Қазақстанда грек-рим күресінің жеңіспен өрілген бай дәстүрінің барын барша жұрт жақсы біледі. Сонау Кеңес Одағы дәуірінің өзінде Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері көптеп шықты. Біздің балуандар үнемі бұрынғы «бауырлас» 15 республиканың алдыңғы легінде жүрді. Тәуелсіздік алған тұста да сол тамаша үрдіс жалғасын тауып, жерлестеріміз байрақты бәсекелерде өз жанкүйерлеріне қуаныш пен шаттық сыйлады. 10 қыркүйекте Сербияда шымылдығы түрілетін әлем чемпионаты қарсаңында отандық «классиктеріміздің» жүріп өткен жолына біраз шолу жасауды жөн көріп отырмыз.
«Қазақстанда грек-рим күресінің керемет мектебі қалыптасқан», «Біздің елде бай дәстүр бар» деп қанша жерден мақтансақ та, соңғы кездері жанарымызбен жер шұқып жүргеніміз белгілі. Мәселен, осы күрес түрін серік еткен саңлақтарымыз соңғы рет сонау 1999 жылы әлем чемпионы атанды. Иә, ол кезде командамыз өте қарулы еді. Ұлттық команданың сапында жүрген жігіттерді қандай сынаққа салса да, намысты қолдан бермейтін.
Тәуелсіз мемлекеттің өрендері ретінде 1993 жылы Стокгольмде шымылдығы түрілген дүниежүзілік додада алғаш рет бой көрсеттік. Скандинавия түбегінде қоржынға күміс медаль түсті. Оны Дәулет Тұрлыханов (82 кило) жеңіп алды. Даңқты балуан финалда Түркияның жас перісі Хамза Ерліқайға жол берді. Кейіннен Хамза Олимпиаданың екі, әлемнің үш және Еуропаның сегіз дүркін чемпионы атанды. Дәулет Болатұлы өзі күресе жүріп, ұлттық командамыздың бас бапкері қызметін қатар атқарды. Дәл сол тұста біздің балуандардың тасы өрге домалап, даңқы шартарапқа тарады. 1994 жылы Финляндияның Тампересінде Юрий Мельниченко (57 кило) алтын тұғырға көтерілді. 1995 жылы Прагада Юрамен бірге Бақтияр Байсейітов те (74 кило) күміс медальды иеленді. 1997 жылы Вроцлавта Мельниченко (58 кило) қарсы келгендерді қоғадай жапырып, екінші мәрте төрткүл дүниенің теңдессізі атанды. 1998 жылы Евледе Қазақ елінің әнұраны екі рет шырқалды. Мхитар Манукян (63 кило) мен Бақтияр Байсейітов (76 кило) барлық қарсыласынан басым түсіп, бас жүлдені олжалады. Дәл сол Швецияда Қазақстанның ұлттық құрамасы өз тарихында тұңғыш және әзірге жалғыз рет жалпы есепте үздік үш команданың қатарына қосылды.
1999 жылы Мхитар Манукян Афинадағы жарыста алдына жан салмады. 63 кило салмақта күш сынасқан ол қатарынан екінші мәрте финалда түркиялық Шереф Ероғылыны еңсерді. Бұл – қазақстандық балуандардың әлем чемпионаттарында жеңіп алған соңғы алтыны. Содан бері табаны күректей 23 жыл өтті. Сол уақыттан бері отандастарымыз қанша талпынғанымен, бас жүлдеге қол жеткізе алмай жүр.
Жаңа ғасыр табылдырықтан аттағаннан кейін әлем чемпионатының жалауы 16 мәрте желбіреді. Сол жарыстың алауынан қоржынымыз бос қайтты. Тарқатып айтсақ, Патрыда (2001), Мәскеуде (2002), Гуанжоуда (2006), Бакуде (2007), Ташкентте (2014) және Будапештте (2016) тегістей ұтылдық. Әлемдік додада Алмат Кебісбаев (60 кило), Мейрамбек Айнағұлов (59 кило) пен Демеу Жадыраев (71 кило) және Қорлан Жақаншаның (55 кило) алтын алуға тамаша мүмкіндіктері болды. Олар ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста сүрінді. 2011 жылы Ыстанбұлда Алмат ирандық Омид Хаджи Норузиге, 2017 жылы Парижде Мейрамбек жапониялық Кэнъитиро Фумитаға, Демеу германиялық Франк Штеблерге және 2019 жылы Нұр-Сұлтанда Қорлан грузиялық Нугзари Цурцумияға жол берді.
Жоғарыда аталған күмістерден бөлек, Алмат Кебісбаевтың әлемдік додаларда тағы төрт рет қола медальді мойнында жарқыратқанын айта кеткен абзал. Семей өңірінің тумасы өзінің осы табыстарына 2010, 2015, 2019, 2021 жылдары қол жеткізді. Яғни әлем чемпионаттарында Алмат бес рет жеңіс тұғырына көтерілді. Жүлделердің саны жағынан ол даңқты Юрий Мельниченкодан да асып түсті. Бірақ сапасы жағынан Олимпиада чемпионы қандасымыздан озып тұр. Юраның жеңіп алған төрт медалінің екеуі алтын және екеуі күміс.
