• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2010

ПАРЫЗДЫҢ БІР ПАРАСЫ

557 рет
көрсетілді

Жақында Ұлттық академиялық кітапханада “Фолиант” баспасынан “Менің Отаным – Қазақстан” сериясымен жарық көрген “Отырар” кітап-альбомның тұсаукесері өтті. Авторы –Президенттік сыйлықтың лауреаты,  әріптесіміз Еркін Қыдыр. Киелі Отырардың өткен тарихы мен бүгінін орамды оймен, оюлы кескінмен кемшіліксіз түйіндеген кітап-альбом жайында газетімізде жарық көрген Өмірзақ Айтбай­ұлы­ның айтқандарына қосып-ала­ры­мыз жоқ. Кітапта Отырардан шық­қан ұлы бабамыз Әл-Фара­би­дің, бабтардың бабы – Арыс­тан­бабтың аңызбен астасқан ғұмыр­лары жа­сам­паздық ілімдерімен ұш­тас­ты­рыла өрілгенін, Шыңғыс хан мен Әмір Темір жорықтары ой елегінен өзгеше өткізілгенін, Тұр­ғанбай датқа, Қажымұқан, Ө.Жәні­беков, А. Машанов, К.Акышев секілді Отырармен өзектес тұлғалар жайлы тың деректермен жарық көргенін тағы бір мәрте айта кет­сек, артық болмайтын шығар. Өңір­дің ға­жа­йып табиғаты, жан-жануарлар әле­мі, өсімдіктер дү­ниесі мен қазіргі әлеуметтік-эко­но­микалық, мәдени-рухани келбеті туралы келтірген мәліметтері тарих­шылар мен өл­ке­тану­шы­лар­дың назарын өзіне қа­зір­дің өзінде-ақ молынан ауда­рып, жалпы көп­шілік үшін өте керекті дүние екені білінуде. Қазақтың тарихы жа­йында әлі де толыққанды оқу­лық­тар жоқ деген өкініш өзекті жиі өртеп жататын мәселе болса, “Фолиант” баспасынан жарық көрген осыған дейінгі “Ұлытау”, “Ой­ыл”, “Ерейментау”, “Қазы­ғұрт” кітаптары сол түйінді бір­тін­деп шешетін жол секілді көрінеді. Осы кітаптар сынды еліміздің басқа да өңірлері жайында қызықты жи­нақтардың басы құралса, бұл ел та­рихы мен тағдырына арналған тұтас энциклопедия рөлін атқармақ. Тұ­саукесерде шығып сөз сөйлеген жазушы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаровтың айт­қаны осы ойға саяды. Қаламгер бү­гінде елімізде 160-тай аудан бар еке­нін, келешекте баспадан олардың әрқайсысы туралы осын­дай ұстағанда уысың толатын ру­хани байлығымыз көбейсе, ол ел үшін баға жетпес құндылық бо­ла­тынын тілге тиек етті. Мемлекеттік “Мә­дени мұра” бағдарламасы бо­йынша Есіл, Берел, Түркістан – Отырар сияқты тарихи ескерт­кіш­тер Қазақ елінің брэнді болып саналады десек, ендеше баспадағы бастама елдік бағдарламамен тұ­тасқан іс екені күмән келтірмейді. Осы өңірдің тумасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Шалатай Мыр­захметов перзенттік толға­ныс­пен ағыл-тегіл ой саптаса, Л.Гу­милев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің профессоры Серік Негимов “Отырар” кіта­бы­ның тұ­саукесері тек елордада өтіп қой­мауы керек, әлемге әйгілі Әл-Фа­рабидің туған жері туралы кітап кешін шетелдерде де өткізсе, нұр үстіне нұр болар еді деді. Кітапты дәріптеуде құлашты кең жайып, Фараби тағылымына тағзым еткен елдерде жалғастыру идеясы көпшілік көңіліне қонды. Ақын Серік Тұрғынбекұлы: “Жігіттер! Жүректе оты бар, Өмірде қыран бар, Тоты бар. Айырып арасын Айта алсаң, Әліптің бір сыры ашылар. Тарихтың тылсымы оқылар. Ол – тізгін – Отырар, Ол – біздің Отырар...” деп сия­сы әлі кеуіп үлгермеген жаңа өлеңін оқыса, жас ақын Айбатыр Сей­тақ ағасынан қалыспай: Ей, жас ұрпақ! Жүрегінде оты бар! Ел тарихын ой-санаңа тоқып ал. “Өзегіңді не өртейді?” десеңіз Орны толмас ойрандалған Оты­рар! деп осыдан екі жыл бұрын елордада туған жырын ұсынды. Кітап авторы Еркін Қыдыр Отырар хақында әлі де тереңнен бұлқынған толайым бұлақ көзі табыларына, ал Отырар туралы әңгіме мұнан әрмен қарай да әлі жалғаса береріне сен­дірді. Осы кітапқа дерек көз­дерін іздей жүріп, беймәлім небір ғажап тыл­сым­дарға батқанын айтқан. Мұны архе­ологтар мен тарихшылар зерт­теуіне келешекте мұрындық болар тарихтың тағы бір құпияда жатқан тың арнасы деп ұқтық. Жазушы Әділбек Ыбырайымұлы жүргізген тұсаукесер кешінде әуелеген әсем әндер Отырар ғибратын то­лық­тырып, көне ғасыр көк­жиегінен сыр толғады. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.