Нұр-Сұлтандағы Азия чемпионаты аяқталғаннан кейін дзюдошылардың әлемдік рейтингі қайта жаңартылды. Бұл жарыс сары құрлықта орналасқан мемлекеттер үшін өте қолайлы болды. Өйткені қазақ жерінде табысты өнер көрсеткен саңлақтар рейтингтегі жағдайларын біршама жақсартты. Атап айтсақ, елорда төрінде жеңімпаз атанған апайтөстер бірден 700 ұпай олжаласа, финалға шыққандар 490 және қола медальдің иегерлері 350 ұпайдан еншіледі. Берілген мүмкіндікті ұтымды пайдаланғандар арасында біздің де елдің өрендері бар.
Грузиндердің дәуірі жүріп тұр
Бүгінгі таңда Қазақстанның дзюдошылары арасында ең үздік көрсеткіш Мағжан Шамшадинге тиесілі. 60 кило салмақта күш сынасып жүрген ол Азия чемпионатын қола медальмен қорытындылады. Соның арқасында Сыр бойының сайыпқыраны сегіз сатыға жоғарылап, қазіргі кезде сегізінші орынды олжалауда. Ең жеңіл салмақта сынға түсіп жүрген тағы бір қандасымыз Бауыржан Нарбаевтың да жағдайы жаман емес. Маңғыстау облысының марқасқасы 21-орынды иемденуде. Алайда бұл балуандарға арқаларын кеңге салуға әлі ерте. Өйткені біраз уақыт бойы 66 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен даңқты Елдос Сметов өзінің үйреншікті салмағына қайта оралды. Енді ол да намысын қамшылап, жіберген олқылықтарының орнын толтыру үшін барын салады. Өйткені Олимпия ойындарына бір салмақта бір ғана балуанның бақ сынайтыны мәлім. Сол себепті де шешуші тұста үшеуінің де аянып қалмасы анық. Олай болған жағдайда, елішілік жарыстардың өзінде мықты бәсекелестіктің орнығатын түрі бар.
66 кило салмақ дәрежесіндегі алматылық Ғұсман Қырғызбаев сары құрлық біріншілігінде қола медаль олжалады. Соның арқасында бірден 28 сатыға көтеріліп, 32-орынға тұрақтады. Оған қарағанда Жансай Смағұловтың жағдайы әлдеқайда жақсы. 73 кило салмақтағы Қарағанды облысының өкілі Нұр-Сұлтандағы додаға қатыспағанымен, бұған дейінгі табыстарының арқасында әлі де ТОП-10 дзюдошының қатарында жүр. Нақтылап айтсақ, Жансай сегізінші орынды иемденуде. Осы салмақтағы Данияр Шамшаевтың да «шабысы» қуантады. Ол Азия чемпионатында күш сынасқан Қазақстанның татами шеберлері арасынан жалғыз өзі ғана алтын тұғырға көтерілген еді. Соның нәтижесінде 18 жастағы аса дарынды дзюдошы 47 сатыға бір-ақ жоғарылап, бұл күндері 39-орынға табан тіреді. Данияр алдағы уақытта да дәл осылай қарқынды күресетін болса, бұл жігіттің болашағы жарқын болары даусыз.
Жасыратыны жоқ, 81 кило салмақтағы жағдайымыз мүшкіл. Ең үздік өреніміз Абылайхан Жұбаназар небәрі 61-орынды қанағат тұтуда. 90 кило салмақ дәрежесінде күш сынасып жүрген үш жерлесіміз қатар келеді: Ерсұлтан Мұзапаров – 33-орын, Дидар Хамза – 35-орын және Ислам Бозбаев – 38-орын. Бірақ Ислам жуырда ғана 100 кило салмаққа ауысты. Сондықтан да бұдан былай басты тартыс Ерсұлтан мен Дидар арасында өрбиді. Ал Бозбаев болса, жаңа салмақта әзірге 44-орынды місе тұтуда. Әлемдік рейтингте Айбек Серікбаев 44 және Нұрлыхан Шархан 60-орынды иеленуде.
Өкінішке қарай, біраз жылдан бері кең байтақ Қазақ елінен алыптармен айқасатын бірде-бір апайтөс табылар емес. Халықаралық жарыстардан үнемі жүлдесіз оралып жүргеніміз осы сөзіміздің айқын дәлелі. Отандастарымыздың арасынан +100 кило салмақтағы ең тәуір көрсеткіш Әділ Оразбаевқа тиесілі. Ол 37-орынды еншілеуде. Түйе балуанымыз Ерасыл Қажыбаев 45-орынды қанағат тұтуда. Дәл осындай өгіз аяң жүріспен алысқа бармайтынымыз анық.
Бүгінгі таңда төрткүл дүние жанкүйерлері Грузия дзюдошыларының өнеріне тамсануда. Бұл елдің қос өрені өз салмақтарында алдарына жан салатын емес. Олар – Лаша Шавдатуашвили (73 кило) мен Тото Григалашвили (81 кило). Өзге салмақ дәрежелерінде тайпейлік Янг Юн Вей (60 кило), молдовалық Денис Виеру (66 кило), әзербайжандық Маммадали Мехдиев (90 кило), ресейлік Арман Адамян (100 кило) және тәжікстандық Темур Рахимов (+100 кило) топ бастап тұр. Байыптап қарасаңыздар, жеті салмақтың алтауында бұрындары КСРО-ның құрамында болған мемлекеттің өкілдері топ басында келеді.
