желідегі бақылауды күшейтіп, сөз еркіндігіне кедергі болады деп алаңдайтындар бар.

Расында, әлеуметтік желілерге демократия құндылықтарын бұз­бай, құқықтық жауапкершілік арту өзекті мәселе екені сөзсіз. Кей плат­фор­ма­лар­дың шектен тыс күш пен ықпалға ие болуы әлем елдерін алаңдатып отыр. Әсіресе кейінгі кездегі геосаяси ахуал мен кейбір елдердің ақпараттық саясаты бұл салаға да құқықтық рет­теудің керегін көрсеткендей. Бірақ сөз бостандығының дамуына айтар­лық­тай серпін берген әлеуметтік желі­лерді «бақылау» мен «заңға бағын­ды­ру­дың» көзге көрінбейтін шекарасы қайда?

Шартараптың түкпір-түкпірінде бұл мәселеге бас ауыртып жүр­ген­дер жетерлік. Наурыз айында Ұлы­бри­танияның технологиялар және цифрлық экономика министрі Крис Филп интернеттегі қауіпсіздік туралы заң жобасы арқылы үкіметтің цифрлы реттеу жоспарын баяндады. Онда өркендеген демократияны қолдайтын жеңіл тәсілдер туралы қарастырылған. Бұл «Әлеуметтік желілерді демократиялы жолмен реттеудің әдістері қандай болу керек?» деген сұрақтың өзектілігі күн сайын артып бара жатқанын көрсетеді. Әсіресе кейбір платформалардың Ресейдің мемлекеттік RT арнасын Еуропа аумағында бұғаттауы алпа­уыт технологиялық компаниялардың ақпарат­тық саясат пен медиа нарық­тағы үлкен ойыншылардың біріне айналғанын тағы бір рет дәлелдеді.

Жалпы, демократия философия­сында қоғамдық пікірталас демо­кратиялық деп саналуы үшін негізгі екі шарт орындалуы керек. Бірін­ші­ден, оған азаматтар қатысуға тиіс. Екіншіден, пікірталас арқылы ха­лық­тың белгілі бір мәселе тура­лы білімінің артуы шарт, яғни, жан-жақты ақпарат алуы маңызды. Әлеу­мет­тік желі осы екі шарттың да орындалуына мүмкіндік береді.

Алайда технологияның дамуымен онлайн әлімжеттік, жалған ақпарат, қоғамдағы поляризация, сенімнің жоғалуы және ұлттық қауіпсіздікке сырттан төнетін қауіп секілді жаңа мәселелер туындай бастады.

Әлеуметтік желінің қоғамдағы мүм­кіндіктері мен мәселелерін зерт­тейтін ұлыбританиялық Norms for the new public sphere жобасы өз баян­дамасында саясаткерлер үшін нұс­қаулық бола алатын төрт негіз­гі ережені ұсыныпты. Ең алдымен, тал­қылауларға қатысуға бәріне тең заңды құқық берілуі керек де­лін­­ген. Екіншіден, платформалар, рет­­теуші органдар және қатысу­шы­­лар шындыққа жанаспайтын ақпа­­ратты жариялаудан бас тартуы қажет. Үшіншіден, платформалар, рет­теу­ші­лер мен қатысушылар неге осы позицияны ұстанатынын түсін­діріп, дәлелдер келтіруі керек немесе басқалар ұсынған шешімдерге құлақ асып, керек болса өз ұстанымын өз­гер­туге дайын болуы маңызды. Сондай-ақ бүкіл тарап айтылған пі­кір­лерді қорытуға және ойлануға уақыт ала білуге тиіс.

Баяндама авторларының айтуынша, бұл ережелер демократиялық қоғамдық өмірде этикалық әрекеттерді айқындауға және демократияға қыз­мет ететін сапалы журналисти­ка­ны анықтауға көмектеседі. Әлеу­мет­­тік медиамен байланысты заң­нама ­күшеймесе, азаймасы анық. 2021 жылы америкалық Freedom House ұйымы кем дегенде 24 ел плат­фор­ма­лар­дағы контентті реттеу мәсе­лесін қарастырып жатқанын мәлім­де­ді.

