Баянауылдағы «Тотия» тауы бүккен құпиялар мен Ақтоғай өңіріндегі тарихи тұлғалар – зерттелмей, көпшілікке мәлім болмай келе жатқан тың тақырыптар. Жергілікті өлкетанушылар аймақ ғалымдары осы бағыттарда ізденіп, еңбектер жазуын сұрап отыр. Өлкедегі петроглифтер мен жәдігерлер топтастырылған түрлі түсті кітап шығару, археологиялық зерттеулер жүргізу мақсат етілуде.
Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі өзінің 80 жылдық мерейтойына орай өңірде ауқымды өлкетану экспедициясын ұйымдастырып, есімдері ел есінде қалған тарихи тұлғалар жайында тың мәліметтер жинап қайтты. Зерттеу, шолу жұмыстары бойынша жинақталған материалдар өңірдегі жас тарихшы мамандарға үлкен көмек болмақ.
Мекеменің өлке тарихын ғылыми-зерттеу және қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Рүстембек Қалымқұлов экспедиция Ақтоғай ауданынан бастау алып, Ақмоланың Ерейментау жерінде жалғасқанын жеткізді. Сапар соңын қасиетті Баянауыл өлкесінде түйіндеген экспедицияға музей қызметкерлерінен бөлек, Торайғыров университетінің зерттеуші ғалымдары, жергілікті өлкетанушылар Мұхамед-Қайыр Шәріпов, Сайлау Байбосын және Бейбіт Бөжен қатысқан.
Өңірдің көзден таса қалған топонимикасын, тарихи шежіресін, мәдени құндылықтарын зерттеу миссиясын арқалаған келелі жоба мүшелері ең әуелі Ақсу ауылдық аймағына қарасты Жолқұдық ауылының іргесінде жатқан Қазанғап би зиратына барды. Қазанғап би Сатыпалдыұлы Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны, би, шешен болған тұлға. Мешіт-медресе, мектеп салып, Қазан қаласынан татар молдасы Ғабдул Ғапарды алғызып бала оқытқан. Ол дуанбасы болған бес жылға жуық уақыт ішінде округ көлемінде жерасты кен байлық көздері ашылған.
Ақтоғайдың Жаңабет, Жаңатап ауылдарынан Бәсентиннің Ақтілес руынан шыққан тұлғаларға байланысты ел ішінде қалған, аңызға айналған тың мәліметтер де жинақталды. Бұл өңір Ахмет диуананың мәңгілік мекені. Түрлі дертке шалдыққан науқастарды құлан-таза айықтырар қасиет Ахметке 7 жасында қоныпты. Диуана зеңгі баба тілін білген, жын буған адамдарды емдеген.
Бұл өлкенің тума таланттарының бірі – ақын, айтыскер, жыршы, шежіреші, сазгер, халық ауыз әдебиетінің білгірі Қимадидден Нығыманов. Оның қолжазбаларын зерделеп, жинақтап, баспаға дайындаған азамат – өңірге белгілі айтыскер ақын, журналист, ақынның жиені Бейбіт Бөжен. Ол атадан қалған асыл мұраны жарыққа шығару мақсатында соңғы бірнеше жылда көз майын тауысып еңбектенді. Нәтижесінде, «Ақдидар» және «Өмір жаңалықтары» кітаптары оқырманмен қауышты. Рүстембек Қалымқұловтың сөзіне сүйенсек, Қ.Нығмановтың қолжазба күйінде қалған «Атырау» романы үш ғасырлық кезеңді қамтиды. Ондағы тың деректер жас зерттеушілерге тарихи жаңалықтарды ашуға түрткі болар еді.
Экспедициялық топ Ақмола облысы Ерейментау ауданына барып, дала даналарының бірі – Едіге би Төлебайұлының мәңгілік мекенінде де болды. Өз заманының қайраткері, ақылман биі, аузы дуалы шешені болған Баянауылдың тумасы Едіге би жайында аңыз әңгімелер көп. Он төрт жасында ат жалын тартып мініп, ел ісіне араласқан Едігенің бар ғұмыры қазақ арасындағы таусылмайтын дау-дамайдың, руаралық қақтығыстың арасында өткен. Сол аумалы-төкпелі заманда ағайынға оң жол сілтеп, қалың бұқараға басшы бола білген Едіге би Төртуыл-Сүйіндік елінің панасы мен данасы атанған. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының қаламынан туған «Едігенің алғашқы билігі», «Едігенің Тоғаспен құда болуы», «Едігенің көрген түсі», «Едігенің соңғы билігі» деп аталатын этнографиялық әңгімелерден оның айшықты тұлғасын, адами бітімін қапысыз тануға болады. Бидің шешендік, ақылмандығынан бөлек, әулиелік қасиеті де болған деседі.
