Ұлы уайымшыл Шопенгауэр солай депті. Уайымшыл деген ұғым Шопенгауэр «пессимизмімен» қаншалықты үйлесерін... «Ғасыр дерті» (mal du siècle) немесе «жанның қажуы» (Sehnsucht), әсіресе он сегізінші ғасыр әдебиетінен бастап жиырмасыншы ғасырдың алғашқы кезеңіне дейін, қазақта Абай, Мағжанға дейін жетті. Біз Байрон жайлы айтқанда бірден оның «Ғаламдық шері» (Мировая скорбь) ойымызға келеді. Гетеге бұл күй таңсық емес еді, оның үстіне, соның кейінгі ғасырлардағы қайнар бастауында өзі тұрды, «Жас Вертердің жан азабы» тұрды. Гете Байронды сүйгенде осы қайғысымен, құсасымен сүйді. Оның жалғыздығын сүйді.
Байрон Гетеден әдебиеттегі әке жүрегін – өзінің қамқоршысын көрді. Неміс халқының ұлы перзенті Байронның еуропадағы бас оқырманы болды. Иә, екеуара хат жазысқан ұлы ақындар бірін-бірі байқаусызда бір әрпін де қалдырып кетпей, сондай ыждағатпен, ынтызарлықпен, махаббатпен оқығанын өзара жазысқан хаттарынан да, бір-біріне арнаған шығармаларынан да анық аңғарамыз.
Аяқтай алмайтын шығарманы бастамау керек деп санайтын Гете, өзінің «Фаустын» ғұмыр бойы жазды, ал осы «Фаустың» аяқталуына Байронның өлімі себепкер болғанын әдебиетшілер айтып жүр. Эвфорион бейнесі, жай түсіп өлген жас жүрек – дәуірі өлтірген ақын. «Құбыжықпен күресуші әрбір кісі бір нәрседен сақ болса керек: өзінің сол құбыжыққа айналып кетуінен». Дәуір Байронды өлтірді, ал Байрон өз дәуірін тудырды. Мәңгі өлмес ойдың дәуірін.
Гете «Байронға барлық жер тарлық етті, өзінің шексіз еркіндігіне қарамастан, ол өзін бұ дүниеде түрмедегі адамдай сезінді» дейді. «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» деуші ме еді Абай, «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деуші ме еді Мағжан.
Оның әрдайым бір жаққа кеткісі келетін. Басы ауған тұсқа безіп кеткісі келетін. Бәрін тастап. Бәрінен жерінген. Бәрінен шаршаған. Жарты Еуропаны шарлап келді, «Чайльд Гарольдті» жазды. Швейцарияға барып тұрды, «Манфредті» жазды. Грекияға бет алды. Сапарының алдында Гетеге хат жазды. Сол сапарға шақырған болуы мүмкін, себебі Гетенің сол хаттан кейін жазған өлеңі қарт ақынның қағілез жігіттей жас ақынның қасына еріп жүре алмауынан туған өкінішті білдіретіндей:
Оңтүстіктен асығады бір хабар,
Айналамды жарық етіп,
тамылжып.
Дос қалауын, дос көңілін кім табар,
Жан – ынтызар, тән – ынжық.
Бір ауыз сөз таба алам ба лайық,
Данышпанға, өзі-өзімен алысқан,
Ғасыр жүгін арқалаған мұңайып,
Жүрегімен, білегімен қарысқан...
Байрон сол сапардан оралған жоқ. Соғысқа кірді. Өкпесін суыққа алдырып, өлді. Отыз сегіз жасында.
* * *
Отыз сегіз жасында Пушкин де өлді... Байронды ессіз сүйген Пушкин. Оның қазасын естігенде шіркеуге барып, мезірет қылып, рухына мінәжат еткен Пушкин. Қап тауының баурайында, Қара теңіздің жағасында, Елена Раевскаяның үйінде, жиырма бес жастағы Пушкин Байрон өлеңдерін алғаш рет естіді. Оқып берді оған. Оны ой құрдымы жұта бастады. «Бездна мысли» дейді.
