Өткен аптада Жапонияның астанасы Токиода дүние жүзінің туристік компаниялары бас қосқан дәстүрлі Tourism EXPO Japan халықаралық көрмесі өтті. Оған әлемнің 136 елінен келген 1 400-ге жуық экспонат, 200 мыңнан аса турист қатысты. Олардың қатарында Қазақстанның да делегациясы бар.
Кейінгі жылдары Қазақстанның туризмі Жапония үшін перспективалы және мақсатты нарықтың біріне айналып келеді. Бұған Қазақстанның елге келетін Жапония туристеріне визасыз режім орнатылғаны себеп болып отыр. Халық саны жағынан әлемде 11-орынға ие Жапонияның (126 млн) 16-18 млн азаматы жыл сайын шетелге саяхаттайды екен. Сондай-ақ олар басқа шетелдің туристеріне қарағанда саяхаттарында орташа есеппен 2-3 есе көп қаржы жұмсайды. Жапония сыртқы туризмін дамыту жылдамдығы бойынша әлемде 15-орын, халықаралық туризмге жұмсалған шығындар бойынша 4-орын алады.
Жапонияның Қазақстанға қарағанда аумағы әлдеқайда кіші және ел ішінде тау көп болғандықтан, оларды Қазақстанның кең даласы, өзен мен көлі, тұмса табиғаты қызықтырады. Саяхат кезінде жапондар еліміздің әр аймағындағы көрікті жерлер бейнеленген кәдесыйларды сатып алуды жөн көреді екен.
Сонымен қатар кейінгі жылдары Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан секілді Орталық Азия елдерінің туризм саласын ілгерілету бойынша ылғи қолдау көрсетіп келеді.
Өңірлік туризмді ілгерілету жөніндегі бастамалардың бірі ретінде JICA Токиодағы Tourism Expo Japan 2022 көрмесінде жоғарыдағы бес мемлекеттің таныстырылымын бір стенд аясына біріктіріп, ақысыз негізде ұйымдастырып берді. Халықаралық көрмеде Қазақстан делегациясы келушілерге ұлттық тағамдарымыз бен мәдениетімізді таныстырды.
«Біз үшін Орталық Азия елдерімен бірлескен стендке қатысу үлкен тәжірибе. Дегенмен, әр ел өз ерекшелігін көрсету арқылы, өз елінің туризмін таныстырды. Қуанарлығы, Қазақстанның стенді туристер ең көп келген нысандардың біріне айналды. Қазақстанға деген қызығушылықтың жоғары болуына байланысты, елімізді таныстыруға барған туроператорлардың бос уақыты мүлдем болған жоқ. Жапонияның шығыс бағытында жұмыс істейтін туркомпанияларымен үнемі келіссөз жүргізіп отырды», дейді Kazakh Tourism Ұлттық компаниясының төрағасы Талғат Аманбаев.
Қазақстандық туроператорлардың осы бір айтулы көрмеге қатысуы еліміздің туристік әлеуетін ғана емес, салт-дәстүрін, мәдениетін тануды арттыруға, шетелдік аудиторияны Әділетті Қазақстанмен таныстыруға мүмкіндік берді.