Ғаламторда отырып алып, халықтың қалтасын қағып, соқыр тиынына дейін алып кететін алаяқтарға қарсы күрес шаралары күшейгеніне қарамастан, оңай олжаға дәніккендердің саны сиремей тұр. Аңқау елге арамза молда болғысы келгендер жұртты түрлі тәсілдермен алдауын жалғастырып жатыр. Өкініштісі де сол...
Жалпы, Қазақстанда интернет-алаяқтық 2017-2021 жылдар аралығында өрши түсті. Айталық, 2017 жылы бұқара халықтың қалтасына түскендердің кесірінен 2000 қылмыс тіркелсе, бұл көрсеткіш жыл өткен сайын үдеп, 2021 жылы 20 000-нан асып жығылды. Байқап отырсақ, төрт жылдың бедерінде қылмыс саны он есеге ұлғайып кеткен. Бірақ еліміз бойынша сақтандыру шаралары қолға алынғанымен, алаяқтардың арбауына түскендердің қарасы азаймай тұрғаны қапаландырады.
Соңғы жылдары елдің санасы оянды ма, әлде басқа бір факторлар әсер етті ме, кім білсін? Әйтеуір интернет-алаяқтық санатындағы қылмыстардың саны 18 пайызға төмендеген деген дерек бар. Бұл – республикалық көрсеткіш. Ал Жамбыл облысында жағдай қалай? Облыста алаяқтармен күрес лайықты деңгейде іске асырылып жатыр ма? Деректерге сенсек, жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бұл санаттағы қылмыс түрлері Жамбылда да едәуір төмендеген екен. Әйтсе де, халықтың 37 миллион теңгесін қалтаға басқысы келген күдіктілер бүгінде тергеліп жатыр. Жақында ғана олардың жолы қиылған болатын.
«Ішкі істер министрлігі қабылдаған шаралардың нәтижесінде осы жылдың есепті мерзімінде қылмысты ашу жұмыстары оң нәтижесін бергеніне тоқталғым келеді. Жамбыл облысының полиция департаменті қызметкерлері интернет-алаяқтық фактілерінің 44 пайызға немесе 270-тен 150-ге дейін төмендегенін хабарлады. Мұның бәрі тәртіп сақшыларының жедел әрекеттерінің арқасында мүмкін болып отырғанын айта кеткен жөн. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады», дейді Ішкі істер министрлігі криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай жағдайды түсіндіріп.
Ведомство өкілінің айтуынша, таяуда ғана 37 миллион теңгені жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу жұмыстары қолға алынған. Нәтижесінде, көп ұзамай ұйымдасқан қылмыстық топ қолға түскені белгілі болды.
«Тараз қаласының тұрғынынан 37 миллион теңге көлемінде қаражатты алдап жымқыру фактісі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілгенін атап өткім келеді. Қылмыстық істі тергеу жұмысына Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлері айрықша атсалысқан болатын. Оларға Павлодар облысы мен Алматы қаласындағы әріптестері барынша қолдау көрсеткенін айта кеткен ләзім. Бірлескен әрекетінің, жемісті жұмыстың арқасында құрамында он бес адам бар қылмыстық топ құрықталды. Олардың Ресей Федерациясының және Қазақстанның азаматтары екені анықталды. Бір сөзбен айтқанда, халықты қанағысы келген алаяқтар алысқа ұзап кете алған жоқ. Бізді қуантатыны да сол. Жалпы, аталған топтың мүшелері бір емес бірнеше қылмыстық іске қатысы бар болуы мүмкін. Алдағы уақытта осы мәселе зерделенбек», дейді Жандос Сүйінбай.
Интернет-алаяқтық әрекеттердің сан түрлі жүйесін меңгеріп алғандар көбінесе қарапайым халыққа әлеуметтік желілер арқылы психологиялық шабуыл жасайтыны белгілі. Олар бірінші кезекте әлеуметтік желілер арқылы жеңіл табыс табудың жолдарын ұсынатын жарнамалармен елдің миын ашытады. Осылайша, олар халықтың қалтасына түсудің жоспарын құрады. Ал тумысынан аңғал қазекем алаяқтардың айтқанына көніп, айдауында кетіп жататыны жаға ұстатпай қоймайды. Түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатқанына қарамастан, қарапайым халық алаяқтардың «ертегісіне» илануын тоқтатар емес.
«Халық телефон арқылы банктік мекемелердің атынан келетін кез келген хабарламаға айрықша назар аударып, қайта тексеріп отырғаны дұрыс. Рұқсат етілмеген операцияларды бұғаттау үшін телефон арқылы бейтаныс адамдардың бірінші талабы немесе ұсынысы бойынша банктік деректемелерді немесе SMS-хабарламалардың кодтарын жазып алудың, өзге жинақтарын банктің қандай да бір шотына аударудың ешқандай қажеті жоқ. Өз атыңызға картаны, абоненттік нөмірді ашу, оның ішінде осындай әрекеттерге басқа адамдарды тарту ұсынылады. Кейбір жағдайларда телефонға банкинг орнатуды немесе карталарды басқа адамдарға беруді сұрайды. Кейіннен көрсетілген карталар мен абоненттік нөмірлерді алаяқтар ақшаны алу үшін пайдаланады. Осындай оқиғалар орын алған кезде сауысқандай сақ болған жөн», дейді ол.
Расында да, интернет арқылы елдің есін шығаратын алаяқтардың әрекеттеріне тосқауыл қою бойынша түрлі жұмыстар атқарылып жатыр. Әйтсе де, халық сауатты болмайынша алаяқтардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып қала бере ме деген қауіп те жоқ емес.
Жамбыл облысы