Түркияның Конья қаласында жалауы желбіреген V Ислам ынтымақтастығы ойындары қазақстандық спортшылар үшін сәтті басталды. Жарыстың ресми ашылу салтанатына дейін жерлестеріміз 10 медаль жеңіп алды.
Бүгін Ислам ынтымақтастығы ойындарының ресми екінші жарыс күні өтіп жатса да, қазіргі таңда ел қоржынында 5 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль бар. Соның ішінде тоғыз жүлде велоспортшыларға тиесілі. Әйелдер арасында сынға түскен Рената Сұлтанованың бір өзі үш қашықтықта топ жарып, алтыннан алқа тақса, ерлер бәсекесінде Артем Захаров пен Әлішер Жұмақан мәреге бірінші болып жетті. Сондай-ақ Әлішер Жұмақан скретч бағдарламасы бойынша қола жүлдегер атанды. Ал Дмитрий Носков жекелей сында күміс жүлде еншілесе, Марина Кузьмина мен Светлана Пащенко қолаға қол жеткізді. Тағы бір қола жүлдені үстел теннисінен Денис Жолудев жеңіп алды.
Жалпыкомандалық есепте әзірге Түркия құрамасы топ бастап тұр. Анадолы елінің спортшылары бүгінге дейін 16 алтын, 14 күміс, 9 қола медаль жеңіп алған. Екінші сатыға Иран спортшылары жайғасқан. Олардың еншісінде 6 алтын, 10 күміс, 4 қола жүлде бар.