Нар тұлғалы Нұрмахан Тынәлиевке де айтар алғысымыз шексіз. Аса ауыр салмақта алыптармен айқасқан қазақтың батыр ұлы әлем чемпионаттарында қатарынан үш рет қолаға қол созды. Бұл жүлделерді Нұрмахан 2010, 2011 және 2013 жылдары олжалады. Сондай-ақ Георгий Цурцумия (2003), Ермек Көкетов (2005), Нұрбақыт Теңізбаев (2009), Досжан Қартықов (2015), Айдос Сұлтанғали мен Мейіржан Шермаханбет (2018) және Мейрамбек Айнағұлов (2019) бір-бір реттен дәл сол межеден көрінді.
Былай қарағанда, 1993-2021 жылдары төрткүл дүниенің ең белді балуандары бас қосқан 23 жарыста 27 жүлде алудың өзі оңай шаруа емес. Осы көрсеткішпен біз аталған мерзім аралығында өткен байрақты бәсекелердің жалпы есебінде 12-орында нық тұрмыз. Тарқатып айтсақ, 5 алтын, 8 күміс және 14 қолаға қол жеткіздік. Алайда алтынның аздығы көңілімізге қаяу түсіруде. Мәселен, соңғы 33 жыл аралығында балуандық өнерде бай дәстүрі бар алпауыт мемлекеттерді айтпағанда, Израиль (Гоча Цициашвили – 2003), Эстония (Хейки Наби – 2006, 2013), Сербия (Давор Штефанек – 2014, Виктор Немеш – 2017, Зураб Датунашвили – 2021) және Молдова (Виктор Чобану-20021) секілді шағын ғана елдің өрендері әлемнің әр бұрышында бірнеше мәрте өз елдерінің әнұранын шырқатты. Солардың қатарында қазақстандық балуандардың болмауы қалың қазақ көрермендерінің көңіліне кірбің түсіруде.
Соңғы үш әлем чемпионатына тоқталсақ, бұл ретте ең үздік көрсеткіш Ресейге тиесілі. Олар 2018 жылы Будапештте алты алтын алса, 2019 жылы Нұр-Сұлтанда екі рет топ жарды. 2021 жылы Ослода көршілеріміз бір рет дара шықты. Былтырғы байрақты бәсекеде Иран құрамасының қарқыны өте күшті болды. Парсы елінің төрт пехлеваны алтын тұғырдан қол бұлғады. Бүгінгі таңдағы ең мықты командалар осылар. Сонымен қатар Жапонияның – үш, Әзербайжан, Мажарстан, Түркия, Грузияның – екі, Германия, Куба, Украина, Молдова, Армения және Сербияның бір спортшысы бас жүлдені иеленді. Міне, соңғы үш жарыста осы мемлекеттердің ғана өкілдеріне бас жүлде алу бақыты бұйырған екен.
Санаулы күндерден кейін Сербияда өтетін жарыста Қазақ елінің намысын 10 балуан қорғайды. Солардың арасынан Айдос Сұлтанғалиді бөле-жара атап өтсек, еш айыбы жоқ. 60 кило салмақта белдесетін 26 жастағы Сыр бойының тумасы 2018 жылы Будапештегі әлем чемпионатында қола медальді мойнына ілді. Өзге отандастарымыз ешқайсысы ондай табысымен мақтана алмайды. Сонымен қатар Айдостың Азия чемпионы деген атағы да бар. Бұл табысына ол былтыр Алматыда қол жеткізді. 87 кило салмақта күш сынасатын Нұрсұлтан Тұрсынов та талай дүрмекті көрген сақа спортшы. Құрлық біріншілігінің толық медальдар жиынтығын қоржынға салған 31 жастағы Семей өңірінің түлегі былтыр Токио Олимпиадасына қатысты.
Аса жеңіл салмақта Аманғали Бекболатов белдессе, ауыр салмақта Азия чемпионы Әлімхан Сыздықовқа сенім артылып отыр. 77 килода Темірлан Шадукаев өнер көрсетеді. Ол да осыдан екі жыл бұрын құрлық чемпионатында қарсылас шыдатпаған. Таяуда ғана Софияда өткен жастар арасындағы әлем біріншілігінде қола медальды иеленген 67 кило салмақтағы Дін-Мұхамед Қошқар да Белградқа баратындардың тізімінде. Сондай-ақ Ғалым Қабдунасыров (63 кило), Ибрагим Магомадов (72 кило), Диас Қален (82 кило) және Олжас Сырлыбай (97 кило) сынды балуандар боз кілемге шығады.
