Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша былтыр Қазақстанға келген туристер саны рекордтық деңгейге жеткен. Яғни пандемия салтанат құрған жылдан кейін елімізге 6,9 миллион адам келген екен. Сала мамандарының айтуынша, бұл көрсеткіш биыл бұдан да жақсара түспек.
Мәселен, Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың мәліметі бойынша туристік дестинацияларға келушілер саны биыл күрт артқан. Атап айтқанда, Щучинск-Бурабай курорт аймағына келушілердің саны осы жылдың 7 айында 550 мың адамға жеткен. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың алғашқы жеті айымен салыстырғанда 2 есеге өскен. Жыл соңына дейін Бурабайға келетін туристер саны 1 миллионнан асады деген болжам бар.
Сондай-ақ былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, «Шымбұлақ» тау курортына келген туристердің саны екі есеге өскен. І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Алматы тау кластерінің ұлттық парктеріне келушілер саны 50%-ға артқан. Биыл ұлттық парктерге 2 млн-ға жуық адам барады деп болжануда.
«EQonaq статистикалық деректеріне сәйкес апта сайын Қазақстанға кемінде 11 мың шетелдік турист келеді. Шетелдіктерді орналастыру орындарында тіркеу бойынша көшбасшылар: Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары және Маңғыстау облысы. Биылғы наурыздан бастап өсім 136%-ды құрады», деді вице-министр.
Шетелдік келушілер санының өсуі халықаралық әуе қатынасын қалпына келтірумен, визасыз режімді енгізумен және оны ырықтандырумен тікелей байланысты.
Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегі бойынша туризмнің жаһандық рейтингінде Қазақстан 2021 жылы өз позициясын жақсартып, 117 елдің арасында 66-орынға ие болды. Ал 2019 жылғы көрсеткіште Қазақстан 140 елдің ішінде 80-орында тұрған болатын.
Сонымен қатар еліміз «Баға бойынша бәсекеге қабілеттілік» санатында бірінші орында тұрса, «Туризм маусымы» бойынша 26-орынға, «Табиғи ресурстар» санатында – 33-орынға, «ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра объектілерінің саны» бойынша 42-орынға жоғарылаған.