• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
Футбол 27 Шілде, 2022

«Тобыл» келесі кезеңге өтті

104 рет
көрсетілді

УЕФА Конференция лига­сының іріктеу кезеңіне қатысып жатқан қазақ­стандық төрт командадан бірінші болып Қостанайдың «Тобылы» турнирдің үшінші айналымына жолдама алды. Алғашқы ойында Гиб­рал­тардың «Линкольн Ред Импс» клубынан басым түс­кен жерлестеріміз қарымта кездесуде де жеңіске жетті.

Осыдан бір апта бұрын «Тобыл» Қостанайдағы «Орталық» стадионда Гибралтар чемпионатының 26 дүркін жеңімпазы – «Линкольн Ред Импс» клубымен шеберлік байқасып, 2:0 есебімен басым түскен болатын. Сол кездесуде шабуыл­шы Айбар Жақсылықов пен қорғаушы черногориялық Жар­ко Томашевич гол соғып, жергі­лікті жанкүйерлерді қуантқан еді. Ал сейсенбі күні кешкісін Гиб­рал­тардағы бес мың жан­күйер сыятын «Виктория» ста­дио­нындағы қарымта кездесуде Ми­лан Миланович шәкірттері қарсыластарынан 1:0 есебімен айласын асырып, Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алды.

Бірінші матчтағы басымдықтан кейін жауапты кездесудің фавориті саналған «Тобыл» сырт алаңдағы бәсекенің алғашқы минутынан бастап ойын тізгінін қолына алып, алаң иелерін біраз әбігерге салды. Кездесудің 30 минутына дейін жергілікті футболшылар «Тобылдың» қарқынына төтеп бергенімен, әрі қарай шамасы жетпеді. Сөйтіп, кездесудің 31-минутында сербиялық легионер Зоран Тошич қарсыластың айып алаңында бірнеше футболшыны еркін алдап өтіп, жеке шеберлігінің арқасында Дэйл Коулинг қорғаған қақпадан саңылау тапты – 1:0. Бірінші таймның соңына дейін біздің жігіттерде есепті еселейтін бірнеше мүмкіндік болғанымен, шешуші сәтте мүлт кетіп жатты. 

Үзілістен кейін де «Тобыл» футболшылары шабуылын бәсең­деткен жоқ. Екінші 45 минуттың ішінде қостанайлықтар «Линкольн Ред Импс» қақпасына 10 соққы жасап, оның төртеуін қақпаға дәл ба­ғыттады. Алайда Дэйл Коулинг қырағылық танытып, қақпасы­на бірде-бір гол өткізген жоқ. Алаң иелері екінші таймда екі мәрте қауіпті шабуыл ұйымдас­тыр­ғанымен, Мокиннен айласын асыра алмады. Осылайша, екі матч­тың қорытындысы бойынша 3:0 есебімен жеңіске жеткен «Тобыл» турнирдің келесі сатысына шықты. Жерлестеріміз Конференция лигасының үшінші айналымында «Тирана» (Албания) мен «Зриньски» (Босния және Герцеговина) жұбының жеңім­пазымен кездеседі. Екі клуб ара­сын­дағы алғашқы ойын 20 шілдеде Албанияда өтіп, матч қо­нақ­тардың пайдасына шешілген бола­тын (0:1). Қарымта кездесу бүгін түнде Босния және Герце­го­винаның Мостар қаласында өтеді.

Бүгін Қазақ­станның үш командасы – «Астана», «Қай­рат» және «Қызылжар» Кон­ференция лига­сының екінші ірік­теу кезеңін­дегі қарымта матчтарын өткізеді. «Астана» өз алаңында Польшаның «Ра­кув» (0:5) клубын қабылдаса, Пет­ро­павлдың «Қызылжары» сырт алаң­да Хорватияның «Осиек» (1:2) клубымен, Алматының «Қайраты» Мажарстанда «Кишвардамен» (0:1) кездеседі.