• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 12 Тамыз, 2022

Шахматшылардың тарихи жетістігі

180 рет
көрсетілді

Үндістанның Ченнаи қала­сында екі аптаға жалғасқан шахматтан ерлер және әйел­дер арасындағы 44-ші олимпиада өз мәресіне жетті. Әлемнің 186 мемлекеті қа­тысқан биылғы байрақты бәсекеде Қазақстанның қыз­дар құрамасы тарихи нәти­жеге қол жеткізіп, олим­пиада тарихында алғаш рет ТОП-5 үздік құраманың қатарынан көрінді.

Жарыстың соңғы күнінде қыз­да­рымыз Үндістанның үшінші құра­мымен кездесіп, 2,5-1,5 есебі­мен басым түсті. Бұл ойында қазақ­стандықтардан Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаева жеңіске жетсе, Ксения Балабаева тең ойнады. Өкінішке қарай, Гүлісхан Нақбаева қарсыласына жол берді.

Сөйтіп, 11 турдың 8 ойы­нын­да жеңіске жетіп, 2 рет же­ңіл­ген және бір ойында тең түс­кен Қазақ­стан­ның қыздар құра­ма­сы 17 ұпай жинап, биылғы олим­пиаданы бе­сінші орынмен тү­йіндеді. Бұл – олимпиада тари­хындағы қазақ­стандық зерделілер ойыны шебер­лерінің ең үздік нәтижесі. Бұған дейін жер­лестеріміз 2014 жылы Нор­ве­гия­ның Тромсе қаласында ұйым­дастырылған 41-ші шахмат олим­пиадасында алтыншы орын­ға табан тіреп, жанкүйерлердің қо­шеметіне бөленген еді.

Үндістанда өткен олимпиадада Қазақстан қыздар құрамасы сапынан Жансая Әбдімәлік (22 жас), Бибісара Асаубаева (18 жас), Ксения Балабаева (17 жас), Гүліс­хан Нақбаева (31 жас) және қосалқы құрам ойыншысы ре­тінде Назерке Нұрғали (18 жас) бақ сынады. Аталған бес шахмат­шының ішінде 2021 жылғы жылдам шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаева ғана барлық 11 турда ойнап шықты. Ең қызығы, олимпиадада демалыссыз өнер көрсет­кен отандасымыз бірде-бір қарсы­ласына есе жіберген жоқ. Ол – 4 ойын­да мықтылық танытса, алты кез­десуде тең ойын көр­сетті. Сон­дай-ақ 11 турда жалпы саны 8 ұпай жинап, құрамадағы ең үздік нә­ти­жеге қол жеткізді. Ал әр құрама­ның ең үздік спортшылары ойнайтын бірінші тақтада бақ сынаған Жансая Әбдімәлік олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Ол 9 партияда 7 ұпай жинаған. Екінші тақтада ойна­ған Б.Асаубаева төр­тінші орыннан кө­рінді.

Қыздар арасындағы олимпиа­да­ның қорытындысы бойынша ешбір ойында жеңілмеген Украина (7 жеңіс, 4 тең) қыздары чемпион атан­ды. Кейінгі екі орынға Грузия (8 жеңіс, 2 тең, 1 жеңіліс) және Үндіс­тан (8 жеңіс, 1 тең, 2 жеңіліс) құра­малары жайғасты.

Қазақстанның ерлер құрамасы да соңғы турда Үндістанның үшін­ші нөмірлі шахматшыларымен ше­берлік байқасып, 2:2 есебімен тең түсті. Құрамында Ринат Жұмабаев (33 жас), Әлішер Сүлейменов (22 жас), Мұртас Қажығалиев (49 жас), Арыстанбек Оразаев (24 жас) және Қазыбек Нөгербек (18 жас) бар Қазақстан шахматшылары олимпиада барысында 7 турда қарсыластарын тізе бүктіріп, бір ойында тең нәтиже көрсетті. Өкінішке қарай, үш кездесуде жеңілістің кермек дәмін татуға мәжбүр болды.

Осы нәтижелерден ке­йін жер­­­лес­­теріміз олимпиаданы 17-орынмен түйіндеді. Қазақ­стан­ның бұ­ған дейінгі ең үздік көр­сеткіші – 19-орын болатын. Ел құра­масы сапында бақ сы­на­ған шах­матшылардың жекелей көрсеткіш­теріне тоқталар бол­сақ, 11 турдың 10 ойынына қа­тыс­қан Қ.Нөгербек 7,5 ұпай жинап, құраманың үздігі атанды. Ке­йінгі орынға 11 партияда 7 ұпай жинаған Әлішер Сүлейменов ие болды.

Ерлер арасындағы олимпиадада Өзбекстан құрамасына тең келер қарсылас табылмады. Ала тақиялы ағайындар 11 ойынның 8-інде жеңіске жетіп, үшеуінде тең ойнады. Армения (9 жеңіс, 1 тең, 1 жеңіліс) мен Үндістан-2 (8 жеңіс, 2 тең, 1 жеңіліс) спортшылары екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.

Шахматшылардың ендігі олимпиадасы 2024 жылы Мажарстанның бас шаһары – Будапештте өтетін болды. Ал 2026 жылғы олимпиаданы Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласы ұйымдастырады.