Әдебиет дүниесі парадокстардан тұрады ғой. Кезінде Мұхтар Әуезов «...Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқыраған, әшекейін сүйемін» десе, Пушкин Еуропа ақынының – Байронның шығысшылдығын сүйді. Жалпы, Батыстың ең ұлы ақындарының көбі Шығысқа ұмтылған. Гете де.
Байронның әсерімен бірнеше шығармаларын жазды, сол «Онегин», «Кавказ тұтқыны», «Бақшасарай фонтаны», «Сығандар»...
«Ол тұнжыраған әрі бәрінен көңілі қалған қалыпта, қайта оралмас қуаныштар жайлы, жастықтың семген гүлі жайлы сөз айтқан өз жұртындағы алғашқы ақын еді. Оның үстіне, адамның бас сүйегі бедерленген қара сақина тақты. Ол өмір сүрген тұста осының бәрі таңсық еді. Бойжеткендер оны құлай сүйді» дейді Пушкин.
Расында, Байрон бүкіл Еуропа өмірінің әрбір сәті мен әрбір сөзін қалт жібермей бақылаған алғашқы ақын еді. Еуропаға патшалардың өмір салты мен рыцарьлардың жүріс-тұрысы емес, ақынның өмірі қызық болатын. Байронның қандай киім кигені, қандай ас ішкені, күнін қалай өткізгені, бәрі-бәрі жұрттың назары мен аузында еді. Оның үйінің маңында адамдар тығылып жатып, сығалап қарайтын, бір таңғажайып сәтті жіберіп алғысы келмейтін. Кейін құндылықтар өзгерді, әсіресе біздің ғасырда. Адамдарға ой мен сезімді тудырушы емес, соны қайталаушылар, орындап берушілер, еліктеушілердің өмірі қызық бола бастады. Біздің ғасырға мазмұн емес форма көбірек маңызды. Ой емес, түр қызық. Кімнің дидары танымал – сол әулие, сол данышпан. Жә...
Пушкиннің Байроннан ұзақ өмір сүргісі келмеген секілді. Кәріліктен, аурудан, кездейсоқтықтан өлгісі келмеген секілді. Дантеспен дуэлі, ақырғы айқасы, алғашқы емес – жиырма бірінші дуэлі еді. Отыз сегіз жасында.
* * *
Пушкиннің Байронға деген ыстық көңілі кейін суына бастағандай.
«Я пережил свои желанья, Я разлюбил свои мечты» деп өзі жырлағандай, Байроннан емес, өмірден, қоғамнан суынған секілді. Оның үстіне Байронға еліктейді, екінші Байрон деген айыптаулардың да дауысы анығырақ шыға бастады. Пушкин махаббаты үшін ақталған жоқ. Ал Лермонтов...
Лермонтов тым жас еді. Байронмен аталас туыстығы, жан-жүрегінің жақындығы, заманның бірлігі, бәрі-бәрі әсер етті. Ол Байронды түпнұсқадан оқу үшін ағылшын тілін үйренді. Өзін Байрон әлемінен іздеді. Алып Байронды құшақтағысы келді. Әрине, шығармашылық жолының алғашқы кезеңдерінде.
Нет, я не Байрон, я другой,
Ещё неведомый избранник,
Как он, гонимый миром странник,
Но только с русскою душой.
Я раньше начал, кончу ране...
Осы өлеңді он сегіз жасында жазған екен. «Мен Байроннан ерте бастадым, ерте аяқтаймын» дейді. Өлеңді ғана емес, өмірді де. Жиырма жеті жасында...
