Ақтауда Әзербайжан футзалшыларымен жолдастық матч өткізген Қазақстан құрамасы екінші ойында да жеңіс туын желбіретті.
Алғашқы кездесуде 5:3 есебімен басым түскен біздің жігіттер араға бір күн салып бауырлас елдің өкілдерімен қайта жолықты. Бұл жолы да жергілікті «Халық Арена» спорт кешеніне жиналған жанкүйерлер голдар шоуының куәсі болды. Аса тартысты өткен кездесуде 11 гол соғылып, Рикардо Кака шәкірттері 6:5 нәтижесімен қарсыластарын тізе бүктірді.
Екінші матчта Қазақстан құрамасы сапынан Шыңғыс Есенаманов, Альберт Ақбалықов және Тайнан қос голдан соғып, дубльдің авторлары атанды. Екі ойынды да жеңіспен аяқтаған ұлттық құрама футзалшылары енді әлем чемпионатының негізгі іріктеу кезеңінің ойындарына дайындалады. Іріктеу бәсекелері 8 қазанда басталады.