Канаданың Торонто қаласында теннистен жүлде қоры 2 527 250 АҚШ долларын құраған WTA 1000 турнирі аяқталды. Бұл жарыста еліміздің екінші ракеткасы Юлия Путинцева табысты өнер көрсетті.
Үздіктер тізімінде 46 орында тұрған жерлесіміз тұсаукесер кездесуінде жергілікті теннисші Кэтрин Себоны сан соқтырып, екінші кезеңде әлемнің үшінші ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен күш сынасты. Алғашқы сетте қарсыласынан 2:4 есебімен ұтылып жатқан Путинцева ақырында жеңісті әйгілі қарсыласының уысынан жұлып әкетті – 7:5. Екінші сетті де отандасымыз сәтті бастаған еді, Бадоса жарысты жалғастырудан бас тартты. Үшінші айналымда Юлия WTA тізімінде 35 орынға тұрақтаған америкалық Элисон Рискені жолынан ығыстырды – 6:3, 7:5. Ширек финалда қазақстандық теннисші АҚШ-тың тағы бір өкілі Джессика Пегуламен кездесті. Әлемнің жетінші ракеткасына Юлия Путинцеваның әлі жетпеді – 3:6, 3:6.
Дәл осы турнирде Елена Рыбакина да бақ сынаған еді. Бірақ Уимблдонда топ жарған жерлесіміздің Торонтода жолы болмады. Ол екінші кезеңде америкалық Кори Гауффтан жеңілді.