УЕФА Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінен кейін қазақстандық командалардың саны екеуге қысқарды. Өкінішке қарай, мамандар тарапынан төрт клубтың ішінен үшінші айналымға еш кедергісіз шығады деп сенім білдірген «Астана» мен «Қайрат» екі ойында да бірде-бір гол соға алмай, турнирмен ерте қоштасты. Ал Еурокубок ойындарына тұңғыш рет қатысып жатқан «Қызылжар» сенсация жасап, Хорватияның даңқты «Осиек» клубын сырт алаңда жеңіп, келесі кезеңге өтті. Мұның алдында «Тобыл» да үшінші кезеңнің жолдамасын иеленген болатын.
Екінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчынан кейін қазақстандық командалардың арасында келесі кезеңге өтуге тек «Тобылдың» ғана мүмкіндігі жоғары еді. Себебі өз алаңында Гибралтардың «Линкольн Ред Импс» клубынан 2:0 есебімен басым түскен қостанайлық ұжым сырт алаңдағы матчта тең ойнаса да жеткілікті болатын. Ал қалған үш командамызды тек ірі есептегі жеңіс қана келесі кезеңге алып шығатын еді.
Елордада өткен «Қызылжар» мен «Осиек» арасындағы алғашқы матчта қонақтар 90 минут бойы алаңда үстемдік танытып, 2:1 есебімен жеңіске жеткен-ді. Петропавлдықтар матч бойы жарытып шабуыл ұйымдастыра алмай, әрең дегенде автоголдың арқасында есеп айырмасын қысқартты. Араға апта салып, Хорватиядағы 20 мыңға жуық жанкүйер сыятын «Градски врт» стадионында өткен қарымта кездесудің бірінші таймы әдеттегідей «Осиектің» басымдығымен өтті. Бірақ алаң иелері доп ұстау, қақпаға соққы бағыттау бойынша қанша үстемдік танытқанымен, «Қызылжар» қақпасынан саңылау таба алмады.
Ал екінші таймда «Қызылжар» футболшылары матчты түбегейлі басқа арнаға бұрып жіберді. Үзіліс уақытында петропавлдық команданың бас бапкері Әли Әлиевтің шәкірттеріне не айтқаны белгісіз, әйтеуір ойыншыларда жеңіске деген ерекше жігер байқалды. Нәтижесінде, кездесудің 61-минутында «Қызылжардың» грузиялық шабуылшысы Гиорги Иваниадзе гол соғып, командасын есепте алға шығарды. Сөйтіп, екі ойынның қорытындысы бойынша таразы басы теңескен соң, көпшілік овертайм көруге дайындалып жатқан еді. Алайда 71-минутта «Қызылжар» футболшылары «Осиек» қақпасына екінші голын соғып, матчтың нүктесін қойды. Бұл жолы ивуарлық жартылай қорғаушы Мұса Коне мергендік танытты – 0:2. «Осиек» футболшылары матчтың қалған уақытында эмоцияға беріліп, көп жерде білгенінен жаңылып жатты. Сөйтіп, екінші таймда «Қызылжар» қақпасына бірде-бір дәл соққы бағыттай алмайды.
Осылайша, сырт алаңда Хорватияның даңқты командасын 2:0 есебімен тізе бүктіріп, қазақстандық командалар арасында сенсация жасаған «Қызылжар» Конференция лигасының үшінші айналымына жолдама алды. Жерлестеріміз бұл кезеңде қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс болған Кипрдің АПОЭЛ командасымен кездеседі. Кипрлік ұжым екінші айналымда Болгарияның «Ботев» клубын екі ойында 2:0 есебімен қапы қалдырған болатын.
АПОЭЛ бүгінге дейін қазақстандық командалармен Еуродода ойындарында төрт мәрте кездескен. «Астанамен» бір рет Чемпиондар лигасының, бір мәрте Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде кездессе, кейіннен Еуропа лигасының топтық кезеңінде бір топта өнер көрсетті. Алғашқы екі плей-офф сатысында «Астананың» мерейі үстем болса, топтық кезеңде екі клуб та бір-бір ойында жеңіске жеткен болатын. Ал 2020 жылы Еуропа лигасының екінші айналымында Шымкентке келген АПОЭЛ «Қайсарды» 1:4 есебімен тізе бүктірді.
«Қызылжар» мен АПОЭЛ арасындағы үшінші айналымның алғашқы кездесуі 4 тамыз күні Кипрде, қарымта матч 11 тамыз күні елордада өтеді.
Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінің матчтарынан кейін «Тобылдың» да үшінші айналымдағы қарсыласы белгілі болды. Бұл кезеңде ел чемпиондары Босния және Герцеговинаның «Зриньски» клубымен кездеседі. Босниялық клуб екінші айналымда Албанияның «Тирана» командасын екі ойынның қорытындысы бойынша 4:2 (1:0, 3:2) есебімен ұтты.
«Зриньски» клубының іргетасы осыдан 117 жыл бұрын қаланса да, биыл ішкі чемпионаттағы небәрі жетінші чемпиондығына қол жеткізді. Сондай-ақ команда 2013 жылдан бері Еурокубок ойындарының тұрақты қатысушысына айналғанымен, әлі күнге дейін топтық кезеңге шыға алмай келеді. Бір қызығы, «Тобыл» мен «Зриньски» Еурокубок ойындарында биыл алғаш рет кездесіп тұрған жоқ. Бұған дейін екі клуб 2010 жылғы Еуропа лигасының екінші айналымында жасыл алаңда жолығып, «Зриньски» екі матчта да 2:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Енді, міне, «Тобылға» 12 жыл бұрынғы есені қайтаратын тамаша мүмкіндік туып тұр.
Екі ұжым арасындағы алғашқы ойын 4 тамыз күні Боснияда, қарымта кездесу 11 тамызда Қостанайда өтеді деп жоспарланған.
Өкінішке қарай, Қазақстанның Еурокубоктардағы ең даңқты екі ұжымы – «Астана» мен «Қайрат» биылғы іріктеуде өздерімен деңгейлес команданы жеңе алмай, жанкүйерлерін жерге қаратты. Сырт алаңдағы алғашқы ойында Польшаның «Ракув» командасынан 5:0 есебімен жеңілген «Астана» өз алаңында да қарсыластарына 0:1 есебімен жол берді. Ал былтыр ғана осы лиганың топтық кезеңінде өнер көрсеткен «Қайрат» екі матчта да Мажарстанның «Кишварда» клубынан 1:0 есебімен жеңіліп, Конференция лигасының іріктеу кезеңінен шығып қалды.