Расында да, грузиялық балуандардың барлық жағынан мықты екені еш дау туғызбаса керек. Жоғарыдағы табысынан бөлек, дәл қазіргі кезде ТОП-10 балуандар арасында олардың 13 өкілі бар. Әлемдік рейтингте үздіктер тізіміне енген дзюдошылардың саны жағынан Жер-жаһандағы ешбір команда Қап тауы қырандарымен теңесе алмайды. Ол аз десеңіздер, 90 және 100 кило салмақ дәрежелері бойынша ТОП-10 татами шеберлері қатарына Грузияның үш-үштен апайтөсі еніп отыр. Олар – Бека Гвиниашвили (90 кило, 2-орын), Лука Майсурадзе (90 кило, 7-орын), Лаша Бекаури (90 кило, 10-орын), Илья Суламанидзе (100 кило, 6-орын), Онисе Санеблидзе (100 кило, 7-орын) және Варлам Липартелиани (100 кило, 9-орын). Ең жеңіл және аса ауыр салмақта екі балуаннан бар. Олар – Лухуми Чхвимиани (60 кило, 5-орын) мен Темур Носадзе (60 кило, 6-орын) және Гурам Тушишвили (+100 кило, 3-орын) мен Гела Заалишвили (+100 кило, 6-орын). Қалған салмақтар бойынша да олар қара жаяу емес. Міне, осы жайттың өзі-ақ алақандай ғана Грузияның жігіттері қаншалықты қарулы екенін аңғартады.
Екінші және үшінші орындарды Жапония мен Әзербайжан өзара бөлісуде. Аталған мемлекеттердің жеті балуаны үздік ондықтың қатарында. Күні кешеге дейін алдыңғы лекте жүрген Ресей құрамасы қазір қарқынын біраз бәсеңдетіп алды. Бұл күндері олардың бес балуаны мықтылар санатында. Бесінші және алтыншы сатыға Бельгия мен Өзбекстан құрамалары жайғасты. Олардың әрқайсысының төрт жампозы ерекше құрметке ие. Сондай-ақ Моңғолия, Бразилия, Израиль, Нидерландтың – 3, Оңтүстік Корея, Қазақстан, Украина, Канада, Тәжікстанның – 2, Тайпей, Испания, Молдова, Түркия, Аустрия, Португалия, Мажарстан және Кубаның 1 өкілі ТОП-10 дзюдошының қатарына енді.
Әлемдік рейтингтің үздіктері
(ТОП-5)
60 кило: 1. Янг Юн Вей (Тайпей), 2. Рюдзю Нагаяма (Жапония), 3. Йорре Ферстрэтен (Бельгия), 4. Франциско Гарригос (Испания) және 5. Лухум Чхвимиани (Грузия).
66 кило: 1. Денис Виеру (Молдова), 2. Ёндонпэрэнлэйн Басху (Моңғолия), 3. Ан Баул (Оңтүстік Корея), 4. Важа Маргвелашвили (Грузия) және 5. Риома Танака (Жапония).
73 кило: 1. Лаша Шавдатуашвили (Грузия), 2. Хидаят Гейдаров (Әзербайжан), 3. Цэнд-Очирын Цогтбаатар (Моңғолия), 4. Махмадбек Махмадбеков (Ресей) және 5. Тохар Бутбуль (Израиль).
81 кило: 1. Тото Григалашвили (Грузия), 2. Маттиас Кассе (Бельгия), 3. Ведат Албайрак (Түркия), 4. Гильерме Шимидт (Бразилия) және 5. Шарофиддин Болтабоев (Өзбекстан).
90 кило: 1. Маммадали Мехдиев (Әзербайжан), 2. Бека Гвиниашвили (Грузия), 3. Давлат Бобонов (Өзбекстан),
Иван Филиппе Сильва Моралес (Куба) және 5. Санширо Мурао (Жапония).100 кило: 1. Арман Адамян (Ресей),
Джордж Фонсека (Португалия), 3. Майкл Коррел (Нидерланд), 4. Шади Элнахас (Канада) және 5. Петр Пальчик (Израиль).+100 кило: 1. Темур Рахимов (Тәжікстан), 2. Юр Спейкерс (Нидерланд),
Гурам Тушишвили (Грузия), 4. Одхуу Цэцэнсенгэл (Моңғолия) және 5. Инал Тасоев (Ресей).Қазіргі кезде Қазақстанның әйелдер құрама командасының мүшелері арасында Кәмила Берліқаш пен Әбиба Әбужақынованың аяқалыстары тәуір. Аса ауыр салмақта күресетін Кәмила 20-орынды иеленсе, ең жеңіл салмақта белдесетін Әбиба 23-сатыға жайғасқан. Сондай-ақ 57 кило салмақта сынға түсіп жүрген Севара Нышанбаева ТОП-30 балуанның санатында. Ол 29-орынды еншілеуде. Өкінішке қарай, өзге бұрымдыларымыздың қарқыны тым бәсең.
Әйелдер дзюдосы жайында әңгімені жалғастыратын болсақ, әлемдік рейтингте Израильдің екі аруы көш бастап тұр. Олар – Тимна Нельсон-Леви (57 кило) мен Раз Гершко (+78 кило). Сондай-ақ өз салмақ дәрежелерінде франциялық Ширин Букли (48 кило), мажарстандық Река Пупп (52 кило), ұлыбританиялық Люси Реншалл (63 кило), хорватиялық Барбара Матич (70 кило) және германиялық Анна-Мария Вагнер (78 кило) сынды бұрымдылар алдарына жан салар емес.