Шайбалы хоккейден Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін елорданың «Барысы» кейінгі аптада трансфер базарында өте белсенді бола бастады. Андрей Скабелка жетекшілік ететін қазақстандық команда трансфер маусымы ашылғалы бері құрамын шетелдік бес легионермен толықтырып, ҚХЛ-дың өткен маусымында тәуір өнер көрсеткен 10 хоккейшіні командада сақтап қала алды. Ал осы уақыт аралығында «Барыстан» бас-аяғы 12 ойыншы кетіп үлгерді.
Биылғы маусымаралық үзілістегі «Барыстың» кадрлық ауыс-түйісіне назар салатын болсақ, клуб қатарын қорғаушылар – Михаил Григорьев (Ресей) пен Джесси Грэм (Канада), америкалық шабуылшылар – Джереми Бракко мен Энтони Луис және ресейлік Кирилл Максимов толықтырды.
2011 жылы Өфөнің «Салават Юлаев» клубымен бірге Гагарин кубогында топ жарған 31 жастағы ресейлік қорғаушы Михаил Григорьев елордалық команда сапында келесі жылдың 30 сәуіріне дейін өнер көрсетеді. Ол 2012/13 жылғы ҚХЛ маусымында «Барыс» клубында ойнағанын да айта кетейік. Михаил Григорьев әр жылдары «Авангард», «Спартак», «Динамо» (Мәскеу) клубтары жейдесінде мұзайдынға шығып, былтырғы маусымды Магнитогорскінің «Металлургында» өткізді. Гагарин кубогының финалына дейін жеткен ол бір маусымда 24 ойында мұзайдынға шығып, екі мәрте әріптестеріне нәтижелі пас асырған. Аса жақсы нәтиже емес, әрине.
28 жастағы канадалық хоккейші Джесси Грэм мен «Барыс» арасындағы келісім бір маусымға жоспарланған (2023 жылдың 30 сәуіріне дейін). Әр жылдары Солтүстік Американың түрлі лигаларында өнер көрсеткен қорғаушы былтырғы маусымды Германияның «Пантер» клубында өткізді. Германия чемпионатында 52 матчта мұзайдынға шығып, 42 (3+39) ұпай жинаған. Бұл нәтижемен ол өз командасының үздік бомбардирі атанып, лиганың ең нәтижелі қорғаушылары тізімінде екінші орынға ие болды.
Сондай-ақ «Барыс» жуырда америкалық шабуылшы Джереми Браккомен де біржылдық келісімшарт жасасқанын хабарлады. Бракко да Джесси Грэм сияқты карьерасын Солтүстік Америка клубтарында бастаған. АҚШ-тың жасөспірімдер және жастар құрамасына шақырту алған ол 2015 жылы жастар сапында әлем чемпионы атанды. 2015 жылдан бастап «Торонто» және «Торонто Марлис» клубтарында өнер көрсеткен шабуылшы былтыр өз бағын Германия біріншілігінде сынап көрді. Жергілікті «Крефельд Пингвин» жейдесін киген ол өткен маусымдағы 54 матчта 54 (14+40) ұпай жинап, командасының ең үздік шабуылшысы атанды. Сондай-ақ нәтижелі пас бойынша да үздік шықты.
«Барыс» сапын толықтырған тағы бір америкалық шабуылшы Энтони Луистің де өткен маусымдағы нәтижесі жаман емес. Былтыр «Далластың» фарм-клубында өнер көрсеткен 27 жастағы хоккейші тұрақты чемпионаттың 66 матчында мұзайдынға шығып, 55 (24+31) ұпай жинаған. Бүгінге дейін ол Солтүстік Американың түрлі лигаларында өнер көрсетіп, АҚШ-тың жасөспірімдер мен жастар құрамаларына шақырту алған. 18 жасында «Чикаго» командасының ойыншысы атанған ол кейінгі алты жылын Америка хоккей лигасында (АХЛ) өткізген. Енді ҚХЛ-дың алдағы бір маусымында елордалық клубты жоғары орындарға сүйреуге тырысып бағады.
