Қызылордадағы «Арай Сити Молл» сауда орталығында белгілі фотосуретші, Қазақстанның құрметті журналисі Болат Омарәлиевтің әр жылдардағы туындыларынан жасақталған көрме ашылды. «Қас қағым сәт, бір өмір» деп аталатын көрмені қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырып отыр.
Көрмені қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова ашып, көп алдында фотосуретшіге шапан жауып, құрмет көрсетті. Өңірдің жартығасырлық тарихын фотоға айналдырған кеш иесін құттықтаған «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев фотосуретші еңбектерінен көлемді альбом әзірленіп жатқанын жеткізді.
Еңбек жолын аудандық басылымнан бастаған Болат Шамаұлы 45 жыл облыстық «Сыр бойы» газетінде еңбек етті. Әр жылдары республикалық басылымдар жариялаған фотоконкурстар бәйгесін иеленіп, Алматы мен Мәскеу қалаларында, Польша, Украина мемлекеттерінде көрмесі ұйымдастырылған. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары сырбойлық фотосуретші туындылары «Советское фото» журналы мен «Известия» газеттерінде жарық көрді. Қазақстан фотожурналистикасына сіңірген еңбегі үшін «Фотоөнер қайраткері» медалімен марапатталып, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында елордадағы Ұлттық музейде суреттері қойылды.
Көрмедегі көп еңбектің арасынан ел тарихына жазылған айтулы оқиғалар мен танымал тұлғалардың өмірінің бір сәтін ғана бейнелеген фотолар көзге шалынады. Тағы бір қатарда ауыл өмірі, еңбек адамдарының тіршілігі таңбаланған туындылар тізіліпті. Фотообъективке ілінген табиғат құбылыстары да көрмеден орын алыпты.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжмахановтың айтуынша, көрме сауда орталығында аптаға жуық уақыт тұрады, алдағы уақытта оны облыстық көркемсурет галереясында жалғастыру жоспарланып отыр.
ҚЫЗЫЛОРДА