Еліміздегі БАҚ саласына қатысты келесі үлкен мәселенің бірі – оның толығымен мемлекеттің иелігінде болуы. Қаржыландыру көзіне қарай кез келген медиа өнімді үшке бөлуге болады: мемлекеттік, коммерциялық және бұқаралық (public). Еліміздегі БАҚ-тың көп бөлігі мемлекеттік басқару моделімен жұмыс істейді. Са­рап­шылардың айтуынша, бұл модельде мемлекет қаржыландырып қана қоймай, редакциялық саясатқа ықпал етеді. Олардың мандаты көбіне мемлекеттік лауазымды тұлғалар мен олардың қызметін жағымды жағынан көрсетуді талап етеді.

Мемлекеттік БАҚ-мүмкіндігі кең, табиғи апат кезінде бүкіл халықты жедел құлақтандыру секілді міндеттерді орындауға қауқарлы. Дегенмен, көп жағдайда елдегі жетекші пар­тияның ығына жығылатыны бар. East Anglia университетінің ға­лымдары медианың мұндай түрі сөз бостандығы төмен елдерде кеңінен таралатынын айтады.

Ал коммерциялық ақпарат құрал­да­рының редакциялық саясаты бизнес үлгіге негізделген. Инвестордың, жарнама берушінің және аудиторияның сұранысын қанағаттандыруға тыры­сады. Жарнама нарығы жақсы дамы­ма­ған қоғамдарда табыс үшін шоу-бизнес және оқырманды елең еткізетін мағынасы «жеңіл» ақпарға басымдық беріледі. Осылайша, бизнес жобаның салмақты, сапалы журналистикадан алыстап кетуі ғажап емес.

Бұқаралық немесе қоғамдық медиа көбіне дамыған демократиялы қоғамда кездеседі. Бұл ақпарат құ­рал­дары қаржыны мемлекеттен немесе жарнама мен демеушілерден алады. Бірақ редакцияның саясаты мен мемлекеттің, жеке тұлғалардың мүд­десінің арасында нақты шекара белгіленген.

Бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландырудың әлемде ең көп таралған түрі – лицензия үшін төлем. Оны Ұлыбританияда, Жапонияда және Оңтүстік Кореяда кездестіре аламыз. Ал Норвегия, Швеция және Финляндия секілді кейбір елдерде бұқаралық ақпарат құралдарының ақысы салық пен коммуналдық төлем­дерге қосылған. Кейбір қоғам­дық медиа ұйымдар аралас модельді қар­жы­лан­дыруды пайдаланып, бірнеше кіріс көздеріне сүйенеді.

Ақпарат құралдары жоғарыда ай­­тыл­ған үш түрлі үлгіде қызмет ете­ді. Елі­міздегі жаңа заң жобасында мем­­­лекеттің редакциялық саясатқа ық­палын шектейтін нормалар қажет-ақ. Уа­қыт талабы солай дейді. Бұл қа­дам­ның демократиялық қоғам құрып қана қоймай, экономиканың өсуіне тікелей әсер ететінін көрсететін зерттеулер де бар. Сөзіміз дәлелді болу үшін 1997-1999 жылдардағы зерт­теулердің нәтижесін мысалға кел­тірсек. Онда баспасөзді қатаң ба­қы­лайтын елдердің нарығында ком­па­ниялардың жан басына шаққан­да әлдеқайда аз тіркелгені анықталған және банк жүйесі де артта қалғаны айтылады.

Осылайша, еліміздің кеңес дәуірі­нен қалған ақпараттық саясатын жетілдіру арқылы Қазақстанның да­мы­ған елдер қатарына қосылу про­це­сіне айтарлықтай үлес қоса аламыз. Медиа тақырыбындағы зерттеулер мен ғылыми тұжырымдар бірауыздан тәуелсіз баспасөз бен дамыған қоғам арасында айқын байланыстың барын көрсетіп келеді. Біз үшін жалғыз таңдау – даму мен трансформация жолы.

 

Меруерт БҮРКІТБАЙ