Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Чикагода (АҚШ) өтіп жатқан Челленджер турнирінің екінші айналымына өтті.
Қазақстан теннис федерациясының мәліметі бойынша, Кукушкин бастапқы кездесуін америкалық Говинда Нандамен өткізіп, екі сағаттан аса уақытқа жалғасқан тартысты бәсекеде 3:6, 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Енді жерлесіміз турнирдің екінші кезеңінде хорватиялық Борн Гойомен кездеседі. Ол алғашқы айналымда әлемнің 102-ші, осы жарыстың 1-ракеткасы швейцариялық Хенри Лааксоненді 3:6, 7:6 (7:5), 6:4 есебімен ұтқан.
Сондай-ақ Канаданың Торонто қаласында өтіп жатқан Мастерс додасында Юлия Путинцева жұптық сында америкалық София Кенинмен бірге алғашқы айналымда мажарстандық Анна Бондарь мен бельгиялық Кимберли Циммерманнан басым түсті – 7:6 (12:10), 7:5. Өкінішке қарай, Канаданың Монреаль қаласындағы турнирге қатысқан Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик алғашқы кездесуінде ұтылып, жарыстан шығып қалды. Сол сияқты Дмитрий Попко мен Тимофей Скатов та Чикагодағы және Сан-Маринодағы Челленджер турнирлерінің алғашқы айналымынан әріге аса алмады.