• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Тамыз, 2022

Ажалды жеңген ақын

198 рет
көрсетілді

Облыс орталығындағы көрнекті, әсем аллеяға Кеңес Одағының Батыры, жалынды ақын, әскери тілші Мұса Жәлелге ескерткіш қойылды.

Алдымен бүгінгі әлеумет ардақтаған арқалы ақын туралы бір ауыз сөз айта кеткеніміз жөн болар. Мұса Жәлел 1906 жылдың 2 ақпанында Орынбор губерниясының Мұстафино селосында туған. 1917-1919 жылдары бұрқ-сарқ еткен револю­­ция жас Мұсаға, оның дүниета­ны­мы­на, өмірге деген көзқара­сы­на айрықша әсер етсе керек. Сол жыл­дары әдебиет әлемінің табал­дырығын аттаған жас ақынның қаламынан туған жалынды жыр­лар уақыт өте келе татар әде­бие­тінің шоқтықты туындылары санатына енген. Ұтымдысы сол, ақын адал еңбек пен шынайы қуанышты, мөлдір махаббат пен қайтпас қайсар ерлікті жырла­ған. Оның шығармашылығында оттай ыстық Отанды сүю сезімі шүпілдеп тұр. Соғыс кезінде Отан қорғау идеясын насихат­тап, жалпы, мына өмірдегі адам­дық пен жауыздықтың, ізгілік пен тағылықтың алма-кезек астасып, тайталасып жатқан сұрапыл кө­рінісін көз алдыңа әкелетін, мөл­дір жырларын оқығанда жүрек шымырлатар әсер беретіні бар.

Ескерткіштің ашылу салтанатында облыс әкімінің орын­басары Елдос Рамазанов ел қор­ғаған есіл ердің өлмес сөзі ке­йінгі ұрпақтың рухани әле­мін байытуға септігін тигізіп жат­қанына тоқтала келіп, осы бір алтын тамырлы достықтың арқау жібі бүгін де беки түсетінін ­айтып өтті. Салтанатты сәтке әдейі кел­ген Татарстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Василь Шайхразиев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орын­басары Тауфик Каримов, облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени қоғамының басшысы Герихан Яндиев, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиевтер қазақ-татар жұртшылығының ежелден тілегі бір, ниеті ортақ ел еке­н­іне баса тоқталып, ұлттар мен ұлыстар арасындағы сүт­тей ұйы­ған бірліктің дәл осындай бір-бірінің асылдарын ардақтап, құрметтей білгенде ғана беки түсетінін айтып өтті. Шынын­да да, отты жырымен ортақ аспанды нұрландырып, дос­тық алып бәйтеректің тамырына аталы сөз, жалынды жырымен нәр құй­ған есіл ерлер­дің есті естелікке айнал­ған бе­дерлі бейнесінің өзі бүгінгі ұрпа­ғын тіл табысып, беріштей бекем біртұтас болуға шақырып тұрғандай емес пе?!

Ескерткіш алдында Мұса Жәлелдің жалынды жырлары оқылып, көгілдір Көкше аспанында ұлы достықтың нұр шуағы себезгілеп тұрды.

 

КӨКШЕТАУ