Төртқұдық ауылдық округі аумағындағы жас кәсіпкер Ғайса Әлдибеков құрған «Балтабай» шаруа қожалығының жұмысы табысты. Осыдан бес жыл бұрын ресми тіркелген шаруашылықтың иесі көлемі 5200 гектар жерге мал бағып, шөбін шауып отыр.
Ғайса «жастайымнан малсақ болдым, ат құлағында ойнап, түлікті күтіп-бағудың әдіс-амалын бала кезден құлаққа сіңіріп өстім», дейді. Қарапайым ауыл бозбаласы 18-ге толғанда өз алдына мал шаруашылығын құрсам деп әрекеттене бастаған. Қолында асыл түлік сатып ала қоятындай қаржысы, лайықты қора-жайы болмағандықтан алғашында қаржы ұйымдарын жағалап көруге бел байлапты. Алайда ондағылар «жасың келмейді» деп шығарып сала берген соң, алғашқыда біраз қиындық көрген. Алғаш «Даму» қоры арқылы қомақты қаржыға қол жеткізген. Кейін Екібастұздағы өңірлік кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгініп, «Бастау» жобасы аясында білім алды. Мұнда ол шаруашылықтың жұмысын қалай ұйымдастыру керектігін меңгерді.
– Мал өсіру – қиындығы мен тәуекелі мол жұмыс. Осы шаруашылықты құрмас бұрын, түлікті тірнектеп жинадым. Басы артық табысым болса, соған мал сатып алатынмын. Табысқа жету үшін қажырлы еңбек, тиянақты жұмыс пен қаржылай қолдау қажет. Сондықтан мемлекет тарапынан ұсынылған мүмкіндіктерді қалт жібермей, тиімді пайдалану керек екенін түсіндім. Біле білген адамға қазір бизнесті бастап жүргізу үшін жан-жақты жағдай жасалған, – дейді жас кәсіпкер.
«Бастау» жобасы аясында оқудан өткен ол асыл тұқымды жылқыны өсіру технологиясын меңгерді. Бизнес-жоспар дайындап, сәтті қорғап шықты. Ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты идеясын іске асыру үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры арқылы төмен пайызбен 3 млн теңге несие алып, кәсібін бастады. Кейін оны өтеген соң қаржы ұйымдары арқылы тағы несие рәсімдеп, шаруашылығын инвестициялауды жалғастырды. Нәтижесінде, жас азамат осы уақытқа дейін мемлекет көмегімен 100 қара мал, 80-ге жуық жылқы сатып алған.
«2019 жылы конкурсқа қатысып, ауыл шаруашылығы жерін иелендім. Бастапқыда мұндай конкурстарда қағылып, үлкен шаруашылықтар ең құйқалы деген жер телімдерін иеленіп кететін. Тәжірибе жинақтай келе бастысы шаруашылыққа инвестиция салу керек екенін ұғындым. Қазір Төртқұдықтан 30 шақырымдай жерде мал өсіруге арналған фермам бар. Онда екі жұмыскер еңбек етеді», дейді жалынды жас.
Бүгінде орда бұзар отызды бағындырған шаруа иесінің келешекке көздеп отырған мақсат-мұраты мол. «Іскер» несие бағдарламасына қатысып, қазақтың ақ бас тұқымды бұқасын сатып алу, сөйтіп қолдағы малын асылдандыру ойда тұр. Қазір лизингке отандық өндірісте құрастырылған трактор сатып алуды ойластырып жатқанын, жаңа техника қолына түссе шаруашылық мал азығын толығымен өзі дайындайтынын жеткізді. Екібастұздың ауылдық аймағында салмағы 250-300 килолық шөп бумасы 12-13 мың теңге тұрады. Түптеп келгенде малды шаруашылықтар қысқы қор үшін көп қаражат шығындайтыны айқын. Ал трактор бұл шығынның орнын жауып, бұған дейін шөпке жұмсалып келген қаражат қожалықты инвестициялауға бағытталмақ.
Ғайса өзі сияқты жастардың мал өсірумен айналысқысы келетінін, алайда қаржы мен материалдық мүліктің жоқтығынан тауы шағылып, кері қайтатынын айтады. Қазір жер алу үшін әуелі мал керек деген қисынсыз талап бар. Сөйтіп мал алып қойып, соңынан жер бөлу конкурсында жеңіліп қалып жүрген замандастары да бар көрінеді. Қаржы ұйымдары ақшалай несие мен лизингке техника беру үшін де жердің болуы міндет деген талап қояды. Осындай қисынсыз шарттар белсенді жастарға ауыр тиіп тұр.
– Төртқұдықта шамамен онға жуық шаруа қожалығы бар. Шаруа басшыларының ішінде ең жасы – мен, өзгелерінің барлығы 50-ді алқымдап қалған ел ағалары. Енді бір 20 жылда олардың жасы 70-80-ге келсе мал өсірумен айналыспайтыны айдан анық қой. Ендеше мемлекет жастарды мал шаруашылығымен шұғылдануға тартып, оларға жағдай жасап беруге күш салуы керек. Өзім көріп жүрген іскер азаматтар жетерлік, барлығы асыл түлік өсіргісі келеді. Жасы 25 пен 40 арасындағы азаматтарға жеңілдетілген пайызбен кепілсіз несие қарастырылып, аяққа тұрғанша көмек көрсетілсе, конкурстан тыс жер үлестіріліп, белгілі бір мәртебе берілсе үлкен көмек болар еді. Қазір қаншама ауылымыз қаңырап, жастар үздіксіз қалаға кетіп жатыр. Жұмыс, кәсіп, табыс болмаған соң жастар үлкен шаһарларға қашпағанда қайтеді? – деп қынжылады қожалық басшысы.
Кезінде өңірде «Жайлау» бағдарламасы қолға алынып, мал өсіргісі келетіндерге 100 қойдан таратылған. Кейін сиыр, жылқы да үлестіріледі деп күтілгенімен бағдарлама белгісіз себептермен тоқтап қалды. Кәсіпкер сол жоба қайта қолға алынса талай жас өзі армандаған кәсібін дамытар еді деп санайды.
Екіншіден ауыл шаруашылығын субсидиялауда жастар басқарып отырған шаруашылықтарға басымдық берілсе, кәсібін жаңа бастағандар дүркіреп тез көтеріліп кетер еді деп есептейді ол.
Айта кеткен жөн, Ғайса Әлдибеков шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға арналған бизнес дамыту курстарына, сондай-ақ өңірде өтетін ауылшаруашылық жәрмеңкелеріне тұрақты қатысады. Екібастұз аймағындағы жастар саясатына қосқан үлесі үшін «Жас шебер» сыйлығымен марапатталса, 2020 жылы жастар арасындағы Ertis daryny облыстық сыйлығын «Кәсіпкерлік» санаты бойынша иеленді. Ғайсаның қылшылдап тұрған жас азамат екенін ескерсек, шаруашылықтың бағындырар белесі әлі алда деген сенімдеміз.
Павлодар облысы