Кез келген аймақтың дамуы ауыл мен ауданның көрсеткішіне тығыз байланысты екені белгілі. Көрсеткіш болғанда да бұрынғыдай сан қуып, сапаны ұмыт қалдырып, жоғары цифрларды қоя салатын уақыт кетті. Жуырда өткен жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев алда өңірдегі өзекті мәселелерді саралап, нақты жағдайға талдау жүргізуді тапсырған болатын.
Осы тапсырмаға орай алғашқы болып Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев өзі басқаратын өңірде атқарылған жұмыстарды баяндады. Мәжіліске облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер мен қоғамдық кеңес төрағалары, тиісті мемлекеттік орган басшылары қатысты.
Аудандар дамуын бағалауда әлеуметтік-экономикалық көрсеткішке, жоғары тұрған органдар мен облыс әкімінің тапсырмаларының орындалу барысына, ауданның кадрлық әлеуеті мен қоғамдық-саяси ахуалға баса назар аударылды.
Осы жылғы алты айда негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер рейтингінде Сырдария төртінші орын алып, орташа даму динамикасын көрсетіп отыр. Облыс басшысы жыл басынан бері Сырдария құрылыс жұмыстары көлемінің төмендеуіне жол берген жалғыз аудан екенін еске салып, алда жоспарлы көрсеткіштерге мұқият көңіл бөлуді және салынған нысандардың толық есебін жүргізіп, статистикалық органдарда тіркелуін қамтамасыз етуді тапсырды. Аудан бюджетіндегі кірістер бөлігінің орындалмау қаупі байқалып тұр. Республикалық бюджеттен нәтижелі жұмыспен қамту бағыты бойынша бөлінген қаражат толық игерілмеуі мүмкін.
Ауданда жұмыс орындарын құру, индустрияландыру бағдарламасы аясында жобаларды іске асыру бойынша жұмыс қарқыны баяулаған.
– Сырдария кәсіпкерлік саласы бойынша кенже дамыған аудандар қатарында тұр. Оның себебін ауданның Қызылорда қаласына жақын орналасқанынан іздейтіндер бар. Мұны қайта зор мүмкіндік дер едім. Аудан басшысына осындай географиялық орналасу ерекшелігін пайдаланып, Қызылорда қаласының айналасынан азық-түлік белдеуін құруды тапсырамын. Ол үшін ауданда бақша, көкөніс өнімдерін өсіруге және мал, құс шаруашылығын дамытуға жеткілікті жағдай жасалған. Осы жұмыстардың тиімді ұйымдастырылуы азық-түлік бағасын тұрақтандыруға оң әсерін тигізері сөзсіз, – деді өңір басшысы.
Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына кешенді қолдау көрсетуді үйлестіру мақсатында барлық өңірде отбасын қолдау орталықтарын ашуды тапсырғаны белгілі. Бірақ Сырдария ауданында осы уақытқа дейін «Бақытты отбасы» әлеуметтік бөлімі ашылмаған. Облыс әкімінің тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар бақша өнімдерімен қамтуы үшін қосымша 464 гектар егістік жер дайындау туралы тапсырмасы да толық орындалмай отыр. Сондықтан аудан әкіміне осы бағыттағы жұмысты тез арада қолға алуды тапсырды. Ауданда айналым схемасы арқылы кәсіпкерлік субъектілеріне займ беру жұмыстары мүлдем ұйымдастырылмағаны да айтылды. Бюджет қаражатын тиімді әрі сапалы игеру, ауданда құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарды уақтылы пайдалануға беру және азық-түліктің басым бөлігі сырттан тасымалданатын өңірде егіншілікпен айналысам деушілерге жер телімдері табысталатынын кеңінен ақпараттандыру, келесі егін маусымына қазірден әзірлену міндеттелді. Кадрлық әлеуетті дамытуға байланысты аудандарда кейбір лауазымды тұлғалар, әсіресе мектеп және балабақша директорлары бір орында ұзақ жылдар бойы тапжылмай отыратыны айтылып, оларды заңнама аясында ротациялауды қарастыру тапсырылды. Соңғы кездері ауданда кейбір қылмыс түрлері өскені байқалады. Бұл ретте құқық қорғау органдары жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп, жаппай рейд ұйымдастырып, тұрғындарға сақтық шаралары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізгені жөн. Бұл жұмыстарды іске асыру барысында облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер мен қоғамдық кеңес мүшелері де белсенді атсалысуы керек.
Қармақшы ауданының әкімі Әділбек Ерсұлтанов та түйткілді мәселелерді шешу үшін атқарылған жұмысты баяндады. Жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысында Қармақшы 6 орында тұр. Он көрсеткіш арасында өнеркәсіп өндірісі, өңдеу өнеркәсібі мен шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнім көлемі көңіл көншітпейді. Осыны ширатуды тапсырған облыс әкімі ауданда жұмыс орындарын құру, индустрияландыру бағдарламасы аясында жобаларды іске асыру бойынша да қарқын баяулағанын атап өтті.
– Қармақшының кәсіпкерлік саласы кенжелеп қалған аудандар қатарында екені индустриялық аймақта бес жылдан бері жаңа жоба орналаспағанынан да көрініп тұр. Аудан әкімдігі бизнес бастаймын, кәсібін кеңейтемін деген ынталы азаматтармен тығыз жұмыс істеп, оларға шынайы қолдау көрсетуге тиіс. Өңірде бақша, көкөніс өнімдерін өсіруге және мал, құс, балық шаруашылығын дамытуға жеткілікті жағдай жасалған. Сондықтан осы жұмыстарды тиісті деңгейде ұйымдастыру аса маңызды, – деді өңір басшысы.
Соңғы кездері Қармақшыда жол-көлік оқиға салдарынан қайтыс болғандар санының күрт өскеніне де назар аударылды. Бұл ауданда да «Бақытты отбасы» орталығы бөлімінің ашылуы кешеуілдеп тұр. Президент Әкімшілігінің тікелей бақылауындағы мүлік иелерінің бірлестіктерін құру мәселесі де тиянақтылықты талап етеді. Осы бағыттағы жұмысты тез арада қолға алу жүктелді.
Барлық ауданның көрсеткіші осылай сараланады. Әрқайсысының әлеуметтік-экономикалық дамуы бақылауда болып, межелі көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған аудан әкімдері мен өзге де лауазымды тұлғаларға шара қолданылады.
Қызылорда облысы