Үндістандағы дүниежүзілік шахмат олимпиадасының алтыншы күнінде бірқатар тосын нәтиже тіркелді. Қазақстанның ерлер құрамасы бұл турда Чехиядан басым түссе, қыздар құрамасы Әзербайжан шахматшыларына жол берді.
Ерлер арасындағы алтыншы тур бәсекесінде қазақстандықтар әлемдік рейтингте 13-орында тұрған Чехия құрамасымен жолығып, 2,5-1,5 есебімен айласын асырды. Қазыбек Нөгербек пен Арыстанбек Оразаев қарсыластарын жеңіп, бір-бір ұпайға қол жеткізсе, Ринат Жұмабаев тең ойнады. Ал Әлішер Сүлейменов жеңіліп қалды. Айта кетейік, Қазыбек Нөгербек қатарынан алты ойында қарсыластарынан басым түсіп отыр.
Өкінішке қарай, қыздарымыз Әзербайжан шахматшыларының қарқынына төтеп бере алмады – 1:3. Бұл ойында Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаева тең ойнаса, Ксения Балабаева мен Гүлісхан Нахбаева қарсыластарына есе жіберді.