• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бокс 21 Қыркүйек, 2022

Ринг сыртындағы жекпе-жек

266 рет
көрсетілді

Бокс жанкүйерлері 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында ұйымдастырылатын төрт жылдықтың басты додасында былғары қолғап шеберлерінің өнерін тамашалай алмауы мүмкін. Себебі Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) аталған спорт түрін алты жылдан кейін мұхиттың арғы бетінде жалауы желбірейтін Олимпиада бағдарламасына енгізген жоқ.

Бірінші раунд

Жалпы, боксты Олимпиададан алып тастау мәселесі тек биыл ғана емес, соңғы 35 жылда осымен үшінші мәрте көтеріліп отыр. Соңғы рет 2018 жылы Токио Олим­пиадасының қарсаңында да бокс төңірегінде үлкен дау туындаған болатын. Сол жылғы Халық­аралық Олимпиада ко­мите­тінің кезекті сессиясында ХОК президенті Томас Бах бокс­тың болашағы бұлыңғыр екенін айтқан еді.

«Біз AIBA-ның басқару ісіне алаңдап отырмыз. ХОК Атқарушы комитетінің Халықаралық әуес­қой бокс қауымдастығының (AIBA) басқарушылық, қаржы­лық, төрешілік және допинг мәселелері жайлы берген есебіне көңілі толмайды. Сондықтан біз Буэнос-Айресте өтетін жас­тар арасындағы Олимпиада мен 2020 жылы Токиода өтетін жазғы Олимпия ойындарының бағдарламасынан боксты алып тастау туралы істі қарауға құ­қы­лымыз. AIBA-дан күмән ту­дырған жекпе-жектердің есеп­темесін алдық. Біз төрешілік туралы неғұрлым көбірек мәлімет сұратқан едік, әлі де сұратып отыр­мыз. Осыған қатысты көңіл то­лар­лықтай ақпарат алғымыз ке­леді», деді Томас Бах.

Үзіліс

Әйткенмен бокс былтыр Жа­понияның бас шаһары – То­киода ұйымдастырылған жазғы Олимпия ойындары мен жас­тар арасындағы дода­ның бағ­дарламаларында қалды. Бір­ақ бокс бәсекелерін өткізу жа­ғын Халықаралық гимнастика федерациясына жүктеп, төреші­лерді ХОК-тың өзі таңдап алды. Сондай-ақ Олимпиададағы ген­дер­лік теңдікті сақтау мақса­тында ерлер боксындағы салмақ дәре­желері қысқартылып, әйел­дер арасындағы салмақ дәреже­лері көбейтілген еді.

Жоғарыда айтқанымыздай, кейінгі төрт жылда әуесқой бокс­тың басына қара бұлт осымен екінші рет үйірілген болса, ең бірінші рет боксты Олимпиададан алып тастау бастамасы 1988 жылы Сеул Олимпиадасынан кейін көтерілген болатын. Сол кезде мамандар боксты қа­уіп­ті спорт ретінде танып, төрт жыл­дық бәсекесінен шет­тету­ді ұсынды. Бұған Сеул ринг­те­ріндегі нокауттардың жиілеп кеткендігі себеп болды. Кейін­нен боксшыларға арнайы бас киім тігіліп, қолғаптары да қалың­датылды. Бірақ уақыт өте келе (2013 жылы) АИБА-ның шеші­мімен бас киімдер қайта алынып тасталды. Сонымен қатар Сеул Олимпиадасынан кейін әуесқой бокста бағалаудың жаңа жүйесі енгізілген болатын.

Екінші раунд

Жуырда ХОК-тың спорт директоры Кит Макконнелл Әуесқой бокс ассоциациясының (IBA) басшысы Умар Кремлевтің атына хат жолдап, онда бокстың 2028 жылғы Олимпиада бағдарламасына енбей қалғанын мәлімдеген. «Қа­зіргі уақытта бокс 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олим­пия ойындарының спорттық бағдарламасына енген жоқ. IBA тара­пынан нақты өзгерістің жоқ­тығына байланысты ХОК-тың Атқарушы кеңесі бұл ше­шімді жоққа шығара алмайды. Алдағы уақытта біз IBA-дан оң өзгерістер күтеміз», делінген Кит Макконнеллдің ресми хатында.

Дегенмен ХОК-тың спорт директоры бұл соңғы шешім емес екенін, 2023 жылдың басында бокстың Олимпиада бағдар­лама­сында қалу яки қалмауы тағы да талқыланатынын айтты.

2024 жылы Парижде (Фран­ция) өтетін дүбірлі дода барысында жанкүйерлер әдеттегідей былғары қолғап шеберлерінің тартысты бәсекелерін аренадан және теледидар арқылы тамашалай алулары да әбден мүмкін. Бірақ Олимпиадаға іріктеу бәсеке­лерін және Олимпиада кезіндегі бокс бәсекелерін ұйымдастыруға IBA араласа алмайды. Лос-Анд­желестегі ойындардың тағдыры әзірге тек ринг сыртында талқы­ланып жатыр.

Үзіліс

Олимпия ойындарының тарихына көз жүгіртер болсақ, бокс спорты Олимпиада бағдарла­масына енген 1904 жылдан бас­тап күні бүгінге дейін жанкүйер­лерді тартысты жекпе-жектерімен қуантып келеді. Дегенмен осы уақыт аралығында бокста салмақ саны жеті мәрте өзгерген екен. Мәселен, ең алғашқы Олим­пиадада боксшылар жеті салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салса, келесі төрт жылдықта сал­мақ саны беске дейін қысқар­ған. Ал 1920 жылдан 1942 жылға дейін салмақ саны қайта артып, сегізге дейін жеткен. 1952-1964 жылдар аралығында – 10, 1968-1980 жылдары – 11, 1984-2000 жылдары 12 салмақ дәрежесі болса, 2004-2008 жылғы Олимпиадада салмақ саны қайта 11-ге дейін төмендеді. Ал 2012 жылдан 2016 жылға дейін бокс­шылар сол уақыттағы ереже бо­йынша 10 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Ал былтырдан бастап боксшылар сегіз салмақ дәре­же­сінде өнер көрсете бастады.

Спорттағы артық салмақты «тазалау» тек бокста емес, кезінде Олимпиада бағдарламасынан шығып қалуы мүмкін болған күрес түрлерінде де болғанын та­рих­тан білеміз. Атап айтар бол­сақ, Лондон Олимпиадасынан кейін күрес түрлері Олимпиада бағдарламасынан алынып тасталуы мүмкін деген ақпарат тараған. Алайда бұл дау тек салмақ санын қысқартумен аяқталғаны баршаға белгілі. 1996 жылы Олимпиадада балуандар 10 салмақта күрессе, қазір олардың саны алтыға дейін қысқарған. Жалпы, жүйе бойынша әр Олимпиаданың алдында ұйымдастырушылар спорт пен жарыс ережелерін сұрыптап, кейбір спорт түрлерін қағып-сілкіп жатады. Алайда ХОК бокс­қа шүйлігуін әлі тоқтатар емес. Егер бұлай жалғаса берсе, үшінші раундта екі тараптың бірі «нокау­т» алып тынатын түрі бар.