Баянауылдың Мұрынтал жеріндегі қарағайлы бұлақ маңында орналасқан «Едіге бидің билік тасы» да аңызға толы. «Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен» Едіге Төлебайұлы осы тасқа отырып, халықты жоңғар шапқыншылығына қарсы күреске бірігуге шақырған. Бірнеше күнге созылған экспедицияның жұмысы да дәл осы жерде түйінделді.
Өлкетанушы Сайлау Байбосынның айтуынша, әр өңірдің шежіресі – Ұлы Дала тарихының бір-бір бөлшегі. Оларды әр өлкенікі деп бөліп қарауға болмайды. Себебі әр тарихи оқиға мен тұлғалар бір-бірімен тығыз байланысты.
– Мәселен Баянауылдың тарихына үңілу үшін зерттеуді Көкшетау жерінен бастауымыз керек. Ол жақта атақты Торайғыр би мәңгілік тыныс тапқан. Одан бері жылжысақ Сілетіде Жанақ әулие мен Түйте әулие жатыр. Баянауылдан шыққан даналардың көбі Ерейментау өңірінде жерленген. Олжабай батыр, Шорман би, Едіге би, Өтеміс абыз, Абылай ханның тұсында өмір сүрген әйгілі Көтеш Райымбекұлының зираттары орналасқан. 18 жасында Көтеш ақын Абылайға:
«Абылай, Ботақанды сен өлтірдің,
Есіл ер, жазығы жоқ, неге өлтірдің?
Хан басың қарашаңмен даулы болып,
Үстіне ақ орданың қол келтірдің»,
– деп, ханның әр ісін бетіне тура айтып, кемшілігін бетіне басады емес пе?! Кезінде Кенесары көтерілісіне қатысқан Азынабай ұлдары – Сейтен мен Тайжанның да оқиғасы осы аумақта өрбіді. Аталған тарихи тұлғалар мен деректерді әрі қарай зерттеп, оған ғылыми тұрғыдан баға беру үшін бүгінгі жас ғалымдар еңбектенуі керек. Олар үшін бар мүмкіндік бар, – дейді ол.
Баянауыл ауданының өлкетанушысы Мұхамед-Қайыр Шәріпов Мұрынтал мен Жаңатілек елді мекендері айналасындағы «Тотия» тауының құпияларымен бөлісті. Тау атауы жаугершілік заманда бір ауыз сөзімен елін апаттан аман алып қалған «Тотия» атты кемеңгер ананың құрметіне қойылған деседі. Қазыналы Мұрынталда сақталған жәдігердің бірі – Қаз дауысты Қазыбек бидің «Сөре тасы». Ел аузындағы әңгімеге сенсек, Қазыбек би өмірінің соңғы жылдарын Жаңатілекке қарасты Мұрынталдағы Сеңкібай батырдың қыстағында өткізіпті, 96 жасында осы жерде дүние салған.
– Қазыбек би дүниеден өтер алдында Тайкелтір биге өсиет айтып, өзін Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарып жерлеуін тапсырады. Мезгіл қыс айы болғандықтан жол жүруге қалың қар кедергі жасап, бидің мүрдесін ақ жауып арулап аманат айтып, қыс бойы сөре таста сақтап, көктем шыға Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне апарып жерлепті, – дейді өлкетанушы.
Бұл өлкеде ерекше қабілетке ие Ботан, Құдайберген, Құрманбай, Қараман атты 4 абыз өмір сүрген. Ботан абыз Шоң би Едігеұлының кеңесшісі болыпты. Ол туралы Мəшһүр Жүсіп жазбаларында айтылады. Ел жайлауға көшерде Ботан абызға келіп қоныс қылатын жерді сұрайтын көрінеді.
Экспедиция қорытындысына орай өткен шарада Мұхамед-Қайыр Шәріпов Тотия тауындағы жартастарда сақталып қалған 5 мың жылдық петроглифтер, жанартау кратерлерінің іздері, тас дәуірінен қалған үңгірлер және Әлкей Марғұлан жазбаларында кездесетін мық тайпасы туралы өз білгендерімен бөлісті.
Атап өтерлігі, бұл экспедиция жайында жергілікті телеарнада арнайы сюжеттер ұйымдастырылған. Ал жиналған барлық мәліметтер мен жәдігерлер музей қорына тапсырылыпты.
Павлодар облысы