Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров Жамбыл облысына сапар барысында бірқатар кездесу өткізіп, БАҚ, ҮЕҰ өкілдерінің ұсыныстарын тыңдап, тұрғындар көтерген мәселелерге назар аударды.
Алдымен министр Тараз қаласындағы облыс әкімдігі Дін істері басқармасы мен Дін проблемаларын зерттеу орталығында болып, аймақтағы діни ахуалға ден қойды. Кездесу барысында мамандар айтқан ұтымды ұсыныстарды тыңдап, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.
Бұдан соң өңірдегі үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесу өткізді. Өңірде жеті жүзден астам ҮЕҰ бар, оларды толғандыратын мәселе де жеткілікті.
Кейіннен министр облыс жастарымен жүздесті. Жас буынға мемлекет тарапынан бөлініп жатқан гранттар мен жастар саясатына қатысты бағдарламалар туралы әңгімелеген Асқар Қуанышұлы жастарды белсенді болуға шақырды. Өз кезегінде өңір жастары волонтерлік қызметпен айналысу, гранттарға қатысты сауалдарын қойып, стартап жобаларын министрдің назарына ұсынды.
Тараздағы сапарының соңында А.Омаров Jambyl телеарнасына арнайы ат басын бұрып, республикалық және облыстық БАҚ өкілдерімен жүздесті. Кездесу барысында облыстық телеарнаның директоры Мейіржан Әлібекұлы, ардагер журналист Жаңабай Миллионов, Taraz 24 телеарнасының негізін қалаушы Зарина Қуат бастаған өзге де журналистер көкейкесті мәселелерді көтерді. Олар өңірдегі БАҚ-тағы қаламақы мәселесін, журналистердің мәртебесі мен құқығы, мемлекеттік тапсырысқа қатысты түйткілдер төңірегінде әңгіме өрбітті. Сондай-ақ баспасөзге жазылым науқанында туындайтын қиындықтарды да жайып салды. Әріптестердің әңгімесін мұқият тыңдаған министр барлық мәселеге қатысты өз ойымен бөлісті.
Облыстық Jambyl телеарнасының директоры Мейіржан Әлібекұлы жолдаған сауалға үн қатқан министр: «Өңірдегі телеарналар жергілікті әкімдіктің иелігіне өтуі керек немесе Qazaqstan телерадиокорпорациясының құрамында болуға тиіс деген мәселеге қатысты нақты пікір айтуға әлі ерте. Бұл мәселе зерделеніп жатыр. Бірқатар өңірдегі әкімдіктер жергілікті телеарналарды қамқорлығына алғысы келсе, кейбір өңірдегі әкімдіктер әлі де дайын емес. Мен жеке көзқарасымды айтсам, ертең әріптестер іліп әкетеді. Сондықтан әліптің артын баға тұрайық», деді ол.
Жайшылықта лауазымды қызметтегі шенеуніктерді тым сирек көретін мойынқұмдық тұрғындар ауданға ат басын арнайы бұрған министрмен кездесуге асығып жеткені байқалып тұрды. Бірде бір ауылына көгілдір отын тартылмаған аудан ретінде жұртшылыққа танылған Мойынқұмда мәселелер шаш етектен. Алайда өңір басшысы 2025 жылға қарай облыста ауыз су мен көгілдір отын мәселесі 100 пайыз шешімін табатынын айтқан болатын. Мойынқұмдықтар солай болатынына сенгісі келеді...
Тұрғындармен кездеспес бұрын министр аудандық орталық мешітке бас сұқты. Жергілікті имамдар министрмен кездесу барысында маман тапшылығын айтып, жастардың ауданға келе бермейтінін атап өтті. Жалпы, имамдардың жалақысы аздау екенін де мәселе ретінде көтерді.
Халықпен өткен кездесу барысында сөз алған А.Омаров Президент Жарлығына сәйкес өңірлерді аралап жүргенін жеткізді.
«Әлбетте, біздің министрлік негізінен БАҚ, дін, жастар саясаты мәселелеріне баса назар аударады. Дегенмен бүгінгі кездесуде барлық салаға қатысты, тіпті әлеуметтік мәселелерді де еркін айта берсеңіздер болады. Сіздер көтерген өзекті мәселелерді Үкімет мүшесі ретінде тиісті министрліктерге жеткізіп, оң шешімін табуына ықпал етуге тырысамын», деді министр.
Кездесу барысында А.Омаров министрліктің іске асырған жобалары, атқарған жұмыстары мен негізгі міндеттері туралы айтып берді. Басқосу барысында халық маңызды мәселелерді көтерді. Аудан тұрғындарын газ, ауыз су, ұялы телефон және интернет байланысы, жедел жәрдем, көпбалалы аналардың жәрдемақысы мәселелері толғандырады екен. Мәселен, Қылышбай ауылынан келген зейнеткер Света Сәкиева жолды асфальттау, ұялы байланыс, ауыз су сапасының жайына тоқталды. Кездесу барысында Ұланбел
ауылына интернет ауадай қажет екені де айтылды. А.Омаров жергілікті жерде шешілуге тиісті мәселені аудан және облыс әкімдігі өкілдерімен бірге талқылады. Ал республикалық деңгейде қаралатын сұрақтарды тиісті органдарға жеткізетінін айтты.
Сонымен қатар аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің редакциясында болып, жергілікті тілшілердің тілегін тыңдады. Кейіннен азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, өтініштеріне назар аударды.
Жамбыл облысы