Қазіргі кезде Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері арасында ең жақсы күресіп жүрген Мейіржан Шермаханбет екені еш дау туғызбайды. 67 кило салмақта өнер көрсететін ол 2018 жылы Будапештте әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленсе, одан кейін Азия біріншілігінде бір алтын мен бір күмісті еншіледі. Биыл жазда Алматыда өткен Болат Тұрлыхановтың кубогында қазақтың қайсар ұлы Олимпия ойындарының жеңімпазы, әлем және Азия чемпионы Мохаммад Реза Гераеиды қалай ұтқанын өз көзімізбен көрдік. Жоғарыдағыдай көріністің куәсі болған жанкүйерлер сол сәтте «Дәл осы балуан бізге әлем чемпионатының алтын медалін сыйлайды» десіп жатты. Ал соның алдында ғана Шермаханбет әлем чемпионаты мен Азия ойындарында қатарынан екі мәрте теңдессіз деп танылып, құрлық чемпионатында үш рет топ жарған оңтүстіккореялық Рю Хан Суды 11:3 есебімен тас-талқанын шығарған еді. Өкінішке қарай, өр мінезді жігіт Белградқа бармайтын болды. Өйткені кезекті жаттығулардың бірінде ол көзін жарақаттап алған екен. Қазір Мейіржан ем-дом қабылдап жатқан көрінеді.
Десек те «Үмітсіз – шайтан» деп дана халқымыз бекер айтпаған ғой. Әлемдік додада өнер көрсететін апайтөстеріміздің арасында мықты балуандарымыз жетерлік. Бәлкім, солардың бірі Белградтың боз кілемінде бас жүлдені олжалап, барша қазақстандық жанкүйерлерге зор қуаныш сыйлар. Алдағы байрақты бәсекеде біз Серік Жұмашев жетекшілік ететін жігіттерге сәттілік тілейміз.
Әлем чемпионатының ТОП-15 командасы
(1993-2021 жылдар аралығы)
Орын
Командалар
Алтын
Күміс
Қола
Барлығы
1.
Ресей
44
26
28
98
2.
Түркия
18
11
18
47
3.
Иран
15
3
20
38
4.
Куба
14
11
16
41
5.
Оңтүстік Корея
9
9
12
30
6.
Армения
9
9
9
27
7.
Әзербайжан
7
7
13
27
8.
Грузия
6
5
9
20
9.
Швеция
6
4
4
14
10.
Болгария
6
2
11
19
11.
Мажарстан
5
14
13
32
12.
Қазақстан
5
8
14
27
13.
Германия
5
5
13
23
14.
АҚШ
4
7
9
20
15.
Украина
4
5
11
20
1993-2021 жылдар аралығында әлем чемпионаттарының жалауы 23 мәрте желбіреді. Сол жарыстарда 29 мемлекеттің өкілдеріне бас жүлде бұйырды. Жоғарыда аталған командалардан бөлек, Жапония
(4 рет), Сербия (3 рет), Польша, Беларусь, Эстония, Франция, Сербия (2 реттен), Финляндия, Өзбекстан, Молдова, Мысыр, Израиль, Қытай, Солтүстік Корея және Словакияның балуандары (1 рет) алтын тұғырға көтерілді. Ал жүлде алған елдердің жалпы саны – 42.
2021 жылы Ослода өткен әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері
55 кило: 1.Кэн Мацуй (Жапония), 2.Эмин Сефершаев (Ресей), 3.Нугзари Цурцумия (Грузия) мен Эльдениз Азизли (Әзербайжан).
60 кило: 1.Виктор Чобану (Молдова), 2.Жоламан Шаршенбеков (Қырғызстан), 3.Степан Марянян (Армения) мен Мурад Мамедов (Әзербайжан).
63 кило: 1.Мейсам Далхани (Иран), 2.Лери Абуладзе (Грузия), 3.Кэнсукэ Симидзу (Жапония) мен Ленур Темиров (Украина).
67 кило: 1. Мохаммад Реза Гераеи (Иран), 2.Назир Абдуллаев (Ресей), 3.Алмат Кебісбаев (Қазақстан) пен Рамаз Зоидзе (Грузия).
72 кило: 1.Малхас Амоян (Армения), 2.Сергей Кутузов (Ресей), 3.Геворг Саакаян (Польша) мен Криступас Шлейва (Литва).
77 кило: 1.Роман Власов (Ресей), 2.Санан Сулейманов (Әзербайжан), 3. Мохаммадали Гераеи (Иран) мен Роланд Шварц (Германия).
82 кило: 1.Рафиг Гусейнов (Әзербайжан), 2.Бурхан Ақбұдақ (Түркия), 3. Адлан Акиев (Ресей) пен Педжаман Поштам (Иран).
87 кило: 1.Зураб Датунашвили (Грузия), 2.Кирилл Маскевич (Беларусь), 3.Лаша Гобадзе (Грузия) мен Аркадиуш Кулинич (Польша).
97 кило: 1.Мұхаммадхади Сарави (Иран), 2.Алекс Шоке (Мажарстан), 3.Артур Саргсян (Ресей) мен Трэйси Хэнкок (АҚШ).
130 кило: 1.Алиақбар Юсуфиахмадчали (Иран), 2.Зураб Гедехаури (Грузия), 3.Оскар Марвик (Норвегия) пен Якоб Каджая (Грузия).