Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынап жатқан елорданың «Барысы» өз айдынындағы ойындар сериясын жеңіспен түйіндеді. Екатеринбургтің «Автомобилисін» қабылдаған Андрей Скабелка шәкірттері 2:0 есебімен жеңіске жетті.
ҚХЛ-дің алғашқы сегіз турынан кейін «Шығыс» конференциясында көш бастап тұрған Екатеринбург командасы кешегі матчта «Барысқа» бармақ батыра алмады. Кездесудің бірінші кезеңі толықтай айдын иелерінің үстемдігімен өтті. Матчтың алтыншы минутында «Барыс» хоккейшілері сан басымдығын тиімді пайдаланып, алғашқы шайбасын соқты. Джереми Браккодан пас алған Энтони Луис мергендігімен көзге түсті.
«Барыстың» екінші голы да жанкүйерлерді көп күттірген жоқ. Бірінші кезеңнің аяқталуына бір жарым минут қалғанда Аркадий Шестаков кезекті бір қарымта шабуылды нәтижелі аяқтады – 2:0. Үзілістен кейін қонақтар белсенді ойын көрсеткенімен, «Барыс» қақпасына гол соға алмады. Үшінші кезеңде де табло өзгеріссіз қалды. Осылайша, «Барыс» қатарынан екінші ойында 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Жерлестеріміз келесі кездесуін 24 қыркүйек күні Череповецте «Северстальмен» өткізеді.