«Магиялық реализм» терминін алғаш рет неміс өнертанушысы Франц Ро сурет өнеріне қолданды. Одан соң Ортега-и-Гассет магиялық реализмнің әдебиеттегі орны жайлы сөз қозғады. Латын Америкасы прозасында XX ғасырдың орта тұсында термин бірегей бағытқа айналып, әлем оқырмандарының жоғары қызығушылығына ие болды.
Магиялық реализм – шығарманың магиялық, фантастикалық, мифтік сарындар арқылы көркемделген, тереңдікке сүңгіген түрі. Бағыт неге Латын Америкасынан кең түрде көрініс тапты? Латын Америка жерінің арғы қоныстанушылары, тегі Түркіден тарағаны бүгінгі ғылымда дәлелденіп отырған үндістердің жеке мәдениеті, үнді аңыздары, үнді ауыз әдебиеті испантілді жазушылардың қызығушылығын тудырған еді. Бүгінгі испан қоныстанушыларының көп бөлігі кешегі үнді халқының ұрпақтары екені де даусыз. Колумбқа дейінгі үнділік цивилизация, ацтек, майя, чибча, инки тайпаларының ойлау жүйесі, танымдық ерекшеліктері жазушыларға жаңа серпін берді. Әсіресе перулік кечуа тілінде жазып, кечуа халқының этнографиялық бай мұраларын жинаушы пірадар Франсиско де Авила еңбектері, Эльдорадо жайлы миф әзірлеуші Педро Симон, тупи тілі грамматикасының алғашқы авторы, Канариялық арал қоныстанушыларының ұрпағына жататын испандық пірадар Жозе ди Аншиета еңбектері – ақын-жазушылардың сана көкжиегін жаңа бағытқа бұрды.
Хорхе Луис Борхес, Габриэль Гарсия Маркес, Алехо Карпентьер, Жоржи Амаду, Хули Кортасар – біз айтып отырған мұзжарғыштар легінің авангардтары.
Кубалық Алехо Карпентьердің «Жер патшалығы» романында магиялық реализм мен «таңғажайыптар» бейнесі көрінеді. Романда алғашқы Латын Американы жаулаушы халықтардың мифологиялық санасы мен құрлықтың алуан түрлі сиқырлы жады көрініс табады. Тұтас роман жолбарыс терісі түстес фантастикалық жолақтарға құрылған. Романның басты кейіпкерінің бірі Макандаль оқыстан жоғалып кетіп, адамдарды әрі-сәрі күйге түсіреді. Әртүрлі жан-жануарға, жәндікке айналатын қабілетке ие болады. «Жаратушы аңға, құсқа, жәндіктерге айналу қабілетін дарытқан Макандаль шынында да жазықтағы поместьелерге келіп тұратын-ды. Жақтастарын бақылап, олардың әлі де болса өзін күтіп жүргеніне көз жеткізетін. Сан түрлі сыртқы өзгеріс арқылы жануарларға айналатын жалғызқол мүгедектігінен де құтыла алатын, әрі қалаған жеріне де барып тұра алатын. Бүгін қанаттыға айналса, ертесіне желбезекті балыққа айналып, келесі күні малша жортып жүрмек-ті. Енді бірде бауырымен жорғалаушы болып шыға келетін. Жерасты сулары, жағалаудағы үңгірлер, ағаштардың ұшары тегіс соған тиесілі еді».
Романдағы оқиға желілері қым-қиғаш, сан түрлі бояуларға толы. «Жер патшалығы» – магиялық реализмнің алғашқы қарлығаштарының бірі болатын. Борхестің «Ажалсыз» атты шығармасында фантастикалық, мифтік сюжеттер оқырманды өзге кеңістікке, жаңаша ойлауға үндейді. «Иллиаданың» соңғы томының арасынан табылған қолжазбаны баяндау арқылы Борхес түпсіз тұңғиыққа, Гомер дәуіріне сүңгіп, өзімен тікелей тілдеседі.
«Түні бойы көз ілмей шықтым. Жүрегімде бір кереметтер болып жатқан. Таң алдында орнымнан тұрдым. Құлдарым ұйықтап жатыр. Айдың түсі төңіректегі шөлейт даладан аумай қалыпты. Шығыс қапталдан үсті-басын қан жуған жаралы салт атты келе жатты. Маған бірнеше қадам қалғанда атынан ауып түскен. Ол әлсіреген дауыспен латын тілінде қала қабырғасын шайып жатқан өзеннің қалай аталатынын сұрады. Мен өзеннің Мысыр аталатынын, жауын суынан нәр алатынын айттым. Әлгі қайғылы дауыспен «менің іздегенім – адамдардың ажалын шайып тастайтын басқа өзен» деді. Кеуде тұсынан қоп-қоңыр қан саулап жатты. Жолаушы өзінің Ганганың арғы бетіндегі таулардан шыққанын, ондағы адамдарда «жердің шеті бітетін ең қиыр батыста суы адамға бақилық өмір сыйлайтын өзен жатыр» деген сенім барын айтты».
Борхестің осы үзіндісін оқып, оқырман санасы алыс түкпірлер мен ну жынысты экзотикалық орманға енгендей әсер алады. Жаратылыс жұмбақтары өзі өлшеген сызғыштан әлдеқайда ұзын екенін аңғарады. Иә, Борхес ақыл-ой пернелерін соңғы түкпіріне дейін баса алған, шексіздік тілін меңгерген жазушы. Тіпті сана теңізі тасығанда тау кеуде Шекспирді келекелеп, ол жайлы ойдан сюжет құрады. «Ажалының алдында яки өлгеннен соң ол Құдайдың алдында болып: «қателіктен бірнеше адамның кейпінде болыппын. Енді өзім – өзім болсам деймін» депті. Дауылдар арасынан Жаратушы былайша пәрмен түсіріпті: «Менің өзім де – өзім емеспін; Шекспирім менің, сен жазған шығармалардай етіп, мен де бұл дүниені ойдан шығарғам. Менің түстерімнің бір елесі – өзімнен аумай қалған өзіңсің! Оның мазмұны «бәрі болғансын – бірақ ешкім де емессің» дегенге саяды». Иә, паң Борхес, тәкаппар Борхес солай дейді. Сірә, ұлылардың бір-бірінің кеңістігіне әжуа добын лақтыруы бұл бір емес, мұндай «келеңсіз» оқиға көптеп танылады.
Магиялық реализм бағыты Орталық Азия әдебиетіне, оның ішінде қазақ әдебиетіне де едәуір ықпал етті. Бұл жайлы кеңірек сөз етуге болады.