• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
Теннис 01 Тамыз, 2022

Жасөспірімдер сенімді ақтай ала ма?

196 рет
көрсетілді

Биыл теннистен Қазақстан құрамасы тарихта алғаш рет үш әлем чемпионатында бақ сынайды. Атап айтар болсақ, тамыз, қыркүйек және қараша айларында өтетін жасөспірімдер, ерлер және әйелдер арасындағы жаһандық додада жерлестерімізге жанкүйер боламыз. Әлем біріншілігін ең бірінші болып жасөспірімдер құрамасы бастап береді.

Бүгін Чехияның Простеев қаласында жалауы желбіреген 14 жасқа дейінгі (2022 ITF World Junior Tennis Finals) теннисшілер арасындағы командалық әлем чемпионатында Қазақстан жасөспірімдер құрамасынан бөлек, іріктеу кезеңінде үздік ойынымен көзге түскен тағы 16 команда спортшылары өнер көрсетеді.

Теннис жанкүйерлерінің есінде болса, осы жылдың сәуір айында жерлестеріміз Үндістанда өткен Азия және Тынық мұхиты аймағының іріктеу кезеңіне қатысып, тарихи жолдамаға қол жеткізген еді. Іріктеу сайыстарының бастапқы бәсекелерінде отандастарымыз Индонезия, Шри-Ланка және Пәкістан құрамаларын 3:0 есебімен тізе бүктіріп, ширек финалға шықты. Ал ширек финалда Гонконг теннисшілерімен шеберлік байқасып, бұл бәсекеде қарсыластарынан 2:0 есебімен айласын асырды. Алайда жартылай финалда отандастарымыз сәтсіздікке ұшырап, Оңтүстік Корея құрамасынан үш ойынның екеуінде жеңіліп қалды – 1:2. Дегенмен үшінші орын үшін өткен кездесуде Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Таиланд спортшыларынан 2:0 есебімен басым түсіп, әлем чемпионатының жолдамасын иеленген болатын.

Осыдан бірер күн бұрын теннистен Қазақстан жасөспірімдер құрамасының капитаны Сергей Квак Чехиядағы әлемдік додада ел намысын қорғайтын теннисшілердің есімін жариялады. Олар: Заңғар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай және Даниэль Тазабеков.

Осы орайда әлем чемпионатында өнер көрсететін жас қаһармандарымызды жеке-жеке таныстырып өткенді жөн санап отырмыз. Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі ұсынған мәлімет бойынша, 2008 жылы дүниеге келген Заңғар Нұрланұлы төрт жасынан теннистің қыр-сырына қаныға бастаған. Алматы теннис мектебінің түлегі саналатын Заңғар елішілік жарыстарда Түркістан облысы атынан сынға түседі. Алғашқы бапкері – Қайрат Көшеров. Қазіргі таңда ол Братиславадағы Доминика Цибулкова академиясында жаттығады. Бойы – 175 см, салмағы – 63 кг. Оңқай, бэкзендті қос қолмен орындайды. Хард пен топырақ төсенішінде ойнағанды жақсы көреді.

Дамир Жалғасбай да тенниспен төрт жасынан бастап айналысады.  Алматыдағы ЦСКА корттарында Юрий Карловтан тәлім алған Дамир бүгінде Алексей Филатовтың басшылығымен Team Kazakhstan академиясында шеберлігін шыңдап жүр. Бойы – 190 см, салмағы – 68 кг. Оңқай, бэкхендті қос қолмен орындайды. Сүйікті төсеніші – хард. Айта кетейік, Жалғасбай өткен аптада Германияның Вайблинген қаласында ұйымдастырылған 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы Tennis Europe санатына жататын екінші дәрежелі турнирдің финалына дейін жетіп, бас жүлде үшін өткен бәсекеде жарыстың бірінші ракеткасы ресейлік Сава Рыбакиннен үш сетте – 7:6 (7:4), 4:6, 1:6 есебімен жеңіліп қалған болатын.

Ал Чехияда ел намысын қорғайтын үшінші теннисшіміз Даниэль Тазабеков жоғарыдағы екі спортшыға қарағанда карьерасын екі жыл кеш бастаған. Елордадағы Ұлттық теннис орталығында Владимир Оганянның қол астында жаттыққан Даниэль бұл күндері Сербия астанасы – Белградтағы «Стари Кошутняк» теннис кешенінде Велько Барьяктаровичтің қол астында жаттығып жүр. Бойы – 175 см, салмағы – 62 кг. Солақай, бэкхендті қос қолмен орындайды. Топырақ төсенішінде ойнағанды қолай көреді.

Әлем біріншілігі 6 тамызға дейін жалғасады.