Сенбі күні футболдан Қазақстан кубогы жолындағы жарыстың топтық кезеңінің алтыншы туры аясында бірнеше кездесу өтті.
«Мақтаарал» мен «Тараз» арасындағы кездесуде жеңімпаз анықталған жоқ. 58 минутта Ғалым Кенжебек есеп ашқанымен, 74 минутта Әділет Кеңесбек таразы басын теңестірді – 1:1. Тең есеп қос команданы да қанағаттандырды. Себебі С тобындағы «Ақтөбе» мен «Тобыл» олардан едәуір қалып қойған еді. Ақтауда «Каспий» Оралдың «Ақжайығынан» 2:1 есебімен басым түсті. Осылайша, бұл топтағы үш ұжым 10 ұпайдан жиды. Бірақ бірінші орында келе жатқан «Тараздың» әлі бір ойыны бар. Ал доп айырмашылығы бойынша «Ақжайық» екінші орынды иеленсе, «Каспий» үшін жарыс аяқталды. «Қайрат» «Атыраудың» қақпасына жауапсыз үш доп соқты – 3:0. Бұл голдардың авторлары – Сергей Кейлер, Данияр Үсенов және Вячеслав Швырев. Осылайша, бес бәсекеде басымдық танытқан алматылықтар А тобында алдына жан салмады. Павлодарда өткен «Ақсу» мен «Ордабасы» арасындағы матчта қонақтар жеңіс тойын тойлады. Жалғыз голды 24 минутта Александр Батищев салды – 0:1.
Сөйтіп, ел кубогының ширек финалына шыққан командалар толықтай анықталды. Олар – «Қайрат», «Қайсар», «Ордабасы», «Ақжайық», «Тараз», «Мақтаарал», «Шахтер» және «Астана».