Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА құрамына енген 20 жылдың ішінде әлем, Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңдерінде ешқашан өз тобында жоғары орындарға көтеріліп көрмеген. Ұлттық құраманың топтық кезеңдегі тұрақты мекені соңғы орындар болатын. Ал биыл сол олқылықтың орнын толтыратын зор мүмкіндік туып тұр. Ертең маусымда жалауы желбіреген Ұлттар лигасының ойындары қайта жалғасады.
Бірер жыл бұрын тұсауы кесілген Ұлттар лигасының үшінші маусымы футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы үшін сәтті басталды. Жерлестеріміз жаздың алғашқы айында өткен төрт турдың үшеуінде жеңіске жетіп (Әзербайжан – 2:0, Словакия – 1:0, 2:1), бір кездесуде тең (Беларусь – 1:1) ойнады. Сөйтіп, Магомед Адиев шәкірттері доп додасының алғашқы төрт турынан кейін 10 ұпай жинап, «С» дивизионының 3-тобында көш бастады. Турнир кестесінде екінші орында тұрған Словакия біздің құрамадан бақандай төрт ұпай қалып келеді. Алда әлі екі тур бар. Егер жерлестеріміз сол екі ойынның біреуінде үш ұпай олжалайтын болса, онда өз тобындағы бірінші орнын сақтап қана қоймай, аталған лигада бір саты жоғарылап, «В» дивизионына тікелей жолдама алады. Ал Еуропаның үздік құрамалары бақ сынайтын «В» лигасында Кәрі құрлық чемпионатының жолдамалары сарапқа салынатынын жанкүйерлер жақсы біледі.
Футболдан биылғы әлем чемпионаты әдеттегідей жазда емес, күз мезгілінде Қатарда өтетін болғандықтан, ФИФА мен УЕФА 2022 жылғы футбол күнтізбесіне өзгеріс енгізіп, Ұлттар лигасының ойындарын маусым және қыркүйек айларында өткізуге мәжбүр болды. Дәстүр бойынша ойындар қарашаға дейін созылатын еді.
Жерлестеріміз Ұлттар лигасының бесінші тур ойынын ертең елордадағы «Астана Арена» стадионында ФИФА рейтингінде 96-орында тұрған Беларусь құрамасымен өткізеді. Осыдан үш ай бұрын сырт алаңда ұйымдастырылған алғашқы ойында Қазақстан құрамасы «ақорыстармен» бірінші рет ресми матчта тең ойнап (1:1), төрт ойынға жалғасқан жеңіссіз серияға нүкте қойды. Сербияның Нови-Сад қаласындағы «Караджордже» стадионында (УЕФА Беларусь құрамасына өз елінде ресми ойындарды өткізуге тыйым салған) өткен кездесудің 13-минутында Абат Айымбетов есеп ашса, екінші таймның 84-минутында Владислав Малькевич таразы басын теңестіріп, командасын жеңілістен құтқарып қалған еді.
22 қыркүйек күні елордада Беларусь құрамасымен өтетін ойын ұлттық құрама жігіттері үшін қай жағынан алып қарасақ та маңызды матчтың бірі болып тұр. Өйткені ең бірінші, футболшыларымыз ұлттық құраманың наурыз айында басталған жеңісті жолын бұзып алмаса екен дейміз. Екіншіден, жаңа бапкердің басшылығымен сырт алаңда Беларусьпен тең түскен ұлттық құрама футболшылары оларды Астанада жеңіп, бұған дейінгі жеңілістің есесін қайтаруға тиіс. Үшіншіден, егер осы матчта еш қиындықсыз үш ұпайға қол жеткізетін болсақ, онда соңғы турдың нәтижесіне қарамай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасы мерзімінен бұрын Ұлттар лигасының «В» дивизионына көтеріледі.
Өз алаңымыздағы матчтан кейін Могамед Адиев шәкірттері соңғы тур ойыны үшін Әзербайжанға сапар шегеді. Екі елдің құрамалары арасындағы алғашқы тур ойыны «Астана Арена» стадионында өтіп, жерлестеріміз 2:0 есебімен басым түскен еді. Матчтағы екі голды да «Астананың» шабуылшысы Абат Айымбетов соққан болатын. Әзербайжан мен Қазақстан құрамалары арасындағы қарымта матч 25 қыркүйек күні Бакудегі 31 мың жанкүйер сыятын Тофик Бахрамов атындағы республикалық стадионда өтеді. Матч елорда уақытымен 22:00-де басталады.
Өткен аптада Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев осы екі ойынға шақырту алған футболшылардың тізімін жариялады. Адиев қыркүйектегі матчтарда да негізінен маусым айындағы бәсекелерде жасыл алаңға шыққан футболшыларға сенім білдірмек. Сондай-ақ ұлттық құрамаға жарақаттарынан айыққан қорғаушы Марат Быстров пен Бақтиер Зайнудтинов оралды. Ал Владислав Васильев («Тобыл») пен Максим Самородовтың («Ақтөбе») орнына Юрий Логвиненко («Ақтөбе) мен «Қайраттың» жас ойыншысы Әділет Сәдібеков келді. Сонымен қатар ұлттық құрамаға ұзақ уақыт үзілістен кейін «Шахтердің» шабуылшысы Роман Мұртазаев қайта оралды. Қалған футболшылар құрамадағы өз орнын сақтап қалды. Магомед Адиев алдағы екі ойында мына футболшыларға сенім артпақ.
Қақпашылар: Игорь Шацкий («Шахтер»), Мұхаммеджан Сейсен («Тараз»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»);
Қорғаушылар: Сергей Малый, Александр Марочкин, Бағдат Қайыров (барлығы – «Тобыл»), Елдос Ахметов («Тараз»), Михаил Габышев, Талғат Көсепов (екеуі де – «Астана»), Марат Быстров («Ахмат», Ресей), Темірлан Ерланов, («Ақтөбе»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей);
Жартылай қорғаушылар: Юрий Логвиненко, Рамазан Оразов, (екеуі де – «Ақтөбе»), Асхат Тағыберген, Самат Жарынбетов (екеуі де – «Тобыл»), Аслан Дарабаев, Тимур Досмағамбетов, Исламбек Қуат (барлығы – «Астана»), Ян Вороговский («Моленбек», Бельгия), Бақтиер Зайнутдинов (ЦСКА, Ресей), Эльхан Астанов («Ордабасы»), Әділет Садыбеков («Қайрат»);
Шабуылшылар: Абат Айымбетов («Астана»), Абылайхан Жұмабек («Тараз»), Артур Шушеначев («Қайрат»), Роман Мұртазаев («Шахтер»);