Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялап, кезектен тыс президенттік сайлауды 20 қарашаға белгіледі. Бүгін Президент сайлауына үміткерлерді ұсыну басталады.
Үміткерлер 11 қазан сағат 18.00-ге дейін тіркеле алады. Ел тарихындағы саяси маңызды оқиға мемлекет дамуының жаңа дәуірін қалыптастырады деген сенім мол.
Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Сондай-ақ шет мемлекеттер, халықаралық ұйымдар байқаушыларының, шетелдік БАҚ өкілдерінің қызметін ұйымдастыру, сайлауға дайындық кезеңінде сайлау комиссияларының мүшелерін және сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқытуды ұйымдастыру туралы шаралар қабылданды.
Отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Әбдіров Президент сайлауы ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси оқиға екенін атап өтті. «Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын тағайындаумен сайлау циклі басталады, ол саяси жүйені жаңғыртуға негізделген және маусым референдумында азаматтардың көпшілігі қолдаған конституциялық реформаның логикасына толық сәйкес келеді», деді Н.Әбдіров.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, президенттiкке кандидаттарды ұсыну құқығы «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 55-бабы 1-тармағына сәйкес белгiленген тәртiппен тiркелген республикалық қоғамдық бiрлестiктерге тиесілі.
Ұсыну туралы шешім республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғарғы органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Кандидаттардың Конституцияда және «Сайлау туралы» Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкестiгi Орталық сайлау комиссиясы республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органы отырысының кандидатты ұсыну туралы хаттамасына сай кандидаттың дауысқа түсуге келiсiм беруi туралы өтiнiшiмен және сайлау жарнасын төлегенін куәландыратын құжатпен бірге ұсынылған кезден бастап бес күн iшiнде анықталады. Көпшілікті сайлау жарнасының мөлшері қызықтырмай қоймайтыны белгілі. Жарна құны – 3 миллион теңге. Сайлау жарнасы кандидатқа егер ол лауазымға сайланса немесе кемінде 5 пайыз дауыс алса, қайтарылатынын атап өткен жөн. Кандидаттарға қойылатын талаптар: Қазақстан Республикасының азаматы болуы; Қазақстан аумағында соңғы 15 жыл бойы тұруы; жоғары білімінің болуы; жасы 40-қа толған болуы; белсенді сайлау құқығының болуы; мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы; мемлекеттік тілді еркін меңгеруі.
– Президенттікке кандидаттарды қолдау үшін облыстар, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың кем дегенде 2/3 атынан теңдей өкілдік ететін сайлаушылар санының кем дегенде 1 пайызының қолын жинау қажет. Қол қою парақтарын беру кандидаттың Конституция мен Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігін анықтағаннан кейін 5 күннің ішінде жүргізіледі. Әр кандидатты қолдау үшін 118 273 сайлаушының қолы жиналуы тиіс, – деді Константин Петров.
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттар сайлауға дейінгі үгіт-насихат жұмысын 21 қазанда бастайды. Аталған іс-шара 28 күнге созылады. Үгіт жүргізу 18 қараша күні сағат 18:00-де тоқтатылады. 19 қараша – сайлау алдындағы тыныштық күні. 20 қараша дауыс беру күні, яғни сайлау. 21 қарашадан 27 қарашаға дейін сайлаудың алдын ала қорытындысын шығару жүргізіледі. 27 қараша нәтижелерді белгілеу және сайланған президентті тіркеу жүзеге аспақ.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафинаның мәліметінше, сайлау науқанына шамамен 20,5 млрд теңге жұмсалады деп күтілуде. «Сайлау комиссиясының 70 мыңнан астам мүшесінің еңбекақысы ең төменгі жалақы критерийіне сай төленеді. 2019 жылы Президент сайлауы ұйымдастырылғанда ең төменгі жалақы 42 500 теңге болды. Биыл елімізде ең төменгі жалақы 60 мың теңгеге көтерілді. Бүгінде біз Қаржы министрлігіне сайлау науқанына арналған шығыстарды шамамен есептеп, сметасын ұсындық. Қазір бұл мәселе талқыланып жатыр. Сайлау науқанына 20,5 млрд теңге көлемінде қаржы қажет деп отырмыз. Сондай-ақ сайлау жәшіктерін сатып алуға қаржы сұрадық», деді ол. Белгілі болғандай, биыл жаңадан құрылған үш облыста (Абай, Жетісу, Ұлытау) сайлау учаскелері ашылмақ.
