Теннистен жұптық сындағы Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Анна Данилина Варшавада (Польша) өтіп жатқан WTA 250 турнирінің ширек финалына шықты.
Жүлде қоры 251,7 мың АҚШ долларын құрайтын WTA санатындағы BNP Paribas Poland Open жарысында қазақстандық теннисші германиялық Анна-Лена Фридзаммен бірге жұп құрап өнер көрсетуде. Осы жарыстың 4-ракеткалары болып тіркелген Данилина мен Фридзам бастапқы кездесуін нидерландтық Арианна Хартоно мен аустралиялық Оливия Тьяндрамулиямен өткізді. Қазақстандық-германиялық жұп бірінші партияда мықтылық танытып, 6:3 есебімен басым түсті. Екінші сетте қарсыластары белсенді ойнап, есе қайтарды – 6:1. Супер тай-брейкте Данилина мен Фридзамның мерейі үстем болып, жеңісті жұлып алды – 10:6.
Енді Данилина мен Фридзам турнирдің ширек финалында румыниялықтар Александра Игнатик пен Габриэла Лимен кездеседі.