Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналған мерекелік іс-шаралар Астрахань мемлекеттік опера және балет театрында үлкен мерекелік концертпен басталып, басқа қалаларда жалғасты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әуелі 7 қыркүйекте «Қазан Халықаралық мұсылман киносы фестивалі» аясында қазақстандық фильмдердің көрсетілімі ұйымдастырылды. Онда режиссер Юлия Захарованың «Тарлан» фильмінің тұсаукесері өтті. Бұл картина Ғалымжан Ибрагимовтың «Алмачуар» повесінің желісімен түсірілген «Татаркино» және Almapictures бірлескен жобасы.
Байқауға сондай-ақ режиссер Адай Әбелдиновтің толықметражды тарихи анимациялық «Күлтегін» фильмі ұсынылды. Таспа көптеген көшпелі этностарды бір тудың астына біріктірген Түркі қағанатының белгілі әскери қолбасшысы Күлтегіннің жас кезі туралы баяндайды. Фестиваль аясында «Орыстар Мариенплацта» атты драмалық фильмі де көрсетілді.
Британдық кинорежиссер және сценарист Джесси Джонсонның «Аве Мария» фильмін Қазанда продюсер Еркен Ялгашев таныстырды. Қазандық көрермен үшін тағы бір тарту - Generation14Plus бағдарламасында Берлин кинофестивалінің Гран-приін жеңіп алған Фархат Шәріповтың «Схема» фильмінің көрсетілімі өтті. Бұл сенсациялық «18 килогерц» фильм трилогиясының екінші бөлімі.
Сол сияқты Мұса Жәлел атындағы Татар мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақстан Республикасы өнер шеберлерінің гала-концерті өтті. Концертке Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, Қазақстанның халық артистері Секен Тұрысбеков, Айгүл Үлкенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова, Батыржан Мықтыбаев және басқа да еліміздің танымал әншілері мен шығармашылық ұжымдары қатысты. Концерт басталар алдында Елабуга мемлекеттік тарихи-сәулет және сәулет өнері қорынан алынған қазақстандық суретшілердің сурет көрмесі ұйымдастырылды.