Осыдан тура бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес өткен болатын.
Сол жолы Президент «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына мұнай кен орындарының бірте-бірте тозуына, 2030 жылға қарай өндірілетін мұнайдың азаюына байланысты өңірде геологиялық-барлау жұмыстарының жеке жоспарын әзірлеуді тапсырған-ды. Осы тапсырма аясында Өзен және Қарамандыбас кен орындарын оңалту жоспарының тұжырымдамасы дайындалды.
Өткен жұма күні «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Мақсат Ибағаров, «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС бас директоры Бақытжан Хасанов, мұнай-газ саласының ардагерлері, геологтер, қоғам қайраткерлері және Жаңаөзен қаласының депутаттары аталған тұжырымдаманы талқылады.
Соған сәйкес оңалту шараларының нәтижесінде кен орындарындағы мұнай өндіру деңгейі бірнеше жыл аралығында кезең-кезеңімен 6-6,5 млн тоннаға дейін жетуге тиіс. Жоспарланған істер осы көрсеткішті алдағы 10 жыл бойы сақтап тұруға мүмкіндік береді.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің пайымынша, әзірленіп жатқан жоспар Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге де елеулі үлес қосады.
– Бүгінде «Өзенмұнайгаз» мұнай өндіру көрсеткіштерін толық орындай алмай отыр. Техникалық және геологиялық мәселелерге байланысты мұнай өндіру көлемін бірқалыпты деңгейде ұстап тұру қиынға соғуда. Жыл сайынғы күрделі салымдардың деңгейіне қарамастан, «Өзенмұнайгазға» қарасты кен орындарында мұнай өндіру көлемі азайып барады. Соның салдарынан компанияның кірісі төмендеп, қазіргі қызметкерлер санын сақтап қалу мен оларға еңбекақы төлеуде түйткіл туындайды. Болжам бойынша компания 2024 жылы табыс тиімділігінің шегіне жетеді, – деді «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы.
Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапары барысында Маңғыстау облысының кәсіподақ ұйымдары басшыларымен де кездесті. Кездесу барысында еңбек ұжымдарын жиі толғандыратын мәселелер көтерілді. Олардың қатарында еңбекақы және кеніштерде электр энергиясының жиі өшірілуі бар.
«ҚазМұнайГаз» басшысы Жаңаөзен қаласын дамытуға бағытталған компания жобаларына бөлек тоқталды. Алдағы уақытта бұл қалада «Астрахань-Маңғыстау» магистралды су құбырын реконструкциялау және кеңейту, Кендірліде су тұщыту зауытын және Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауытын салу жобалары жүзеге асырылмақшы.
Сонымен қатар Жаңаөзен қаласына әлеуметтік қолдау көрсету аясында компания екі спорт кешенінің құрылысын аяқтауға таяу. Оқушылар сарайының құрылысы басталды. Бұған қоса, қалада 16 спорт алаңын салу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ ұлттық компания «Жарқын болашақ» бағдарламасы бойынша Жаңаөзеннің еліміздің үздік колледждері мен мектеп-интернаттарына оқуға қабылданған дарынды балаларына оқу мен баспана ақысын төлейді.