Сонымен қатар елордалық ұжым Мәскеудің ЦСКА клубынан шабуылшы Кирилл Максимовты бір жылға жалға алды. 23 жастағы Максимов өзінің хоккейдегі спорттық жолын Солтүстік Америкада бастаған. 2017 жылы «Эдмонтон» құрамында ойнаса, 2020/21 жылғы маусымда ЦСКА жүйесінде өнер көрсетіп, ҚХЛ-да 16 матч өткізді (3 ұпай, 2+1). Былтыр Финляндия чемпионатында бақ сынаған ол «Юкурит» клубы сапында 28 кездесуде 9 (4+5) ұпай жинаған. Шабуылшы үшін мұны да аса жоғары көрсеткіш дей алмасақ керек.
Жаңа ойыншыларды сатып алумен қатар, елордалық клуб ҚХЛ-дың былтырғы маусымында нәтижелі ойынымен көзге түскен шабуылшылар Никита Михайлис, Аркадий Шестаков, Юрий Петухов, Линден Вей және қақпашы Андрей Шутовпен жаңа келісімшарт жасасқанын хабарлады.
Спорттық мансабын бастағалы бері тек «Барыс» жүйесінде ойнап келе жатқан Н.Михайлис пен елордалық клубта 2015 жылдан бері өнер көрсететін Егор Петухов және «Барыста» үшінші маусымын өткізгелі жатқан Линден Вей келісімшартын бір жылға жаңартқан. Ал Юрий Петухов пен Андрей Шутов «Барыста» тағы екі маусым өнер көрсететін болды. Ал Кирилл Савицкий, Антон Сагадеев, Егор Шалапов клубпен келісімшарттарын ұзартса, Әділ Бекетаев пен Әлихан Әсетов команданың квалификациялық ұсынысын қабылдап, «Барыспен» бірге екендіктерін дәлелдеді.
Сондай-ақ қазіргі таңда «Барыс» сегіз хоккейшімен 31 тамызға дейін сынақ келісімшартын жасаған. Атап айтар болсақ, олар – Максим Минеев, Эмиль Нұрғалиев, Владислав Сёмин, Юрий Сергиенко, Тимур Фаткуллин, Владимир Михасёнок, Батырлан Мұратов және Михаил Рахманов. Бапкерлер құрамы сынақ мерзімі біткен соң жаттығуда шеберлігімен көзге түскен хоккейшілері мен әрі қарай ұзақ мерзімді келісімшарт жасаса алады.
Өкінішке қарай, «Барыс» елордалық клубта 14 маусым өткізген, осы уақыт аралығында клубтың лидері бола білген Роман Старченконы командада сақтап қала алмады. Басқа-басқа, клуб, біздіңше, өзінің ардагер ойыншысын қалай да ұстап қалуға тырысуы керек еді. Оның соншалықты көп қаржы талап етпегені де түсінікті. Есесіне Ресейдің ортаңқол, тіпті одан да төмен хоккейшілерін өз санатына қосып алудан аяқ тартар емес. Ал Қазақстан құрамасының капитаны ҚХЛ-ға келген сәттен бастап күні кешеге дейін тек «Барыс» сапында өнер көрсетті. Осы уақыт аралығында ол 740 матчта мұзайдынға шығып, 377 ұпай жинаған. Старченко өткен маусымда «Барыс» сапында 41 кездесу өткізіп, өз еншісіне 24 (9+15) ұпай жазды. Роман алдағы маусымды Мәскеудің «Спартак» клубында өткізеді.
«Барыстың» маусымаралық үзілістегі трансфер саясатына және оқу-жаттығу жиынындағы дайындығына бір айдан кейін басталатын ҚХЛ-дың жаңа маусымы барысында баға беруге болады. Оған дейін елордалық клуб 16 тамызда дәстүрлі «Президент кубогында» өнер көрсетіп, жаңа маусым алдындағы дайындығын тағы бір пысықтап алады. Турнирге «Барыстан» бөлек, «Автомобилист», «Нефтехимик» және «Металлург» командалары қатысады.