* * *
Абай поэзиясының тілі – бәріміздің шеберханамыз. Әр сөзді Абай тезіне бір салып алуға ұмтыламыз. Әр сезімнің Абай шеберханасында бояуын қалыңдатып аларымыз да анық. Әр ойды Абай ойының көрігіне саламыз. Сонда әрдайым Абай тіліндегі «қара көңіл», «қараңғы көңіл» деген ұғымдар ойландырмай қоймайтын. Қара көңіліңізді «зловредный», «нечестный» деп аударып жүр сөздік. Біздің келіспейтініміз басы ашық нәрсе. Абайдың «қара көңілін» «қара ниет» деген ұғымға қалай алып барамыз. Бұл қам көңіл де емес. Қалған көңіл де емес. Өйтпегенде, Абай «қам көңілім оянсын» немесе «жарқ етпес қалған көңіл» деп, қазақтың тіліндегі жатық ұғымдарды жайынан қолданар да еді. Бірақ Абай дәл «қара көңіл» ұғымын «оянсын», «жарқ ету» деген оның мәнін ашушы сөздермен қатар қолданып отыр. Қазақ қалыпты жағдайда қолданбайтын қара көңіл ұғымының қайнар бастауы қайда?
Оны Абайдың Лермонтовтан аударған Байрон өлеңінен көреміз:
Көңілім менің қараңғы.
Бол, бол, ақын!
Алтынды домбыраңмен келші жақын.
Ішек бойлап он саусақ жорғаласа,
Бейістің үні шығар қоңыр салқын.
Егер сорым түбімен әкетпесе,
Керек қой көңілді үміт тебірентпесе.
Қатып қалған көзімде
бір тамшы жас,
Төгілмей ме, бой жылып, ол да ерісе?!
Абай екі шумағын тәржімалаған осы өлең Лермонтовта былайша сөйлейді:
Душа моя мрачна.
Скорей, певец, скорей!
Вот арфа золотая:
Пускай персты твои,
промчавшися по ней,
Пробудят в струнах звуки рая.
И если не навек надежды рок унес,
Они в груди моей проснутся,
И если есть в очах застывших
капля слез –
Они растают и прольются.
Абай мен Лермонтовта Байрон өлеңі бір тілде – өлең тілінде өзгеріссіз, мөлт етіп түсе қалғанын байқаймыз. Абайдағы «көңілім менің қараңғы» тіркесі Лермонтовта «Душа моя мрачна», ал Байрон түпнұсқасында «My soul is dark» делінеді. «My soul is dark» – «Моя душа темна».
Інжілдегі бір әңгіменің желісінде жазылған дейтін бұл өлең, Саул патшаның бала Дәуітті (пайғамбар) шақыртып, арфамен ән айтқызып, құдай тастап кеткен қу жанын емдемекке ұмтылуын баян қылады. Түнек басқан, түлен түрткен, тәубасынан жазған жанның азабы.
Жер бетінен тыныштық, қоғамынан жұбаныш, адамынан алданыш таппаған ақынның, грек мифологиясындағы жалған құдайлардан жанына сая іздеген ақынның бұл «қараңғы, қара көңілі» неге Лермонтовқа үйлесті, Абайға жақты?
Абай осы «қараңғы, қара көңілді» кейін «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңінде, «Өзгеге, көңілім, тоярсың» өлеңінде де қолданады. Бірақ басқа мағынада, бір жарық сәуле – құдай нұрын, махаббат нұрын, әділет нұрын іздеген жанның жанталасы мәнінде алып отырғанын аңғарамыз. Сонымен қатар «Өзгеге көңілім тоярсың» өлеңінің алғашқы жолдары біз мысал етіп отырған өлеңнің қазақы, еркін, Абайға тән баяны екенін байқау қиын емес.
Өзгеге көңілім тоярсың,
Өлеңді қайтіп қоярсың?
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың.
Сайра да зарла, қызыл тіл,
Қара көңілім оянсын.
Жыласын, көзден жас ақсын,
Омырауым боялсын.
Қара басқан, қаңғыған,
Хас надан нені ұға алсын?
Міне, дәл осы жолдардан Абайға жақпаған, Абай жеріген «қара көңілдің» түпкі мағынасы да шыға келеді: «қара басқан, қаңғыған». Абай «қара көңілді» жоғарыда айтқанымыздай өзге өлеңдерінде өзіне бейімдейді. Жаңа концептуалды түсінік тудырады.
Арфа шерткен бала Дәуіттің орнына «сайраушы да зарлаушы қызыл тіл» шығады, қара басқан емес, қалғулы қара көңілдің оянуы, суыну, қатаюдан қатып қалған жас емес, жасампаз, кеудеңді көркем сезімге бояушы, бойды балқытушы, ішті босатушы жастың жыры – қазаққа жақын.
