Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасы турнирі аясындағы бесінші тур ойынын елордада Беларусь құрамасымен өткізеді. Екі ел құрамаларының арғы-бергі тарихына үңілер болсақ, бүгінге дейін Қазақстан мен Беларусь құрамалары ресми матчтарда бес мәрте кездесіп, өкінішке қарай, 4 рет жеңіліп, 1 мәрте тең түскен екенбіз. Ал бүгінгі алтыншы матчта жерлестеріміз тарихи жеңіске қол жеткізе ала ма?
Қазақстан мен Беларусь құрамаларының таныстығы 2009 жылы басталды. Сол жылы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде бір топта өнер көрсетіп, екі матчта да қарсыластар басым түсті. 1 сәуірде Астанада өткен кездесуде 1:5 есебі тіркелсе, қыркүйектегі қарымта ойында алаң иелері 4:0 есебімен жеңіске жетті. Кейіннен араға 11 жыл салып екі елдің футболшылары Ұлттар лигасы турнирінде қайта жолықты. Өкінішке қарай, бұл кездесулерде де Беларусь құрамасына шамамыз жетпеді. Алматыдағы бәсекеде 1:2 есебімен жол берсек, қарымта ойында 2:0 нәтижесімен жеңілдік.
Кеше екі елдің бас бапкерлері ойын алдындағы баспасөз мәслихатын өткізді. Беларусь құрамасының бас бапкері Георгий Кондратьев өз командасының жеңісіне сенімді.
«Шәкірттерім Қазақстанға жоғары дайындықпен келді. Біздің құрамада қазақстандық футболшыларды, Қазақстан біріншілігін жақсы білетін Эбонг, Юденко және Поляков секілді ойыншылар бар. Олар бүгінгі ойында маңызды рөл атқарады деп ойлаймын. Сербияда өткен екі құрама арасындағы соңғы ойында біз барлық көрсеткіш бойынша қазақтардан алда болдық. Соққы бағыттау, бұрыштамалар орындау, допқа иелік ету, барлық жағынан басым түстік. Бұл жолы да шабуылда ойнаймыз, біздің команданың жеңетіндей шамасы бар», дейді ол.
Ал Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Игорь Шацкий Беларусь құрамасын жеңіп, барлық мәселеге нүкте қоюға тырысамыз дейді. «Елордадағы оқу-жаттығу жиыны жоспарлы түрде жүріп жатыр. Оны жаттықтырушылар құрамы өте жақсы ойластырған. Жігіттердің дайындығы да, матчқа деген көңіл күйлері де өте жоғары. Беларусь құрамасын осы жолы жеңуге тырысамыз. Әрине, матчтың оңайға соқпайтыны белгілі, бірақ осы кездесуде барлық мәселеге нүкте қоюға ұмтыламыз», дейді қақпашы.
Айта кетейік, Беларусь пен Қазақстан құрамалары арасындағы алғашқы ойын Сербияда өтіп, кездесу 1:1 есебімен тең аяқталған болатын. Бірінші таймда Қазақстан құрамасы есепте алда болғанымен, кездесудің соңғы минуттарында гол өткізіп, жеңісті уысында сақтай алмады.