Болгарияның бас шаһары – Софияда ұйымдастырылған таэквондодан жастар арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті.
Нұрболат Жаңбыров жетекшілік ететін Қазақстан жастар құрамасы әлемдік сында екі күміс және төрт қола медаль жеңіп алды. Бір аптаға жалғасқан дүниежүзілік бәсекеде қыздар арасында өнер көрсеткен Айдана Сүндетбай (46 кило) мен ерлер арасында жарыс жолына шыққан Темірлан Тілеулес (51 кило) бас жүлде үшін өткен финалдық жекпе-жектерде Оңтүстік Корея спортшыларына есе жіберіп, әлем біріншілігінің күміс жүлдегерлері атанды.
Сонымен қатар ерлер құрамасының өкілдері Әсет Ізғалиев (48 кило), Жавохирхон Исламов (55 кило), Әлібек Шәйкенов (59 кило) және Батырхан Тілеуғали (59 кило) Софияда қола жүлдеге қол жеткізді. Айта кетейік, дүниежүзілік додаға әлемнің 90 елінен келген 811 спортшы бақ сынады. Қазақстан құрамасынан 20 спортшы өнер көрсеткен болатын.