Сөз бар жерде ұғым бар. Осы «қара көңілдің» өзгеше бір нұсқасын Мәулана Атаидың ғазалдарынан кездестіреміз. Соның бірінде:
«Лалә ұхшатса өзін
рухсарыңа мәғзур тұт,
Йазыда өз башиға құбқан дур
ол көңлі қара»
дейді. Өзінің жамалын саған ұқсатқан лала гүліне кешірім бер, өз-өзіне таң болған ол көңілі қара. Мұндағы «көңілі қара» ұғымы «қара көңілдің» ауылынан тағы да шалғайда жатыр. Бұл «жүзіқара» ұғымына қоңсы қонса керек.
* * *
Мұқағалидің «Күнделігінен» «Қазіргі жастардың қайсысы Пушкиннің «Евгений Онегинін» немесе Байронның «Чайльд Гарольдін» оқып басын қатырады. Ондайлар зорға табылар. Лермонтовтың «Шайтанын» аяғына дейін оқып шығуға олардың шыдамы жетер-жетпесіне күмәнданамын» деген жолдарды оқимыз.
Ақынның осы сөзінен үш поэманы ерекше көргенін әрі оны биік поэзия санатына қосқанын байқаймыз. Ең қызығы, «Евгений Онегин» мен «Шайтан» поэмалары Байронның аса ықпалды әсерімен жазылған туындылар еді. Пушкиннің өзі Онегинді «Гарольд шекпенін киген мәскеулік» дейді. Ал «Шайтанды» Лермонтовтың Байронның «Қабыл» («Каин») поэмасындағы ібілістің образынан алғаны аз жазылып жүрген жоқ.
Мұңсыз Құдайдың жазасын Абай өз тәржімасында «өршілдікпен лағнетке душар болған», «антұрғандық қылығын еш қоймаған», «төрде жалғыз отырмаққа» ұмтылған, «қарғыс алған кеудесінен» махаббат пен сенім киесі ұшып кеткен, «Алласыз дос таппаған» «Мұңлы шайтанның» назасы арқылы береді. Үмітсіз тәкаппарлықтың үрейлі жалғыздығын сезінеміз.
Мұңлы шайтан –
құдайдың қуған жаны,
Күнәлі жер кез келіп бір ұшқаны.
Өткен жақсы дәурені ойында оның,
Сондағы не көргені, не қылғаны.
Ол күнде нұрлы бейіш ішінде екен,
Өзі де періштелер түсінде екен...
Бірақ біз Мұқағалидің жырларынан тар дүниені тәрк етер тәкаппарлықты да, аспанға салмақ салар астамшылықты да, дүрдараздың бәрін дуэльге тартар дүлей долылықты да, налалы көңіл, назалы жанды да көрмейміз. Керісінше, жонылған сайын жарқырай түсетін асыл тастай жаны жараланған сайын жақсылық пен ізгілік, кісілік пен кеңдіктің сәулесін төгер мейірімді, махаббатты, адамсүйгіштікті, гуманизмді көреміз. Рас, ақынның «Күнделігіндегі» кею мен өміріндегі «өртенген жүрек» арқылы біз атаған үш ақынның өмірімен параллельдер жүргізуге де болар еді, бірақ бұл сыртқы пішіндерінің ұқсастықтары бойынша кітаптарды қатар қою секілді әрекет қана болмақшы.
Ақынның өзі көзі тірісінде осындай бір салыстыруларды басынан өткерсе керек, өйтпегенде:
Қалқам,
Мен Лермонтов, Пушкин де емен,
Есенинмін демедім ешкімге мен,
Қазақтың қара өлеңі – құдiретiм,
Онда бір сұмдық сыр бар
естілмеген,
– деп жырлар ма еді.
