Италияның бас шаһары – Римде өткен күрес түрлерінен 17 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионаты мәресіне жетті. Дүниежүзілік додада өнер көрсеткен Қазақстан құрамасының спортшылары Италияда 2 алтын, 3 қола медаль жеңіп алды.
Әлем чемпионатындағы екінші алтынды ел қоржынына жарыстың соңғы күнінде 92 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Камиль Куруглиев салды. Финалда ол мажарстандық Мусу Арсункаевты 11:0 есебімен ойсырата жеңіп, тұғырдың ең биік сатысынан көрінді.
Айта кету керек, Камил – балуандар әулетінің өкілі. Ол – кезінде Қазақстан ұлттық құрамасының сапында бірталай халықаралық жарыста өнер көрсетіп, әлем чемпионатының қола медалін жеңіп алған, Азия ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері болған балуан Магомед Куруглиевтің ұлы.
Қазақстан құрамасы сапынан Италиядағы бәсекенің алғашқы алтынын 55 кило салмақта күрескен еркін күрес шебері Дарын Әскербек жеңіп алған болатын. Сонымен қатар жарыстың алғашқы күнінде грек-рим күресінің екі өкілі – Арсен Жұма (48 кг) мен Юсуф Ашрапов (60 кг) және қыздар күресінен Алина Ертөстік (73 кг) қола жүлде олжалаған еді.