Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы Үндістанда өтіп жатқан дүниежүзілік олимпиаданың кезекті тур ойынында Болгарияны жеңіп, әлемдік рейтингте үшінші орынға көтерілді.
Тоғызыншы тур аясында өткен бәсекеде жерлестеріміз Болгария шахматшыларынан 3:1 есебімен басым түсті. Бұл кездесуде Жансая Әбдімәлік пен Гүлісхан Нақбаева Қазақстан құрамасына жеңіс сыйласа, Бибісара Асаубаева мен Ксения Балабаева кездесуді тең есеппен аяқтады. Тоғыз турдан кейін әйелдер арасындағы әлемдік рейтингте Польша құрамасы көш бастап тұр. Екінші орынға Үндістан құрамасы жайғасқан. Үздік үштікті Қазақстан шахматшылары түйіндеп тұр.
Ал Қазақстанның ерлер құрамасы тоғызыншы турда Сербия құрамасымен ойнап, 1:3 есебімен ұтылып қалды. Мұртас Қажығалиев пен Арыстанбек Оразаев ойындарын тең аяқтаса, Ринат Жұмабаев пен Әлішер Сүлейменов жеңіліп қалды. Жерлестеріміз бұл сәтсіздігінен кейін әлемдік рейтингте 25-орынға түсті.