Байрон романтизмі, қайғылы, күңгірт романтизм, оның өмір салтындағы өзімшіл жалғыздық, өрекпіген албырттық, бас қаңғырту, баз кешу, ақсүйектікке аңсар, сән-салтанат, дүние кезу, бәрі-бәрі Мұқағалиға алғашқы себептер емес, ақырғы салдарлар болып көрінгенін байқауға болады. Пушкин тілімен айтқанда «Лорд Байрон прихотью удачной, Облек в унылый романтизм, И безнадежный эгоизм» Мұқағали үшін «Не таптық арзан құрметтен» деген ойдың шеңберінде қалғандай. Ол Байронды, оның асқақ поэзиясының рухын осының бәрінен аршып, арашалап алып, алғашқы себептер арқылы сүйгенге ұқсайды. Мәселен, бір өлең, бір идея, бір тақырып екі ақында екі бөлек өріледі. Байрон «Бала болғым келеді бір байлаусыз» десе, Мұқағали «Сәби болғым келеді... жаңа туған» дейді.
Байрон балалыққа неге
ұмтылады?
Хочу я быть ребенком вольным
Иснова жить в родных горах...
Байронның осы өлеңінде балалықтың бір бақытты сәті үшін тағдырдың жомарттығын: ғасырларға кетер даңқ пен дақпыртты қайтарғысы келеді, мына дүниені өзі үшін жаралмаған, жүрек жалғыздығынан басқа ештеңе бере алмаған құбылыс ретінде көреді, адамдар қауымынан аулақ кетуге асығады, жеккөру мен жиіркену, жалған жұбаныш пен алдамшы армандар қажытқан ақын жаны алыс қалған балалық жағалауын, балалық тауларын аңсайды.
... О! Я не стар! Но мир, бесспорно,
Был сотворен не для меня!..
Осыны жазып отырғанда Байрон бар-жоғы жиырма жаста еді. Ойлаңызшы, жиырма жастағы жігіттің жан азабы, жарадар сезімі, жарықшақ көңілі одан кейінгі тұтас қос ғасыр ақындарын сергелдеңге салып қойғанын. Байронды өз кемшіліктерінен бой тасалағысы, ой жасырғысы келген жан ретінде көрсету бар. Оның табиғатынан туабітті толықтыққа бейімдігі, бір аяғын сылтып басуы, бойының аласалығы, тағысын тағылардан ақын азаптанды деу әділеттілік пе? Оның асқақ жаны алтын емес, темір торда – тән торында қамалған құстай аласұрды деуге де іштей қарсымыз. Байронды сол қалпында-ақ бәрі сүйген: заманы да, адамы да, аруы да, ақыны да, патшасы да, басқасы да. Ол заман ой культінің, жүрек культінің заманы еді ғой.
Мұқағалидің «Сәби болғым келеді» өлеңінде көңтерідей қатқан көкіректі де қарс айырар бір ой бар, сол ойда – Мұқағалидің жаны тұр:
«Сәби болғым келеді,
сәби болғым,
Сәбиі жоқ Ананың құшағында»...
Мұқағалидің мұқым дүниеден іздеген махаббаты, мейірімі, ізгілігі осында. «Серіксіз бе едің, құрбыжаннан» «Сәбиі жоқ Анаға» дейінгі азапты күйден адам күйзелісін ғана емес, заман күйзелісін сезінесің. Онда не тұр? Бәрі тұр: өткені бүркемеленген халық, болашағы бұлыңғыр халық, тәрк етілген данышпандық, аласталған ой, адасқан махаббат, өз перзентін өзі әлпештей алмайтын ұлт, доссыз заман, сырлассыз кезең...
Бірақ бір сенім бар. Ұлы сенім. Ұлы үміт. Олардың бәрі – үміттің перзенттері еді. Ұлт жанының тарихын қайта жазатын ұлы ақын туарына деген сенім мен үміт. Замандар өледі. Адамдар өледі. Өлең өлмейді, өлең өлмесе – ұлттың жаны да өлмейді:
Өлді ақындар...
Ақындар туар тағы,
Талай-талай ұрпақты қуантады.
Қаза болар ғасырлар, замандар да,
Адамдарға жырымен тұмар тағып,
Тірі Байрон, Пушкиндер
тұрар тағы!