• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Сұхбат 27 Қыркүйек, 2022

Заманауи кітапхана

3409 рет
көрсетілді

Мынау зымыраған заманда кітапхана оқырманға кітап ұс­татып, кітап қабылдап қана отыра­тын орын емес. Бағы­ты да, мақсаты да өзгерген. Алдыңғы жыл­дары Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев та жа­лақы­ларын көтеруді тапсырып, кітапхана қыз­меткерлеріне тың серпін берген. Содан бері бұл салада не өзгерді, не істелді деген оймен облыстық А.Пушкин атындағы кітапхананың дирек­­торы Бибігүл Жам­был­қызымен әңгіме­лескенбіз.

– Көріп жүрміз, кітапханалар­дың іші заманауи техникалармен қамтылған, жөндеу жұмыстары жүр­гізілген, түрлі үйірмелер жұ­мыс істеп тұр. Естияр баладан еңкей­ген қарияға дейін кітапханаға көп келеді. Біз байқай бермейтін шы­ғар­мыз, қазіргі кітапхананың бұ­рын­ғы кітапханалардан тағы қан­дай айырмашылығы бар?

– Өткен ғасырда кітапхананы «кі­тап ғибадатханасы» деп атайтын. Өйткені кітапханалар тек кітап, газет-журнал сынды басылымдарды сақтау, оларды оқырманға уақытша пайдалануға ұсыну орталығы ғана болды. Жазушылардың шығармалары қатаң цензурадан өтіп, баспадан жарыққа шыққан соң кітапханаларға жоспар бойынша түсіп тұрды. Сол кездегі кітапхана жалғыз ғана ақпарат орны болатын. Білімді кітаптан, ақпа­ратты газет-журналдардан алатынбыз. 1975 жылдардан бастап теле­дидар пайда болды. Ал 2000 жыл­дары интернет шықты. Бүгін біз ке­рек­ті ақпаратқа, ән-күйге, фильм­дерге үйде отырып-ақ қол жеткізе аламыз. Соның бәрі айналып келгенде кітапхана үшін бәсекелестік ортаны қалыптастырады. Сондықтан біз­дің де жұмысымызды өзгертуге тура келді. Мысалы, кез келген азамат интернеттен қызықтырған ақпаратын өзі таңдап алады, ешкімнен рұқсат сұрамайды. Біз де 2011 жылдан бері кітапхананың оқу залдарындағы кітап қорын ашып қойдық. Яғни оқырман өзі сөрелерге барып, қалаған кітап, газет-журналдарды қарап, керегін таңдап алады. Сол кезде қолға алған RFID технология негізінде әр кітап магниттік чиппен қамтылған, кез келген кітапхана пайдаланушысы электронды оқырман билетімен кіріп, үйге оқуға алған кітаптарын кітапхана­дағы арнайы терминал арқылы өзі тір­кеп, соңынан өзі қайтарады. Әрине, қажет болса, кітапханашы көмегіне жүгінеді.

Сонымен қатар заманауи кітапха­наның ұтымдылығы – уақытты тиім­ді пайдалану. Мысалы, бүгінгі қо­ғам теледидарды, интернетті шай ішіп оты­рып-ақ пайдаланады. Сон­дық­тан біз де кітапхананың кез кел­ген нүктесінде интернетке тегін қол­же­тімділікті қамтамасыз еттік. Оқыр­ман кітапхананың компьютерлерінен немесе өзінің ноутбугінен интернет­ті қолдана алады. Керек материалдарды цифрлық нұсқаға аударып алу үшін сканер де бар. Жазған шы­ғармасын басып алғысы келсе, кітапхана принтерін пайдалана алады. Ең бастысы, оқырман кітапханадан өзіне керекті ақпаратты ғана дөп түсіп тауып алады. Интернеттің иіріміне түсіп кетпейді.

– Менің білуімше, кітапхана кітап таратып, оқырманды ақпа­ратпен қамтып қана отырмайды. Ша­ңы­рақтарыңызда бірнеше үйір­ме бар.

