Бұл күндері Италия астанасы – Римде 17 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жасөспірімдердің жаһандық бәсекесінде қазақстандық балуандар да өнер көрсетуде.
Жарыстың алғашқы күнінде грек-рим күресінің балуандары жүлделерді сарапқа салды. Бұл сында ел намысын қорғаған екі спортшымыз жүлдегер атанды. Атап айтар болсақ, 48 килоға дейінгі салмақта күрескен Арсен Жұма қола жүлде үшін өткен белдесуде армениялық Тигран Галстяннан басым түссе (5:3), 60 килода бақ сынаған Юсуф Ашрапов ел қоржынына екінші қола жүлдені салды. Ол үшінші орын үшін өткен кездесуде ирандық Аболфазл Хоссейн Миршекармен күш сынасып, аса тартысты өткен жекпе-жекте 11:10 есебімен жеңіске жетті.
Өкінішке қарай, Бекнұр Мұқан мен Серғазы Әбдіхадыр (65 кг) қола жүлде үшін белдесуде ирандық және өзбекстандық қарсыластарынан жеңіліп қалды. Грек-рим күресінен жалпыкомандалық есепте Иран құрамасы көш бастаса, Әзербайжан мен Грузия үштікті түйіндеді. Кеше бозкілемге бұрымды балуандар шығып, өзара кім мықтыны анықтады.