Бұл күндері Үндістанның оңтүстік-шығысында орналасқан Ченнаи қаласында шахматтан ерлер және әйелдер арасындағы олимпиада өтіп жатыр. Биыл 44-ші рет жалауы желбіреген жарыста Қазақстан құрамасының да зерделілер ойыны шеберлері өнер көрсетуде.
Ең алғаш 1927 жылы «Ұлттар турнирі» ретінде ұйымдастырыла бастаған шахматшылар бәсекесі 1940 жылдан бастап шахмат олимпиадасы деген атаумен екі жылда бір рет өткізіліп келеді. Ұлыбритания астанасы – Лондонда бастау алған жарыс 1931 жылға дейін жылына бір мәрте ұйымдастырылса, 1933 жылдан кейін жиілігін екі жылға ұзартты.
Биыл 44-ші рет өткізіліп жатқан олимпиадаға 186 мемлекеттің спортшылары қатысуда. Жарыстың алғашқы төрт турының қорытындысы бойынша Қазақстанның қыздар құрамасы үш матчта жеңіске жетіп, соңғы ойынында қарсыластарымен тең түсті. Ал ерлер арасындағы сайыста жерлестеріміз олимпиаданы сәтті бастағанымен, екінші турда Тәжікстанға есе жіберді. Бірақ кейінгі екі кездесуде жеңіс туын желбіретті.
Бибісара Асаубаева бастаған қыздар құрамасы алғашқы айналымда Гватемала шахматшыларымен шеберлік байқасып, 4:0 есебімен басым түсті. Екінші раундта Бельгия құрамасын тізе бүктірді – 3-1. Бибісара Асаубаева мен Назерке Нұрғали өз ойындарында жеңіске жетсе, Жансая Әбдімәлік пен Ксения Балабаева тең ойнады. Перу құрамасымен болған үшінші турда да 3:1 есебі тіркелді. Б.Асаубаева, К.Балабаева және Г.Нақбаева қарсыластарынан басым түссе, Н.Нұрғали жеңіліп қалды. Ал әзірге соңғы, төртінші турда Моңғолия шахматшыларымен тең ойнады – 2:2. Қазақстан құрамасына жалғыз жеңісті Ксения Балабаева сыйлады. Бибісара мен Гүлісхан тең нәтиже көрсетсе, Назерке қарсыласына жол берді.
Қазақстан ерлер құрамасы алғашқы айналымда қытайлық Тайпеймен кездесіп, 3:1 есебімен үстемдік танытты. Бұл кездесуде Қазыбек Нөгербек пен Әлішер Сүлеймен жеңіс тойын тойласа, Арыстан Оразаев пен Мұртас Қажығалиев тең нәтижеге қол жеткізді. Өкінішке қарай, жерлестеріміз екінші матчта Тәжікстан шахматшыларына жол берді – 1,5-2,5. Алайда кейінгі екі турда Ливанды – 4:0, Марокконы 2,5:1,5 есебімен жеңді.
Кеше Қазақстан ерлер құрамасы Латвия құрамасымен, қыздарымыз Куба шахматшыларымен шеберлік байқасты. Шахмат олимпиадасында спортшылар швейцариялық жүйе бойынша 11 тур ойнайды.