Сәбила Мұстафина президент сайлауына дайындық кезеңінде сайлау комиссияларының мүшелері мен сайлау үдерісінің басқа да қатысушыларын оқыту шеңберінде ОСК бірқатар онлайн және оффлайн іс-шаралар, оның ішінде Орталық сайлау комиссиясының интернет сайтының платформасында іске асырылатын қашықтан оқыту және тестілеу өткізілетінін хабарлады. Электораттық оқытуды жүргізу кезінде төмен тұрған сайлау органдарының жоғары тұрған сайлау органдарының оқытуды жүргізуін көздейтін каскадты әдіс қолданылмақ. Комиссия базасында президенттікке кандидаттардың сайлау алдындағы науқанының ұйымдастыру-рәсімдік мәселелері бойынша сайлау алдындағы штабтар мен сенім білдірген адамдар үшін оқыту семинар-кеңестері өткізіледі. Сайлаушыларға ақпараттық, түсіндіру және жұмылдыру сипатындағы жұмыс үшін роликтер, сондай-ақ дауыс беру күні сайлауды ұйымдастырушылардың жұмысы туралы оқу фильмін дайындау жоспарлануда.
Айтпақшы, сайлау бюллетеньдерінде «Барлығына қарсымын» графасы болады. Яғни сайлаушылар барлық кандидатқа қарсы дауыс бере алады. «Барлығына қарсымын» графасы заңмен қарастырылған. Егер азамат бірде-бір кандидатты таңдамаса, ол барлығына қарсы дауыс беруге құқылы», деді Константин Петров.
Алдағы сайлауда жеңіске жеткен кандидат елді жеті жыл басқармақ және ол ең жоғары лауазымды қызметті бір-ақ мерзім атқарады, қайта сайлана алмайды.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман шет мемлекеттер, халықаралық ұйымдар байқаушыларының, шетелдік БАҚ өкілдерінің қызметін ұйымдастыру туралы баяндады. Ол өз сөзінде Қазақстан көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде халықаралық байқау институтын ашу жөніндегі халықаралық міндеттемелерін үнемі орындап жатқанын атап өтті. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Орталық сайлау комиссиясымен Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша аккредиттеледі. Байқаушылар Қазақстан заңнамасын немесе халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған нормаларын бұзған жағдайда, тиісті сайлау комиссиясы Орталық сайлау комиссиясына шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның байқаушысын аккредиттеуді кері қайтарып алу туралы ұсыныс енгізуге құқылы. Аккредиттеуді өткізу дауыс беру күніне бес күн қалғанда, яғни 2022 жылғы 14 қарашада елорда уақыты бойынша 18.00-де аяқталады.
Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров саяси маңызды оқиға бұған дейін өткізілген референдумның заңды жалғасы екенін атап өтті. Ендігі жерде саяси жүйе түбегейлі өзгеріп, мемлекеттік органдардың бағыты жаңарады деген сенім басым.
Сарапшылардың айтуынша, президентті 7 жылға ғана сайлау жөніндегі шешімнің көптеген оң тұсы бар. Мәселен, президенттіктен үміткер өзінің бір мерзімге ғана сайланатынын біледі, осы аралықта ол өз жұмысын көрсетіп, еліміздегі жағдайды жақсы жаққа өзгертуге тырысатыны түсінікті. Сәйкесінше, 20 қарашада болатын президент сайлауына түсетін әр үміткерге зор жауапкершілік артылып отыр.