• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Қыркүйек, 2022

Қапал мешіті қалпына келмек

383 рет
көрсетілді

Кеңес кезеңінде бүлініп, тоқырау жылдарында қараусыз қалған Қапал мешітінің жай-күйін бұған дейін де жазғанбыз. Өңір журналистері де дабыл қағып, қасиетті нысанның қирағалы тұрғанын көтерген еді. Енді, міне, ел назарын аударған жағдай оң шешімін табатын болыпты. Мұны осы істің басы-қасында жүрген журналист Қажет Андас айтты. Алдағы уақытта рухани ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне қызмет ететін болады.

1865-1867 жылдары татар саудагері Ғалиәкпар Сейфул­мү­­ліков қажының жеке қаржы­сымен бой көтерген ғибадат үйі қайта жаңғыртылмақ. Ғалиәкпар қажының ұрпақтары Димаш ата­мыздың жеке дәрігері болған Ахат Мүліков, медицина саласын­да үлкен жетістіктерге жеткен Га­риф Әминұлы және кәсіпкер Тахир Гарифұлының рұқсатымен жаңғырту жұмысын кәсіпкер Сабыр Қадырұлы мен Ілияс Са­бырұлы жүргізетін болды. «Ал­дын ала болжам бойынша қайта жаңғырту жұмысына 100 млн теңгеден астам қаржы кетеді», дейді Сабыр Қадырұлы.

Қапал мешітін қайта жаң­ғыр­туға қатысты бастама кө­тер­ген бас­қосуға алыс-жа­қын­нан ел жүгін арқалап, ұрпақ бола­шағына үміт­пен қарайтын аза­маттар жи­налған.

«Қапал мешіті туралы ең алғаш жазба қалдырған Петр Семёнов-Тянь Шаньский Қапал өңі­рінің табиғаты туралы айта келіп, осында қоныстанған мұсыл­ман­дарға мешіт-медресе үйі керектігін жазады. Оның осы ойын Тәнеке батыр бастаған ел асылдары құптап, 1866 жылы Ғалиәкпар қажының ұйымдастыруымен 92 ел ағасы Қапалда бас қосып, генерал-губернатор Герасим Кол­паковскийге ұсыныс хат жолдайды. Бұл ұсынысты қолдаған генерал-губернатор Омбы қаласына барып, мешіт құрылысын жүр­гізуге қажетті құжаттарды реттеп, келесі жылы архитектор Никитин бастаған шеберлер құрылыс жұ­мысын қолға алады. Содан бергі бір жарым ғасырдағы аумалы-төкпелі оқиғалардың бәрін бас­тан өткерген мешіт бүлінсе де бүгінге жетті. Осы мешітті қайта жаңғыртамыз деп білек сыбанып кіріскен Сабыр Қадырұлы мен Ілияс Сабырұлының бес атасы да Меккеге барып, қажы атанған адамдар», деп тарихтан сыр тар­қатты өлкетанушы Жемісбек То­лымбеков.

Мешіттің іргетасы таудан жет­кізілген көгілдір кесек тас­тар­мен өріліп, қабырғасы қалып­та құйылған саз балшықпен қаланады. Ғибадат үйі 300 орын­ға арналған. Ұзақ жылдар ха­лық­қа үзіліссіз қызмет еткен мешіт 1918-1928 жылдары жабылып, мұнарасы қиратылады. 1991 жыл­ға дейін қойма, асхана, дүкен, тағы да басқа мақсатқа пайдаланылып, тә­уелсіздікпен бірге мешіт үйі бо­лып қайта ашылады. Бірақ кейін­нен түрлі себеппен қараусыз қалып, тозып, тоналды.

Ғалиәкпар қажының кіндігінен Ұлықпан, Сықтық, Хакім, Сұлтан атты 4 ұл тараған. Бүгінде өсіп-өнген әулетке айналып отыр. Ата­ларының қолының табы қалған тарихи нысанның қайтадан түлей­тініне қажы ұрпақтары да қуа­нышты.

«Аталарымыздың осынау өлкенің тарихын түлетуге қосқан үлесін қашанда мақтанышпен еске алып отырамын. Айталық, Ғалиәкпар қажы атамыз Шоқан Уәлихановтың Қашқар сапарында бірге болған көпестердің бірі. Мешіт құрылысы біткен соң 2 жылға Меккеге сапарға аттанады. Кейінгі кезде архив деректерінен атамыздың Меккеде қонақүй салып, қажылыққа барғандардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткені жайында деректер табылды. Кеңес Одағы орнап, қажылыққа баруға тыйым салынған соң мешіт жұмысы да тоқтады. Студент ке­зімде бұл нысан қойма болатын. Жазғы демалыста ауылға келіп, зат тасушы болып уақытша жұмыс істеуші едік. Бір жылдары Ғалиәкпар қажы балаларына арнап салған үйге жөндеу жұмысы барысында жертөледен мешіттің төбесіне орнатылған жарты айды тауып алдық. Оны әкеміз қызыл белсенділер лақтырып тастаған жерінен тауып, жасырып қойған екен. Тәуелсіздік келіп, мешіт қайта ашылғанда оны мешіттің төбесіне қайта орнаттық», дейді қажының ұрпағы Гариф Мүліков.

«Қазақстанның қасиетті жер­лерінің географиясы» жобасы бас­талғанда нысан өңірлік ма­ңызы бар нысандар тізіміне енгізілді. Сондай-ақ мешіт үйі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының балансында тұр. Ендігі кезекте «Нысан қайта жаң­ғыртудан өткеннен кейін қандай мақсаттағы құрылысқа айналады?» деген сұраққа жұрттың көңілі ауғаны анық.

Бұл жайлы ауыл ақсақалы, «Матай-Бөрібай» қорының төр­ағасы Берікбол Қасымов: «Қор бас­тамасымен ауданымызда бір­қатар игі жұмыс атқарылуда. Ал­дағы уа­қытта Қызылорда об­лы­сындағы Төлегетай баба ке­шенін жөндеу жұмысына қол­дау көрсетпекпіз. Міне, меценат Сабыр Қадырұлы отбасының қолдауымен тағы бір тарихи іс өз жүлгесін тапқанын көрдіңіздер. Жетісу өңірінде діни бағыттағы музей бар дегенді есті­медім. Осы нысан сол бағыт­та жұмыс істесе деген ойым бар», дейді Б.Қа­сымов.

Ал Ақсу ауданы әкімінің орын­басары Ғазиз Есжановтың айтуын­ша, қазір бұл нысанды медресе ретінде ашу, тарихи ны­санға айналдыру, тағы да басқа ұсыныстар түсіп жатыр. Алдағы уақытта аудан әкімдігі, жергілікті тұрғындар, Ғалиәкпар қажының ұрпақтары және меценаттармен бірлесе отырып, бір шешімін шы­ғарады.

Көпшілік бұл бастаманы Әді­летті Қазақстанды құру жолын­да­ғы игілікті істің бірі деп қабыл­да­ғаны анық.