– Иә, бәріне тоқталып жатпай-ақ қояйын, мысалы жастар үшін қазір шет тілі ауадай қажет. Осы жағдай­ды ескеріп, кітапхана қабырғасында ақысыз орыс, ағылшын, неміс, француз тілдерінде сөйлеу клубтары ұйым­дастырылған. Оларға шетелдерден келген мамандар мен Америка, Европада оқыған жерлес студенттерді тартамыз. Бірігіп ұйымдастырыл­ған түрлі кездесулерге, тақырыптық бағдарламаларға оқушылар, студенттер, жалпы, кез келген тұрғын тегін қатыса алады.

Осы тұста айта кетейін, цифрлы Қазақстанда мемлекеттік қызметтің 80-90 пайызы онлайн беріледі. Оларды біз egov.kz электронды үкімет порталы арқылы ала аламыз. Шындығында, халықтың көбі электронды үкімет порталын қолдана алмайды. Былтыр онлайн санақ жүргізілгенде қанша­ма тұрғын қайда барып, не істерін білмеді. Мұндай жағдайда тұрғындар кітапханаға келіп көмек сұрай алады. Ол үшін бізде Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысына көмек беретін орындар бар. Мұнда мамандар электронды үкімет порталын пайдалануға көмектеседі, тегін арнайы кеңес, оқулар ұйымдастырады.

Орайы келгенде қоса кетейін, жастарға бейнемонтаж, фотошоп, бағдарламалау, роботтехника, 3D-мо­дельдеу, графикалық дизайн, комикс салу сынды үйірмелер ақысыз жұмыс істейді.

– Заманның дамуына қарай ертеңгі күні кітапханалар қоғамға қажеттілігін жоғалтып алмай ма? Осы жөнінде өз ойыңызды айтсаңыз.

– Кітап оқылмайды деген қоғам­дық пікір бар. Бірақ оны нақты зерттеген ешкім жоқ. Жасыратыны жоқ, кітапханаға келмей-ақ электронды кітапханадан таңдаған шығарманы жүктеп алып оқи беруге болады. Дегенмен кітапханаға келіп жүрген оқырмандарды сақтап қалу үшін және оқырманды көбірек тарту үшін кітап қорын дамытып, жаңартып отыруға тырысамыз. Ол үшін кітап баспаларымен үнемі байланыста боламыз. Әлемдік әдеби байқауларды да қадағалаймыз. Жалпы, кітап қорын толықтыру үшін облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып отырады. Биыл 21 млн теңге бөлінді. Ол қаржыға алынған кітаптар біз­дің және облысымыздағы аудандық, ауылдық кітапханаларға таратылады.

2021 жылдан бері кітапхана­мыз­дың тәжірибесіне «Өнегелі сұх­бат» бағдарламасы енгізіліп, ақын-жазушылардан интервью аламыз. Оны әлеуметтік желіде оқырманға ұсы­намыз.

– Үлкен жұмыстар атқарып жат­қандарыңызды оқырман қа­уым көріп, біліп отыр. Ал биыл Ба­ла­лар жылы аясында қандай жұ­мыс­тар атқарылды?

– Біздің кітапханада балалар мен жас­өспірімдерге арналған Білім орта­­лығы алаңы жасалған. Жыл са­йын «Оқу көшбасшысы», «Оқы және жеңіске жет!» атты облыстық оқыр­мандар сайыстары өтеді, сонымен бір­ге «Әдеби шығарма желісімен салын­ған ең үздік сурет», әдеби челлендж сияқты көптеген іс-шара өтеді. Жас кітапхана мамандары «Шам түбіндегі ертегі» бейнежобасын қолға алды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ин­клюзивті қоғам мәселесі төңірегінде тап­сырма бергені белгілі. Бұл ба­ғытта сіздердің тараптан қандай жобалар қолға алынды?

– Біздің кітапхана мүмкіндігі шектеулі адамдардың бос уақытын ұйымдастыруға ғана емес, олардың жұмысқа орналасуына да көмектеседі. Қазіргі уақытта кітапханада ерекше адамдар санатынан 3 штаттық жә­не Жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша 4 штаттан тыс қызметкер жұмыс атқарып жүр.

– Әңгімеңізге мың да бір рахмет. Оқырмандарыңыз көп болсын!

 

Әңгімелескен

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

ӨСКЕМЕН