Теннистен Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Словенияның Портороже қаласында өтіп жатқан WTA 250 турнирінің финалына шықты.
Жерлесіміз халықаралық турнирдің жартылай финалында әлемнің 65-ракеткасы румыниялық Анна Богданмен кездесіп, екі сетке жалғасқан матчта 6:1, 6:1 есебімен басым түсті. Е.Рыбакина финалда WTA рейтингінде 82-орында тұрған 26 жастағы чехиялық Катерина Синяковамен шеберлік байқасады. Екі теннисші бұған дейін кортта бір-бірімен алты мәрте кездесіп, оның төртеуінде Рыбакина басымдық танытқан. Ал екі матчта чехиялық теннисші жеңіске жетті. Ең соңғы рет екі теннисші осы жылдың мамыр айында Мадридте ойнап, Катерина Синякова жарақатына байланысты матчты жалғастырудан бас тартқан болатын.
Айта кетейік, бұл – Елена Рыбакинаның жекелей сындағы оныншы финалы. Ол бұған дейін Wimbledon-2022 жарысында топ жарған болса, оның алдында 2019 жылы Румыниядағы, 2020 жылы Аустралиядағы турнирлерде бас жүлдені олжалаған. Сондай-ақ алты рет WTA санатындағы жарыстың финалисі атанған.