УЕФА Конференция лигасының іріктеу кезеңдерінде өнер көрсетіп жатқан қазақстандық «Тобыл» мен «Қызылжар» клубтары өткен аптада үшінші айналымдағы алғашқы ойындарын өткізіп, екеуі де сырт алаңда бір доп айырмасымен жеңіліп қалды.
Еурокубок бәсекесінің екінші іріктеу кезеңінде сенсация жасап, Хорватияның даңқты «Осиек» клубын екі матч қорытындысы бойынша (3:2) тізе бүктірген «Қызылжар» үшінші кезеңде Еуропаның тағы бір азулы ұжымдарының бірі – АПОЭЛ-мен кездесті. Кипр біріншілігінің 28 дүркін жеңімпазы кейінгі жеті жылда қазақстандық клубтармен осымен бесінші мәрте жолықты. «Астанамен» Чемпиондар лигасы және Еуропа лигасында үш мәрте, «Қайсармен» Еуропа лигасында бір рет жасыл алаңда жолдары түйіскен еді. Енді, міне, Никосия командасы «Қызылжармен» Конференция лигасы аясында кездесіп тұр.
Кипрдің бас шаһары – Никосиядағы 12 мың жанкүйер сыятын «Панкиприя» стадионында өткен екі ұжым арасындағы алғашқы кездесуде алаң иелері мықтылық танытып, қазақстандық маман Әли Әлиев жаттықтыратын «Қызылжарды» 1:0 есебімен жеңіп кетті. «Осиекпен» болған сырт алаңдағы қарымта матчта шабуылға көбірек көңіл бөлген Ә.Әлиев бұл жолы қорғанысқа баса мән беріп, алаңға бірінші минуттан бастап бес қорғаушы, төрт жартылай қорғаушыны шығарды. Бас бапкердің бұл тактикасы өз жемісін берді деуге болады.
Төрешінің ысқырығы шалынғаннан бастап матчтың 90 минутына дейін алаң иелері бір сәтке дамыл таппай, үнемі шабуылдаумен болды. Ойынның есебін жылдам ашуға тырысқан АПОЭЛ футболшылары алғашқы 20-25 минутқа дейін Мирослав Лобанцев қорғаған «Қызылжар» қақпасына бірнеше рет қауіпті соққы жасағанымен, гол соға алмады. Дегенмен танымсыз шабуыл ақыр соңында өз нәтижесін беріп, алаң иелері кездесудің 27-минутында дегендеріне жетті. Айып алаңының сыртынан әріптесінен тамаша пас алған Георгиос Эфрем М.Лобанцевтың қақпасына әуелете соққы жасап, матчтың есебін ашты. АПОЭЛ бірінші таймда «Қызылжар» қақпасына төрт дәл соққы жасап, соның біреуін ғана голға айналдыра алды. Ал Мирослав Лобанцев үш мәрте сейв жасады.
Алаң иелері екінші таймда да шабуылдарын бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Бірақ қанша тырысса да, екінші 45 минутта қазақстандық команданың қорғанысын бұза алмады. «Қызылжардың» 27 жастағы қақпашысы екінші таймда да жұмыссыз қалған жоқ. Ол бұл жолы да үш мәрте көзге түсіп, қақпасын голдан аман сақтап қалды. 90 минут бойы қарсылас команданың қақпасына жарытып соққы жасай алмаған «Қызылжар» футболшылары 78-минутта АПОЭЛ қақпашысы Вид Белецтің қателігін пайдаланып, гол соққан еді. Алайда қапталдағы төреші жалаушасын көтеріп, Мусса Коненің ойыннан тыс қалғанын бас төрешіге ескертті. Осылайша, АПОЭЛ мен «Қызылжар» арасындағы кездесудің бірінші ойыны алаң иелерінің пайдасына аяқталды – 1:0.
Енді барлық мәселе 11 тамыз күні елордадағы «Астана Аренада» өтетін қарымта матчта шешіледі. «Осиекті» сырт алаңда 2:0 есебімен тізе бүктірген «Қызылжар» АПОЭЛ-ді өз алаңында да қапы қалдырады деп сенеміз. Өйткені өз үйіңде қабырғалар да көмектеспеуші ме еді?..
Сондай-ақ дәл осы күні Қостанайдың «Тобылы» да сырт алаңда алғашқы кездесуін өткізіп, Босния және Герцеговинаның «Зриньски» клубынан 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Екінші айналымда Гибралтардың «Линкольн Ред Импс» ұжымын сенімді түрде жеңген (3:0) «Тобыл» бұл кезеңде қолда тұрған тең есепті сақтап қала алмады.
Боснияның былтырғы чемпионы «Зриньски» Еурокубоктағы жолын «Тобыл» сияқты Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен бастаған. Алғашқы айналымда Молдованың «Шериф» клубынан бір доп айырмасымен жеңіліп қалған соң, Конференция лигасына түсіп қалды. Аталған лиганың екінші іріктеу кезеңінде олар Албанияның «Тиранасымен» ойнап, екі ойында да қарсыластарынан басым түсті. Сөйтіп үшінші іріктеу кезеңінде «Тобылға» қарсылас атанды.
Боснияның Мостар қаласында орналасқан Bijeli Brijeg стадионында өткен екі клуб арасындағы матчтың алғашқы таймында алаң илері допқа иелік ету, қауіпті шабуыл ұйымдастыру бойынша да аздаған басымдыққа ие болғанымен, Александр Мокин қорғаған қақпаға гол соға алмады. Ал екінші таймның бас жағында алаң қожайындарының жартылай қорғаушысы Йосип Чорлука дөрекі ойыны үшін төреші тарапынан екінші мәрте сары қағазбен жазаланып, алаңнан қуылды. Сөйтіп алаңда бір футболшысы көп болып ойнаған «Тобыл» шабуылға шыға бастады. Алайда «Зриньски» бір адам кем болып ойнаса да қорғанысқа жатып алмай, қарсы шабуылға иек артып отырды. Кездесудің 76-минуты өтіп жатқанда алаң иелері кезекті бұрыштама орындайтын мүмкіндік алды. Айып алаңына пас асырмақшы болған Нико Янкович допты Мокин қорғаған қақпаның алыс бұрышына дәл көздеп, гол соғып кетті – 1:0.
Қостанайлықтар матчтың қалған минутында таразы басын теңестіруге тырысқанымен, онысынан түк шықпайды. 84-минутта ойын ережесін бұзып, төрешімен сөз таластырғаны үшін «Тобылдың» орталық қорғаушысы Жарко Томашевич те қызыл қағазбен жазаланып, ол да алаңнан қуылды. Матчтың қалған уақытында гол соғылған жоқ.
«Тобыл» да сырт алаңдағы алғашқы ойында жеңілгенімен, келесі кезеңге шығу мүмкіндігін сақтап қала алды. Енді екі клуб арасындағы қарымта кездесу 11 тамыз күні Қостанайдағы «Орталық» стадионда өтеді.