Археология ғылымы дегенде қазба жұмыстары, дала экспедициялары еске түседі. Көне даланың ғажайып қазынасы жайлы деректерді паш ететін ғылымның қыр-сырына қаныққан мамандар археология ғылымы далалық зерттеулермен шектелмейді деген пікірде. Зертханалық жұмыстармен қатар антропология, палеогенетика, геоархеология, археологиялық минералогия, остеология, археометаллургия, палеоботаника, геофизика және басқа да нақты және гуманитарлық ғылымдарды біріктіре отырып, ежелгі дүниенің бізге беймәлім әлемінен сыр шертетін ғылымды дамытудың еліміздегі мүмкіншілігі зор.
Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Талғат Мамыров Өңірлік коммуникация орталығында өткен жиында қазба жұмыстарының маңыздылығы, ғалымдардың табанды ізденістері туралы деректермен бөлісті.
Талғат Мамыровтың айтуынша, жаз мезгілі қазба жұмыстарының қызатын шағы. Қазіргі уақытта археологтердің көпшілігі жазықта, экспедицияларда, археологиялық орындарда қазба жұмыстарын жүргізіп, жаңа нысандарды іздестіруде. Десек те, бірқатар ғылыми бағытты бір зерттеу аясына тоғыстырумен ерекшеленетін археология саласында білікті мамандар аз. Елімізде археолог мамандарды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Еуразия ұлттық университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Х.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті сияқты оқу орындары дайындайды. Ал нағыз археолог болу үшін базалық біліммен қатар осы іске деген ынта-жігер қажет.
«Қазіргі кезде елімізде 15 археологиялық жасақ жұмыс істеуде. Экспедициялар тас, қола ғасырды, ерте темір ғасырды және орта ғасыр дәуірін қамтитын бағыттар бойынша іске асып келеді. Осы маусымда Ақтөбе облысының аумағында қоладан құйылған металлургиялық пештер табылған. Металлургиялық олжалар негізінен Орталық Қазақстан аумағынан анықталса, археологиялық отрядтар жұмысының нәтижесінде тау-кен ісінің басқа өңірлерде де дамығаны белгілі болды. Осы орайда Шығыс Қазақстан облысы, сондай-ақ Ақтөбе облысының Темір ауданындағы Тасқопа қорымынан сармат жауынгерін қайта реконструкциялау жұмыстарын айтуға болады», деп атап өтті Т.Мамыров. Ал ел аймақтары ішінде Алматының археологиялық сипаты ерекше. Оған осы өлкеден табылған көне ескерткіштер айғақ. Әсіресе қалада орта ғасыр ескерткіші өте көп. Темір ғасырының қорғандары мен елді мекендері жиі кездеседі. Алма-Арасанда көне қалашықтардың орындарын кездестіру, қаланың жоғарғы бөлігінен археологиялық олжалардың көптеп табылуы ғажап емес.
Қазіргі кезде аталған институт базасында «Этномәдени зерттеулер контекстіндегі «Ұлы дала» және «Қазақ даласындағы Мәдени генезис: археологиялық дереккөз деректері бойынша материалдық және рухани мұралардың сабақтастығын зерттеуге байланысты» жобалар іске асуда. Биыл ғалымдар Батыс Қазақстан, Орталық Қазақстанның тау-кен ісі және металлургиясы, Сырдарияның төменгі ағысындағы ерте темір дәуірінің ауылдық қоныстары: шаруашылық және тұрмысы, Ортағасырлық төрткүлдер және Талас алқабының мәдени ландшафты, Алтын Орданың кеш ортағасырлық қалалық мәдениеті. Шаруа (Кинчат) және Аспара (XIII–XVI ғғ.) қалашықтарының мысалындағы ізденістер мен археологиялық зерттеулер және «Бурабайдағы қола дәуірінің мегалитикалық сәулет ескерткіштеріне» қатысты 6 ғылыми-зерттеу жобаларына қатысты. Т.Мамыров атап өткендей, мамандар көпжылдық далалық зерттеулер кезінде алынған археологиялық топтамаларды талдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде. Көптеген топтама белгілі бір себептерге байланысты өңделмей келді. Ендігі кезекте институт қызметкерлері табылған бұйымдарды толығымен түгендеп, сипаттау және ғылыми айналымға енгізу жағына мән беретін болады.
Қазақстан археологтері үшін дәстүрлі Марғұлан және Ақынжанов оқуларының маңызы ерекше. Марғұлан оқулары – Қазақстанның және шетелдердің жетекші археологтері үшін есеп берумен ғана шектелмей, далалық және теориялық зерттеулердің нәтижелерімен танысып, археология саласындағы негізгі мәселелерді талқылайды. Ал Ақынжанов оқулары – жас ғалымдар мен студенттерге археологияға алғашқы баспалдақ іспетті. Алғашқы «Ақынжанов оқуларына» қатысқан жас ғалымдар бүгінде өз өмірін археология ғылымымен байланыстырған. Биыл «Ақынжанов оқуларын» Әл-Фараби және «Есік» мемлекеттік мұражай-қорығы қазақстандық ғылым апталығы аясында Археология институты Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетімен бірлесіп өткізді. Осы жылдан бастап қатысушылардың географиясы кеңейіп, алыс-жақын шетелдердің оқу орындары, ғылыми орталықтарының зерттеушілері арасында тығыз байланыс нығайып келеді. Институт сонымен бірге Ресей Археология институты, Кореяның мәдени мұрасы институты, Нью-Йорк және де басқа институттармен бірлесіп, халықаралық жобаларды іске асыруда.
АЛМАТЫ