• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Теннис 29 Қыркүйек, 2022

Astana Open ATP 500: Бұл қай турнир?

264 рет
көрсетілді

Биыл 30 жылдығын атап өтіп жатқан Қазақстан теннис федерациясы жыл басынан бері бірқатар толайым табысқа қол жеткізіп отыр. Атап айтар болсақ, Қазақстанның ерлер, әйелдер және жасөспірімдер құрамасы ел тарихында тұңғыш рет әлем чемпионаттарының финалдық кезеңіне жолдама алса, шілде айында әйелдер арасындағы Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина да тарихи нәтижеге қол жеткізіп, «Үлкен дулыға» санатындағы «Уимблдон» турнирінде топ жарды. Енді, міне, ел астанасында бұрын-соңды болмаған халықаралық ATP 500 теннис турнирі өткелі тұр.

Алдағы сенбі күні Астанадағы «Ұлттық теннис орталығында» Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы (ATP) ұйымдастыратын ATP 500 санатындағы жылдың ең соңғы турнирі – Astana Open бәсекесінің жалауы желбірейді. Негізі теннисшілердің бұл додасы жоспар бойынша Қытайда өтуге тиіс еді. Алайда ATP биыл Қытай жерінде өтетін барлық турнирді кері қайтарып алды. Сөйтіп, 2004 жылдан бері Бейжіңде өткізіліп келген жарыс биылдан бастап Қазақстан астанасына көшірілді. Осылайша, бұған дейін елордада екі рет өткен ATP 250 жарысының мәртебесі жоғарылап, ATP 500 турниріне айналды.

Астанадағы турнирдің маңыздылығына тоқталмай тұрып, алдымен түсінікті болу үшін ATP 250 мен ATP 500 жарысының айырмашылығы қандай, Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы (ATP) жылына қанша теннис турнирін ұйымдастырады, бұлардан бөлек тағы қандай жарыстар бар, теннисшілер өздері қатысатын турнирді қалай таңдайды деген сияқты оқырмандарды қызықтыратын сұрақтарға аз-кем жауап бере кетейік.

Жалпы, Кәсіпқой теннисшілер қауымдас­тығының күнтізбесіне сай, жылына әртүрлі санаттағы 800-ге жуық теннис турнирі өтеді. Соның ішінде ATP араласатын ең негізгі турнирлерге тоқталар болсақ, қауымдастық бір жыл бедерінде үздік теннисшілер бақ сынайтын «Үлкен дулыға» санатындағы ең ірі төрт жарыс­тың (Аустралия ашық чемпионаты, Фран­ция ашық чемпионаты, «Уимблдон», АҚШ ашық чемпионаты), ATP Master 1000 (9 турнир), ATP 500 (13 турнир) және ATP 250 (40 тур­нир) бәсекелерінің өткізілуіне тікелей атса­лысады.

ATP осы жарыстардың дәрежесіне қарай рейтингтік ұпайларды да белгілейді. Айталық, «Үлкен дулыға» санатындағы барлық жа­рыстың жеңімпазына 2000 ұпай берілсе, кейінгі деңгейдегі турнирлерде бәсеке атауына байланысты ұпайларды үлестіреді. Мәселен, ATP Master 1000 турнирінде топ жарғандар 1000 рейтингтік ұпайды қоржынына салса, ATP 500-де үздік шыққан теннисші 500 ұпай­ға ие болады. ATP 250 додасында да дәл солай. Жеңімпаз спортшы өз рейтингіне 250 ұпай қосады.

Турнирдің қаржылай сыйақысы да жарыс­тың деңгейіне қарай белгіленеді. «Үлкен дулыға» санатындағы биылғы жарыстардың жалпы жүлде қоры – 35-71 миллион АҚШ доллары аралығында болды. ATP Master 1000 жарыстарына қатысқан теннисшілерге 6 және 10 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржылай сыйақы үлестірілді. ATP 500 санатындағы турнирлердің жүлде қоры 1,5-4 миллион АҚШ доллары аралығында болады. Ресми деректерде Astana Open ATP 500 турнирінің жүлде қоры 3,728,045 АҚШ долларын құрайды делініп отыр. ATP 250 ұйымдастырушылары 1 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржылай сыйақы тағайындайды.

Міне, осы жайттардан кейін-ақ қай турнирдің бәсі жоғары екенін, теннисшілер көбіне қай жарысты таңдайтынын аңғаруға болады. ATP рейтингінің алғашқы жүздігінде тұрған теннисшілер міндетті түрде «Үлкен дулыға», ATP Master 1000, ATP 500 сана­тындағы турнирлерге қатысуға тырысады. Себебі аталған жарыстарда рейтингтегі ұпай санын да, қаржылық жағдайын да жақ­сартып алуға толық мүмкіндік бар. Мәселен, қазірдің өзінде елордадағы Astana Open ATP 500 турниріне жуырда ғана АҚШ ашық біріншілігінде топ жарған, қазіргі таңда ерлер арасындағы әлемдік рейтингте бірінші орында тұрған испаниялық Карлос Алькарас, сондай-ақ әр жылдары «Үлкен дулыға» турнирлерінде бас жүлдені жеңіп, ATP рейтингінде көш бастаған сербиялық Новак Джокович, ресейлік Даниил Медведев, хорватиялық Марин Чилич, Олимпиада чемпиондары – швейцариялық Станислас Вавринка (Бейжің, (2008) және британиялық Энди Маррей (Лондон (2012), Рио (2016) сынды теннисшілер қатысатындарын мәлімдеді. Сонымен қатар рейтингтегі ТОП-10 спорт­шының бесеуі, ТОП-20 қатарындағы тағы бес теннисшінің елордаға келетіні белгілі болды.

Жұптық сында да «Үлкен дулыға» додасы­ның бірнеше чемпионы ойнайды. Жанкүйер­лер дүниежүзілік рейтингте көш бастаған Джо Солсбери (1 АТР), Раджив Рам (2 АТР), Нил Скупски (3 АТР), Весли Колхоф (4 АТР), Жан-Жюльен Ройер (5 АТР), Марсело Аревало

(6 АТР), хорватиялықтар – Никола Мек­тич/Мате Па­вич, қолумбиялықтар Роберт Фарах/Хуан Себастьян Кабаль мен тағы басқа теннис­шілердің өнерін тамашалай алады.

Өз жерімізде өтетін халықаралық додада қазақстандық теннисшілерден еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик негізгі кезеңде ойнаса, рейтингте төмен тұрған­дықтан, ұлттық құраманың беделді мүшесі Михаил Кукушкин уайлд кард (арнайы ша­қырту) арқылы қатысады. Сондай-ақ Денис Евсеев, Бейбіт Жұқаев, Григорий Ломакин, Дмитрий Попко Қазақстан чемпионаты барысында Astana Open додасының іріктеу сайыс­тарына жолдама алу үшін барын салады. Ал жұптық сында Андрей Голубев пен Александр Недовесов өнер көрсетеді.

Жалпы, Astana Open ATP 500 турнирі – Қазақстанда өткелі тұрған ATP санатындағы ең ірі турнирдің бірі болса, Сары құрлық айма­ғындағы үшінші жарыс саналады. Азиядағы ATP 500 сериясы бойынша осыған дейінгі ірі жарыс Дубайда (Dubai Tennis Championships) өтсе, енді Astana Open додасымен бір мезгілде Rakuten Japan Open Tennis Championship турнирі де ұйымдастырылады.