Теннистен Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Чехияның Простеев қаласында өтіп жатқан командалық әлем чемпионатында былтырғы жеңімпаз – Италия құрамасын тізе бүктірді.
Кортқа бірінші болып жерлестерімізден Даниэль Тазабеков шығып, Сальваторе Тартальонемен шеберлік байқасты. Алғашқы партияда Даниэль қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0. Екінші сеттің бесінші геймінде брейк жасап, сол басымдығын матч соңына дейін сақтап қалды – 6:3. Заңғар Нұрланұлы мен Антонио Марильяно да аса тартысты матч өткізді. Бірінші партияда италиялық спортшының бағы жанды – 6:4. Екіншісінде де ол «ә» дегеннен 3:1 есебімен алға шықты. Дегенмен одан кейінгі сеттерде Заңғар таразы басын теңестіріп қана қоймай, партияны өз пайдасына жазды – 6:4. Үшінші, шешуші партияның сегізінші геймінде қазақстандық теннисші брейк жасап, содан кейін өзі доп бергенде матчтың нүктесін қойды – 6:3.
Осылайша, әлем чемпиондарын ұтқан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы тарихта алғаш рет дүниежүзілік доданың ширек финалына шығып, үздік сегіз команданың қатарына енді. Жерлестеріміз топтық кезеңнің алғашқы матчында Эквадорға 1:2 есебімен жол берсе, келесі күні Аргентинаны дәл осындай есеппен жеңген еді.