Астанада Қазақстан футбол федерациясының кезекті конференциясы өтіп, онда балалар футболы мен бұқаралық футболды дамыту, осы салаға маман даярлау мәселелері талқыланды. Жиынға Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, amanat партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев, ФИФА-ның еуропалық ұлттық қауымдастықтар бойынша директоры Эльхан Мамадов, УЕФА президентінің ұлттық қауымдастықтар бойынша кеңесшісі Йозеф Климент қатысты.
Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, конференция делегаттары жиын барысында 2034 жылға дейінгі Қазақстан футболын дамыту стратегиясын бекітті.
«Бүгінде қазақ футболы жүйелі реформаға мұқтаж екені белгілі. Алдағы үш жылда негізгі күшті келесі міндеттерді шешуге бағыттаймыз. Олар: балалар-жасөспірімдер және бұқаралық футболды дамыту, футбол мамандарын дайындау саласын жандандыру, бұқаралық футболға арналған футбол инфрақұрылымын жаңғырту. Мақсатымыз – жастар арасында футболды дәріптеу, жарысты ұйымдастыру жүйесін жақсарту және футбол инфрақұрылымының жыл он екі ай қолжетімді болуын қамтамасыз ету», деп атап өтті ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов.
Amanat партиясымен жасалған меморандум аясында еліміздің барлық аймағында бұқаралық футбол мен волонтерлік қозғалысты дамытуға бағытталған 20 жастар қоры құрылмақ.
«Amanat партиясы футболды дамыту арқылы мемлекет алдындағы әлеуметтік және экономикалық міндеттерді шешуді көздейді. Футбол – мемлекеттің саламатты өмір салтын қалыптастыру бойынша міндеттерін жүзеге асыра алатын құрал», деп атап өтті Эльдар Жұмағазиев.
Сондай-ақ жиынға қатысқан УЕФА ұлттық қауымдастықтары бойынша кеңесшісі Йозеф Климент УЕФА мен ҚФФ қарым-қатынастың аясы жылдан-жылға ұлғая бастағанын, қазақстандық делегацияның УЕФА-ға сапарының жоғары маңызға ие екенін атап өтті. Сонымен қатар ол жылдың соңына дейін Қазақстан футбол федерациясы қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын семинар ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Конференция қорытындысында Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитетінің жаңа құрамы сайланды. Оған Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Ардагерлер футбол одағының төрағасы Сейілда Байшақов, футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкерінің көмекшісі, «Оқжетпес» футбол клубының бас бапкері Бегайым Қырғызбаева, «Қайрат» футзал клубының президенті Қайрат Оразбеков, «Фридом Финанс» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Тимур Турлов және Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының үш мүшесі лиганың құқық белгілеуші құжаттарына сәйкес құрамға енді.